Accessibility links

Трамп және Орталық Азия басшылары. Сарапшылар саммиттен не күтеді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Суретті Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жариялады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Суретті Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жариялады.

АҚШ қазба байлығы мол Орталық Азияның минералды ресурстарына көз тігіп отыр. Сол себепті 6 қараша күні Вашингтонда өтетін "Орталық Азия және АҚШ" саммитінде осы сирек металдар мәселесі талқыға түсуі мүмкін. Ресей мен Қытайдың ортасында қалған аймақ басшылары үшін бұл саммит көпвекторлы саясат арқылы тепе-теңдік ұстау мүмкіндігін ұсынады.

2013 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы жаңа мемлекет "ойлап тапты". Сыртқы істер қызметінің басшысы ретіндегі алғашқы мәлімдемесінде ол Қазақстан мен Қырғызстан атауларын біріктіріп жіберіп, "Қырзахстан" деген елді атады. Баспасөз құралдары бұл жаңылысуды ұзақ уақыт еске салып жүрді.

Бірақ арада екі жыл өткенде Керри Орталық Азиядағы барлық бес мемлекетке сапарлап, Вашингтон мен Орталық Азия арасындағы диалогтың жаңа форматын бастады. Биыл 2015 жылы басталған "C5+1" платформасына 10 жыл толып отыр.

Алғашқы жылдары "C5+1" сыртқы істер министрлері деңгейінде өтті: бұл кездесулер жиі ұйымдастырылып, онда әріптестік мәселесі талқыланды.

Ал мемлекет басшылары деңгейіндегі саммит алғаш рет 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен. Ол жиында Джо Байден әкімшілігі постсоветтік елдердің тәуелсіздігін қолдауға басымдық берді. Ресей Украинаға басып, арты созылмалы соғысқа айналған тұста АҚШ егемендіктің, аймақ елдері бірлігінің және сыртқы экономикалық қарым-қатынасты әртараптандырудың маңызын атап өтті.

Сарапшылардың болжауынша, "Орталық Азия – АҚШ" форматындағы екінші саммит жекелеген сауда мәселелеріне арналмақ. Мұның бір себебі, төрт жыл үзілістен кейін Ақ үйге оралған Дональд Трамп "America first" яғни "Ең әуелі Америка" саясатын ұстанып отыр.

– Байденнің тұсында басты міндеттердің бірі Орталық Азия бірлігін қолдау болды. Вашингтон аймақ елдері бірлесе қимылдап, Ресей мен Қытайдың қысымына төтеп бере алғанын қалады. АҚШ аймақтың жұмылуына, экономикалық және саяси байланыстарының берік бола түсуіне және лидерлері арасындағы тұрақты диалогқа басымдық берді. Ал енді Трамп тұсында формат басқаша – прагматикалық сипатта және материалдық пайда тұрғысынан өтетін секілді, – дейді АҚШ-тағы Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Эрика Марат. – АҚШ өзге елдермен қарым-қатынасындағыдай, Америка Құрама Штаттарына пайда әкелетін мүмкіндіктерді қарастырады.

"C5+1" саммитінің өтетіні қазанның аяғында белгілі болды. Трамп Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларын Вашингтонға шақырды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауап хат жолдап, Трампқа "ризашылығын білдірді". АҚШ баж салығын арттырған елдер ішінде Орталық Азия елдерінен Қазақстан ғана бар. Вашингтон Қазақстаннан баратын тауарларға 27 пайыздық мөлшерлеме енгізді, қалған төрт ел үшін мөлшерлеме – 10 пайыз.

Қыркүйекте Орталық Азия басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін түгел Нью-Йоркке барған. Бірақ мемлекет басшыларының басқосуы өтпеді. Аймақ лидерлері ішінен тек Шавкат Мирзияев қана Трамппен жеке кездесті. Сол кездесуде Өзбекстан президенті Трампты Самарқанға шақырды. АҚШ президенті "ойланып көретінін" айтып, бір айдан соң өзі бес ел басшысын АҚШ-қа шақырды.

КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ – СИРЕК МЕТАЛДАР

Қазан айында Пекин АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы аясында сирек металл экспортына шектеу қойып, Вашингтонның қазба байлығы мол Орталық Азияға қызығушылығы арта түсті. Дауланып отырған 17 элемент смартфоннан бастап ұшақ өндірісіне дейінгі озық технологиялы өнімдерде қолданылады.

– Бұл жағдайда Вашингтон Орталық Азияны стратегиялық ресурстардың балама көзі ретінде қарастырады. Сол себепті маңызды стратегиялық металдарға қол жеткізу және Қытайдың аймақтағы ықпалына тежеу күн тәртібінде маңызды орын алуы ықтимал, – дейді тәжікстандық саясаттанушы Мұхаммад Шамсуддинов.

Саммит алдындағы АҚШ шенеуніктерінің аймаққа сапары бұл пікірді қуаттағандай. АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы уәкілі Серджио Гор мен мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау Өзбекстан мен Қазақстанға сапарлаған. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сапардың мақсаты "сауда және маңызды стратегиялық минералды ресурстар мен энергетикаға инвестиция құю, сондай-ақ "С5+1" форматындағы аймақтық әріптестік мәселелерін талқылау" деді.

Өзбекстан президенті мен АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы уәкілі Серджио Гор.
Өзбекстан президенті мен АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы уәкілі Серджио Гор.

Биыл сәуірде Самарқанда өткен "Орталық Азия және Еуропа одағы" саммитінде де осы сирек минералдар мәселесі сөз болған. Соның алдында ғана Астана Орталық Қазақстанда 20 млн тонна ресурсы бар сирек металл кенін ашқанын мәлімдеген. Бірақ бұл қордың табылғаны растала қоймады. Расталған жағдайда Қазақстан сирек минералдар бойынша Қытай мен Бразилиядан кейінгі үшінші орынға жайғасады.

Алайда Орталық Азияда сирек минералдарды өндіру болашағы бұлыңғыр. Америкалық Atlantic Council сараптама орталығының жазуынша, тасымал шығыны, экспортқа шығару инфрақұрылымының жоқтығы және аймақтың инвестициялық тартымдылығы төмен болғаны бұл бағытты дамытуға кедергі болуы мүмкін.

Қазақстан мен АҚШ теміржол локомотивтері жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Нью-Йорк, 22 қыркүйек 2025 жыл.
Қазақстан мен АҚШ теміржол локомотивтері жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Нью-Йорк, 22 қыркүйек 2025 жыл.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ МҮДДЕСІ ҚАНДАЙ?

Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының негізін қалаушы Әлішер Илхамовтың айтуынша, әлем елдері Орталық Азияны біртұтас аймақ деп қарастырып отырғаны – оң белгі.

– Егер аймақ елдері халықаралық статусын сақтап, оны жақсартқысы келсе, олар Орталық Азия аясындағы интеграция жұмыстарын жалғастыра беруі керек, – дейді ол. – Батыспен қарым-қатынасы арқылы аймақ елдері көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып, Мәскеу мен Пекиннің ашық сателлитіне айналмауға мүмкіндік алады. Мұндай саясат әрине Мәскеудің килігуіне әкелуі мүмкін. Мұны қазір де байқап отырмыз.

Вашингтонда саммит өтетіні белгілі бола сала, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батысты Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды Ресейден бөліп алғысы келеді деп айыптады. Мәскеу бұған қарсы тұрады деді ол.

Осыдан бір ай бұрын ғана Душанбеде "Орталық Азия және Ресей" саммиті өткен. Онда Ресей президенті Владимир Путин Кремль үшін аймақтың стратегиялық маңызы бар екенін айтып, Мәскеу Орталық Азияның басты одақтасы әрі қауіпсіздік кепілдігі деп сендіргісі келді. Алайда бұл саммитте Ресей мен Орталық Азия елдері арасында ірі инвестициялық келісімдер жасалмады. Соғыс жағдайында экономикасы тұралап қалған Ресей аймақтағы ірі жобаларға қаржы құюға дайын емес, бірақ Мәскеу әлі де оңтүстік көршілерін өз ықпалындағы аймақ санайды.

