Accessibility links

Апелляциялық сот АЭС орнына қатысты үкіметті сотқа берген белсендінің шағымын қанағаттандырмады


Әлнұр Ілияшев
Әлнұр Ілияшев

25 қыркүйекте Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 30 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берген белсенді Әлнұр Ілияшевтің шағымы бойынша апелляциялық сот өтті. Бұл жөнінде "Гиперборей" арнасы хабарлады.

Астана соты бірінші инстанциядағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Шілде айында сот АЭС-ті Балқаш маңына салу туралы үкімет қаулысын жарамсыз деп тануды талап еткен Ілияшевтің өтінішін қанағаттандырмай тастаған еді.

Бейсенбі күнгі онлайн сот отырысы кезінде Әлнұр Ілияшев 1975 жылы болған қайғылы оқиғаны еске салды. 50 жыл бұрын ақпанда Ресейдің Астрахан облысында орналасқан Капустин Яр полигонынан жіберілген ракета “қателесіп” Қазақстанның Атырау қаласындағы жеке үйлердің біріне түсіп, соның салдарынан 8 адам қаза болған. Полигон мен Атырау арасы шамамен 200 шақырым болса, ал АЭС салынайын деп отырған Үлкен ауылы мен Сарышаған полигоны арасы одан 10 есе кем.

Белсенді сотта қарапайым ракетаның өзі солай жасап отырған кезде Сарышағанда сыналатын құрлықаралық ракетамен не болатынын елестетудің өзі қорқынышты деді.

Сотта жауапкер жақ – “Қазақстандық атом электр станциялары” АҚ өкілі “әзірге атом станциясын салатын аудан ғана бекітілгенін және станция салынбас бұрын тиісті зерттеулер жүргізілетінін” алға тартты. Сондықтан ол белсендінің шағымын қанағаттандырмауды өтінген. Ол белсенді келтірген Капустин Яр кейсінің іске тіке қатысы жоғын жеткізді.

Ал Ілияшев тамызда Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының ресми түрде ашылуы болғанын, оған Росатом өкілдері қатысып, ұңғыма жұмыстары жүргізілгенін де еске салды.

Ал сот алдыңғы сот шешімін күшінде қалдырды.

"Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы қаулыға былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған. Бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданы ресми түрде бекітілген. Бұған дейін Қазақстанда алғашқы атом станциясын ресейлік “Росатом” салатыны белгілі болған.

Тамыз басында Алматы облысында станция құрылысы ресми түрде басталған. Орталық Азиядағы алғашқы АЭС-ті Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы салмақ. 8 тамыз күні облыстағы Үлкен ауылында Қазақстан атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатомның" бас директоры Алексей Лихачев салтанатты батырманы басып, нысанға капсула салды.

Құрылыс Ресей халықаралық санкцияға ұшырап, ұзақмерзімді міндеттемелерін орындау әлеуеті әлсіреген тұста жүрмек. Биыл шілдеде Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясын салу алаңында жалақы кешіккенін айтқан жұмысшылар ереуіл бастаған. "Росатом" жалақының кешігуіне "дос емес елдердің әрекеті" түрткі болды деді.

Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық CNNC компаниясы соқпақ. Байқаушылардың айтуынша, екінші және үшін станция құрылысы тезірек аяқталып, жалпы құны "Росатом" станциясынан арзанға шығуы ықтимал. Сәтқалиевтің сөзінше, "Росатом" жобасын жүзеге асыруға шамамен 14-15 млрд доллар жұмсалмақ.

Қазақстанның азаматтық қоғамы арасында АЭС-ке қатысты күдік-күмән мен сұрақтар көп. Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды. Ал Қазақстан билігі "саяси тәуелділікті" жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG