АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, президент Дональд Трамптың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Серхио Гор мен мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау 26-30 қазанда Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Олар екі ел президенттерімен кездесіп, бірқатар экономикалық және қауіпсіздік мәселелерін талқылайды.
«АҚШ Орталық Азиядағы әріптестерімізбен байланыстарды нығайту және сауда байланыстарын кеңейту үшін жұмыс істеуді жалғастыра береді. Біз ынтымақтастығымызды кеңейтуді және АҚШ-Орталық Азия қатынастарының 10 жылдығын C5+1 дипломатиялық платформасы аясында атап өтуді асыға күтеміз» деп жазылған ресми хабарламада.
Өткен айдың соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нью-Йоркте Серхио Гормен кездесті.
АҚШ үкіметі аймақтағы бес елмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту үшін C5+1 платформасын 2015 жылы құрған.
Серхио Гор – АҚШ әкімшілігіндегі ең ықпалды, бірақ жұртқа көп танылмаған лауазымды тұлғалардың бірі. Ол 1986 жылы Ташкентте дүниеге келген. Осы жазда OCCRP және Times of Malta басылымдары Дональд Трамп әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеунік Серхио Гордың 1986 жылы Ташкентте дүниеге келгенін және оның шын есімі Сергей Гороховский екенін анықтаған. Гордың адвокаты Роберт Гарсон бұған дейін журналистерге оның Ташкентте туғанын растаған.
Серхио Гордың туған жері әрдайым белгісіз болып келген – оның өзі де ол жөнінде сұрақтарға ықылассыз жауап берген. 2024 жылы желтоқсанда The Washington Post басылымы Горды Трамп әкімшілігіндегі "ықпалды әрі елеусіз сәулетші" деп атаған, бірақ оның қайда туғанын нақты айта алмаған.
OCCRP зерттеуіне қарағанда, Гор бала кезде отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Оның анасының Израиль азаматтығы болған – 1994 жылы Мальтада компаниясын тіркеген. Сол арқылы жылжымайтын мүлікке ие болған. Кейін үй ұлына өтті.
АҚШ-та Серхио Гор тамаша карьераға қол жеткізді. Ол сенатор-республикашыл Рэнд Полмен жұмыс істеп, кейін Трамптың айналасындағы адамдардың қатарына кірді.