Ал Орталық Азия елдері болса, Ресей, Қытай және Батыс мүдделері арасында тепе-теңдік ұстауға тырысып бағады. Бұл тұрғыда Қазақстанға оңай соқпауы мүмкін. Өйткені Вашингтондағы саммиттен кейін Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барады. Оның Путинмен кездесуі 12 қарашаға белгіленген.

"Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді" деді Тоқаев Душанбедегі саммит аясында Путинмен кездесіп.

Осы кездесуден кейін Тоқаев пен Путин екі рет телефон арқылы сөйлескен. Ресми ақпарат көздері тараптар алдағы сапардың "жекелеген аспектілерін" талқылады деп хабарлады. Жыл басынан бері Қазақстан мен Ресей басшылары жалпы алғанда тоғыз мәрте телефон арқылы сөйлесті.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛА МА?

Саммит қарсаңында штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Human Rights Watch ұйымы мәлімдеме жасап, Орталық Азияда репрессия, БАҚ пен билік сыншыларына қысым күшейгенін айтқан. АҚШ мемлекеттік департаментінің есебіне сүйенген HRW аймақтан азаптау, азаматтық белсенділер мен оппозиция қайраткерлерін жосықсыз ұстау туралы сенімді хабарлар түсіп жатыр; сөз еркіндігі қатты шектелген, журналистер қызметі үшін қудаланып отыр, жемқорлық кең тараған деді.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон алдағы саммит қатысушыларын адам құқығы мәселесіне назар аударуға үндеді.

Сарапшылар бұл үндеудің еленуі екіталай дейді.

– Біздің аймақтағы адам құқығы мәселесінде Трамп әкімшілігінің ұстанымы әлсірегенін атап өтер едім, – дейді Әлішер Илхамов. – Алдыңғы президенттің тұсында-ақ бұл мәселе кейінгі орынға ығыстырылған, ал қазір бұл тренд күшейе түсті. Егер Трамп әкімшілігі Ресей агрессиясымен күрескен Украинаға ауқымды көмек көрсетуді жандандырса, бұған көнуге болатын еді. Өйткені бұл соғыстың нәтижесі ғаламдық деңгейде, сондай-ақ Орталық Азиядағы саяси климатқа, соның ішінде адам құқығы мәселесіне әсер етеді.

Эрика Мараттың айтуынша, адам құқығы тұрмақ, демократия, климаттың өзгеруі секілді мәселелер де күн тәртібінде болмайды.

– Байденнің тұсында Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік және энергияның балама көздері мәселелері талқыланған. Ал қазір нақты экономикалық және ресурстық мүдделерге басымдық берілетін көрінеді, – дейді сарапшы. – Украинадағы соғысқа келер болсақ, егжей-тегжейлі талқының болуы екіталай. Алайда Трамп Ресейдің санкцияларды Орталық Азия елдері арқылы айналып өтіп отырғанын қозғап, бұл бағытта қысым көрсетеді. Әсіресе энергетика, әскери және стратегиялық технологиялар мәселесін назарға алады.

Ақ үй аймақ басшыларын Вашингтонға шақырардың алдында ғана америкалық конгресс мүшелері Трампты биыл "С5+1" саммитін өткізуге үндеген. Республикашыл Патрик Хейзенга (мырза) мен демократ Сидни Кай Камлагер-Дав (ханым) президентке хат жазып, "С5+1" платформасының 10 жылдығы АҚШ пен Орталық Азия әріптестігін тереңдетуге, АҚШ-тың "аймақтағы стратегиялық мүдделерін" жүзеге асыруға жол ашады деген. Конгресс өкілдері адам құқығы мәселесін тікелей қозғаған жоқ. Дей тұрғанмен, олар АҚШ қаржыландыратын хабар тарату ұйымдарында жұмыс істейтін журналистердің аккредитация мәселесін сөз етті.

Бүгінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ және Тәжік қызметінде жұмыс істейтін тілшілер сол елдің құзырлы органдарынан аккредитация ала алмай отыр. Қазақстанда аккредитация мәселесі сот тартысына ұласып, онда сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосын заңды бұзды деп айыптады, ал журналистердің адвокаттары бұл уәж орынсыз деп мәлімдеді. Халықаралық ұйымдар Астана мен Душанбеге бірнеше қайтара үндеу жолдап, Азаттық журналистеріне кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.

XS
SM
MD
LG