Accessibility links

Путиннің Душанбеге сапары. "Орталық Азия – Ресей" саммитінен не күтуге болады?


Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде. 9 қазан 2025 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде. 9 қазан 2025 жыл.

9-10 қазан күндері Душанбеде ТМД басшыларының отырысы және "Орталық Азия – Ресей" саммиті өтеді. Біріншісі әдеттегі жиын болғандықтан, байқаушылардың назары екінші шараға түсіп отыр. Бұл саммиттен не күтуге болады? Украинадағы соғыстан экономикасы әлсіреп қалған Ресей геосаяси бәсеке күшейген аймаққа не ұсына алады?

Украинаға басып кіргені үшін санкциялық қысымға және халықаралық оқшаулауға ұшыраған Кремль қолдау білдіретін әріптес елдерге мұқтаж. Бұл тұрғыда Мәскеуге Орталық Азияның маңызы зор. Аймақ елдері Ресей үшін Батыс санкцияларын айналып өтуде өтпелі дәліз қызметін атқарып келген. Бірақ кейінгі жылдары Орталық Азияда дипломатиялық бәсеке күшейіп отыр.

Осы тұста Ресей президенті Владимир Путин қос саммит өтетін Душанбеге мемлекеттік сапармен барып отыр. Делегация құрамында күштік құрылым, экономикалық мекемелер және гуманитарлық сала басшылары бар.

ӨЗГЕРГЕН АХУАЛ

"Орталық Азия – Ресей" форматындағы алғашқы саммит 2022 жылғы қазанда Астана қаласында өткен. Ол кезде Ресей әлі санкциялық қысымға төтеп беріп, ел экономикасы өсіп отырған. Бірақ соғыстың төртінші жылында экономиканың өсуі едәуір баяулап, қаржыгерлер стагнация туралы айта бастады. Кремль үшін соғыс жүргізудің құны артып отыр.

– Ресей майданда ауыр шығынға ұшырап отыр, ал украин дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасауы ел ішінде жанармай тұрақсыздығына әкелді. Осы тұста экономикалық қысым үдей бастады: салық артты, бюджет табысы азайды, ел наразылығы күшейді. Мұның бәрі Ресейдің сенімді әрі тұрақты әріптес ретіндегі беделін түсірді. Бұл Орталық Азияда қатты байқалады, – дейді Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence зерттеу ұйымының негізін қалаушы Әлішер Илхамов.

Ресей Қазақстанда үш жылу электр станциясын салмақ болған. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы станциялардың жалпы құны 6 млрд долларға бағаланған. Бірақ Мәскеу қаржы тапшылығына байланысты бұл жобалардан бас тартты. Астана бұл нысандарды Мәскеудің қатысуынсыз іске асыратынын мәлімдеді.

Ресей экономикасының стагнациясы (биыл сәуірде экономиканың өсуі 2,5 пайыз болады деп болжанған, бірақ қазір өсім 1 пайыз ғана болады деп күтіліп отыр) еңбек мигранттарына ауыр тию мүмкін. Олар өз елдеріне бұрынғы деңгейде ақша жібере алмай қалады. Бүгінде Ресейде Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен келген миллиондаған адам жұмыс істеп жүр. Олар әдетте тапқан табысын өз еліне жібереді.

Астанадағы саммиттен кейінгі үш жылда Ресейдегі еңбек мигранттарының жағдайы едәуір нашарлады. Бұл Мәскеу мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынаста қолайсыздық тудырып отыр.

– Аймақ елдері Украинадағы соғыстың бенефициары бола түсті: олардың Ресейге экспорты артты. Бірақ кейінгі кезде тараптар арасында шиеленіс күшейді. Бұл шиеленіс Ресейдегі өзбек және тәжік еңбек мигранттарының жағдайы нашарлағаннан туды, – дейді Илхамов.

Ресей ішкі саясаты Орталық Азия мигранттарының ізіне түсті. Оларға жоғары жалақы, азаматтық ұсынып майданға арбап, мыңдаған мигрант бөтен соғыстан бір-ақ шықты. Соғысқа тартылғандардың кейбірі құзырлы органдар қысымымен барғанын айтқан.

Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін Ресейде мигранттарға қарсы рейдтер күшейді. Теракт ұйымдастырды деген күдікке тәжік азаматтары ілініп, Ресейде ксенофобиялық көңіл-күй өршіді, ал кремльшіл пропаганда оған дем берді. Сөйтіп Ресей мектептері мыңдаған мигрант баласын оқуға алмай қойды, ал Мәскеу саясаткерлері еңбек мигранттарына әйел, бала-шағасын әкелуге тыйым салуды ұсынды.

Ресей әуежайындағы еңбек мигранттары
Ресей әуежайындағы еңбек мигранттары

Сондай-ақ Ресейде мигранттардың жағдайын ауырлататын заңдар мен өзге де нормативтік актілер әзірлеп жатыр. Соның кейінгісі мигранттарға еліне ресми табысынан көп ақша жіберуге тыйым салады.

– Мигранттар өте әлсіз топтардың біріне айналды. Ресей мемлекеті өзінің әлеуметтік бақылау әдістерін солар арқылы сынап отыр, – дейді Берлиндегі Карнеги орталығының зерттеушісі Темур Умаров. – Кейінірек бұл тәжірибенің ауқымын ұлғайтып, халықтың қалған бөлігіне қолдануы мүмкін. Оның үстіне Ресей ішіндегі кей саяси күштер қатаң миграциялық саясат арқылы ұпай жинап отыр. Бұл саясатты қоғамды жұмылдыру, "жау" бейнесін жасау және ұлттық болмысты күшейту мақсатында қолданады. Осы жерде қайшылық бар: миграциялық саясат Ресейдің аймақтағы стратегиялық мүддесіне кері әсер етіп отыр, бірақ бұл саясатпен сыртқы саясатқа қатысы жоқ мекемелер айналысып келеді.

Умаровтың айтуынша, аймақ басшыларының бірі жұқалап Ресейдегі миграциялық саясатқа наразылық білдіріп қалуы да мүмкін, бірақ ащы сөз айтылуы екіталай.

ДУШАНБЕДЕГІ КЕЗДЕСУДІҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?

Астанадағы 2022 жылғы саммитте бүкіл назарды өзіне Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон аудартқан. Ол Ресейге қарата айтқан сөзінде Орталық Азияға тәкаппар көзбен қарауға болмайтынын мәлімдеген. Жұрттың бәрі оның осы сөзін талқылап, саммит тақырыбы көлеңкеде қалып қойды.

Қазір мұндай мәлімдеме жасалуы мүмкін бе? Сарапшылар екіталай дейді, бірақ толықтай жоққа шығармайды.

Темур Умаровтың сөзінше, Мәскеу көбіне Өзбекстан мен Қазақстанға көңіл бөліп отыр. Бұл екі мемлекет – аймақтағы экономикасы ең дамыған, инвестициялық әлеуеті жоғары елдер. Кремль экономикасы әлсіз саналатын немесе саяси жүйесі ерекше Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдеріне үлкен басымдық беріп отырған жоқ дейді сарапшы.

– Сол себепте форматта қандай да бір өзгеріс болады деп ойламаймын. Бәлкім бұл Рахмонның наразылығын одан әрі күшейтіп жіберер. Оның тағы да сын сөзін айтып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын, – дейді Умаров.

Бірақ душанбелік Мұхаммад Шамсуддинов Тәжікстан қонақ қабылдаушы тарап болған соң, протоколды ұстанады дейді.

– Қанша дегенмен Рахмон қабылдаушы тарап болып тұр, ол дипломатиялық протокол тұрғысынан қонақжайлық танытады. Бірақ мұндай мәлімдемені Өзбекстан президенті секілді өзге лидер айтып қалуы мүмкін, бірақ ондай жағдай бола қоймас, – дейді сарапшы.

