Accessibility links

Трамп Қазақстанмен 4 млрд долларлық келісім жасалғанын мәлімдеді


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанмен теміржолға арналған құралдарды сатып алу бойынша 4 млрд долларға келісім жасалғанын мәлімдеді. Трамп бұл туралы Truth Social желісінде жазды.

"Дәл қазір Қазақстанның аса қадірменді президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен тамаша әңгімені аяқтадым. Олар теміржол құралдарын сатып алу бойынша тарихтағы ірі келісімге қол қойды. Америкалық локомотивтер мен теміржол құралдарына 4 млрд доллар. Біз көп жылдар бойы "жалған экологтардың" шабуылына ұшырап келген теміржол саламызды қолдауымыз керек. Президент Тоқаевты осы ірі келісіммен құттықтаймын. Бұл ел және бүкіл әлем біздің сенімді әрі әдемі теміржолдарымыздың арқасында салынды. Енді олар тез арада оралады" деп жазды Трамп.

Ақорда АҚШ-пен теміржол саласындағы келісім жайлы әзірге хабарлаған жоқ.

21 қыркүйекте Қазақстан президенті Тоқаев Нью-Йоркте АҚШ президенті Трамппен сөйлескен еді.

"Трамп экономика және сауда салаларындағы ықпалдастықты кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ президенттер халықаралық ахуалға қатысты өзекті мәселелерді талқылады" деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан президенті АҚШ-та Трамптың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және америкалық компаниялардың өкілдерімен де кездесті.

Тоқаев ертең, 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысады.

XS
SM
MD
LG