Accessibility links

Тоқаев "Росатомның" АЭС салуы жөнінде: уранды талан-таражға салуға болмайды


Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын салып беретін ресейлік "Росатомның" көрмесі.
Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын салып беретін ресейлік "Росатомның" көрмесі.

26 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңес отырысында атом станциясы құрылысы мәселесіне тағы да тоқталды. Ол ресейлік "Росатоммен" келіссөз кезінде ұтылмауды тапсырды.

"Тиісті агенттік, жалпы, үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе” деді Қазақстан президенті жұма күні ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңес кезінде.

Ол екінші және үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беру қажеттігін атап өтті.

"Қытай төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі" деді Тоқаев.

Президент сонымен бірге Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Жоспарлауға ғылым академиясы, облыс әкімдігі және ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн деді ол.

“Сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты” деді мемлекет басшысы

8 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында да Тоқаев екінші және үшінші атом электр станциясы құрылыс жобаларын бастауды тездетуді тапсырған еді.

Қазақстанның азаматтық қоғамы арасында АЭС-ке қатысты күдік-күмән мен сұрақтар көп. Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды. Ал Қазақстан билігі "саяси тәуелділікті" жоққа шығарады.

Бұған дейін атом энергетикасының ішкі ахуалынан хабардар ресейлік ядролық физика маманы Азаттық Азияға берген сұхбатында "Росатомды" таңдаған жағдайда Қазақстан кездесуі мүмкін қиындықтарды айтқан еді.

Құрылыс жобасы Ресей халықаралық санкцияға ұшырап, ұзақмерзімді міндеттемелерін орындау әлеуеті әлсіреген тұста айтылып отыр. Биыл шілдеде Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясын салу алаңында жалақы кешіккенін айтқан жұмысшылар ереуіл бастаған. "Росатом" жалақының кешігуіне "дос емес елдердің әрекеті" түрткі болды деді.

XS
SM
MD
LG