Душанбе қос саммитке қатты дайындалды: көшелер бұғатталып, базарлар мен сауда орталықтары жабылды. Сарапшылар болса, "Орталық Азия – Ресей" форматындағы екінші саммит аймаққа не береді деген сұрақты талқылап жатыр.

Шамсуддинов саммит аймаққа анау айтқандай пайда келтірмейтінін, геосаясаттағы бетбұрысқа әкелмейтінін айтады. Саммиттердің форматы көбіне символикалық мәнге ие, оны шешім қабылдау құралы ретінде қарау қисынға келмейді дейді ол.

Шамсуддиновтің сөзінше, аймақтағы маңызды мәселелер көбіне Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның (оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан кіреді, Армения мүшелігін тоқтатып қойды), Еуразиялық экономикалық одақтың жиындарында немесе екіжақты кездесуде шешіледі.

– ТМД көбіне дипломатиялық риторика платформасы ретінде қызмет етіп жүргеніне бірталай уақыт болды. Басшылар ортақ тарихты, "халықтар достығын", орыс тілінің орнын және Екінші дүниежүзілік соғыс туралы ортақ жадты атап өту үшін кездеседі. Мұндай жиындарда нақты шешімдер, елеулі нәтижелер болғаны сирек, – дейді Шамсуиддинов.

Душанбе саммитте терроризм, экстремизм және есірткіні айналымына қарсы шараларды үйлестіру шаралары, сондай-ақ өзге де трансұлттық қауіптер талқыланатынын айтты.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров талқы кезінде сауда-экономикалық қарым-қатынасқа басымдық берілетінін мәлімдеген.

Душанбедегі жиын "Орталық Азия – Қытай" және "Орталық Азия – Еуропа одағы" саммиттерінен кейін өтпек. Біріншісі маусым айында Астанада өткен. Оған Қытай президенті Си Цзиньпин қатысты. Қорытынды декларацияда қатысушылар Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасына жоғары баға беріп, бастаманы ұлттық стратегияларымен үйлестіруге дайындығын білдірген.

Осы бастама аясында іске қосылған "Орта дәлізге" Украинадағы соғыс басталғалы сұраныс артты. Қытайды Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға жалғайтын бұл дәліз тасымалды Ресейге қарсы санкцияларға ілінбей жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қырғызстанда Өзбекстан мен Түркіменстан арқылы өтетін темір жол құрылысы басталды. Іске асса, бұл бағыт балама тасымал жолына айналмақ.

Астанадағы саммитте Си Цзиньпин Орталық Азиядағы даму жобаларына 208 млн доллар шамасында қаражат бөлуге уәде берді.

Сәуірде Самарқанд қаласында өткен "Орталық Азия – Еуропа одағы" саммитінде Батыс аймақтағы сирек қазба байлықтарына қызығушылығы барын білдірді. Еуроодақ "Ғаламдық қақпа" (Global Gateway) стратегиясын ұсынып, аймақпен сауданы арттыруға; көлік, стратегиялық шикізат, цифрлық байланыс, су ресурстары және энергетика саласындағы әріптестікті ұлғайтуға мүдделі екенін мәлімдеді. Брюссель аймаққа жалпы құны 13,2 млрд доллардан асатын инвестиция құюға дайын екенін айтты.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдайда Ресей аймаққа бұдан асып инвестиция салуға қауқарсыз. Кейінгі уақытта Орталық Азия Қытай, Түркия, Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасын тереңдетіп жатыр. Мұны көріп отырған Ресей аймақтағы ықпалын сақтап қалғысы келеді, бірақ бұрынғыдай күшпен емес, инерциямен әрекет етіп жатыр дейді сарапшылар.

– Путиннің сапарындағы мақсаттардың бірі – Мәскеудің Орталық Азиямен қарым-қатынасындағы шиеленісті бәсеңдету. Аймаққа инвестиция құю және сауда мәселелері бойынша қандай да бір уәделер, белгілер беріледі. Бірақ екі жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазір Ресейдің бұған деген мүмкіндігі едәуір шектеулі, – дейді Илхамов.

XS
SM
MD
LG