Accessibility links

Қазақстан Қытайдың цензура құралын қолдана ма?


Қытайлық Geedge Networks жекеменшік компаниясының қолға түскен 100 мың құжатымен танысқан зерттеушілер Қазақстан Қытайдың атышулы цензура құралын сатып алған елдердің бірі деп мәлімдеді. InterSec Lab зерттеушілерінің айтуынша, Қазақстан үкіметі азаматтардың интернеттегі әрекетін бақылайтын, ұнамсыз нәрсені бұғаттайтын және интернетті толық өшіріп тастауға мүмкіндік беретін цензура технологиясын сатып алған. Астана мұны жоққа шығарды.

Қытай – интернеттегі цензурасы ең қатаң елдің бірі. Елдің материктегі бөлігіне барсаңыз, билікке жақпайтын түрлі ақпарат жарияланатын және бақылау қиын не үкіметпен келісімге келмеген Google, YouTube, Facebook, Instagram, Telegram мен Signal сияқты танымал сайттар мен мессенджерлерге кіре алмайсыз.

Қытай оларды бұғаттау үшін Great firewall, яғни "Ұлы файервол" деп аталатын технология қолданады. Бұл құрал билікке елде интернет қолданатын әр адам не іздегенін бақылауға мүмкіндік береді, онысы цензурадан өтпесе, құзырлы орган бұғаттап тастайды. Кімнің не іздегенін билік осы құрал арқылы біліп отырады. Жиналған деректер билікке жақпайтын адамға қарсы қолданылуы да мүмкін. "Ұлы файервол" нақты бір сөзі бар ақпаратты бұғаттап тастай алады. Бөгетті айналып өтетін VPN құралдарын танып қояды да, жолын кеседі. Билік жақтырмайтын сайттардың жұмысын әдейі баяулата алады.

Қытай кәсіпкерлері бұл цензура технологиясы интернетті бақылауында ұстағысы келетін авторитар елдерге тартымды тауар да бола алатынын түсінген сияқты.

Өзін цифрлық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық лаборатория деп атайтын InterSec Lab ұйымы 9 қыркүйекте қытайлық компаниядан Пекиннің цензура құралына ұқсайтын технологияны сатып алған елдің бірі – Қазақстан деп хабарлады.

Цензура құралын сатып алған алғашқы ел

Зерттеушілер Geedge Networks атты қытайлық жекеменшік компанияның 100 мыңға жуық құпия құжатын қолға түсірген. The Internet Coup, яғни "Интернеттегі төңкеріс" деп аталатын құжатты Great Firewall Export бастамасы аясында құқық қорғаушылар мен журналистер тобы әзірлеген. Олар жеке компанияға тиесілі мыңдаған ішкі құжатты зерттеп-зерделеп, Қытай өз цензура технологиясын әлем елдеріне қалай таратып жатқанын әшкерелеген.

Қытайлық Geedge Networks компаниясының құпия құжаттарында Қазақстан "K18" және "K24" деген код атауларымен белгіленген. "Қытайлық компанияның цензура құралын алғаш сатып алған ел – Қазақстан" дейді авторлар.

Geedge Networks компаниясы 2018 жылы құрылған, ал араға жыл салып, 2019 жылы Қазақстан үкіметімен келісім жасасқаны айтылады. Яғни, Қытайдың цензура құралына ұқсайтын технологиялар алғаш Қытайдың өз аумағында емес, Қазақстанда қолданыла бастаған. Ал Қытайдың өзінде Geedge жобаларды тек 2022 жылы іске қосқан. Кейін Шыңжаң, Фуцзянь, Цзянсу аймақтарында пилоттық "өңірлік файерволдар" орнатылған. Осылайша, Қазақстан Пекиннің жаңа экспорттық технологиясының сынақ алаңына айналған.

Есеп авторлары Қазақстан билігінің мұндай жобаны жүзеге асыруға заңнамалық әрі техникалық мүмкіндігі дайын болғанын айтады. 2011 жылы қабылданған "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заң мемлекетке терроризм қаупі немесе жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында байланыс желілерін тоқтатуға құқық берді. Кейін 2017 жылы қаулы шығарып, елдегі интернет инфрақұрылымына мемлекет монополиясын бекітті. "Барлық халықаралық байланыс бір ғана арнаға – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі басқаратын ұлттық интернет-шлюзге шоғырландырылды да, желіні бақылау толығымен арнайы қызметтердің қолына берілді", – дейді зерттеушілер.

2019 жылы Қазақстан үкіметі қоғамда дауға қалған қауіпсіздік сертификаты дегенді енгізе бастады. Билік оны хакер шабуылы мен зиян контенттен қорғауға қажет нәрсе деп сипаттап, азаматтарды құрылғысына сол сертификатты орнатып алуға үндеп жатты. Мамандардың сөзінше, жоспар жүзеге асса, мемлекеттік органдар азаматтардың интернеттегі жеке хаттарын да, құпиясөздерін де біліп алар еді. Сертификат орнату талабына Google, Mozilla, Apple және басқа да ірі компаниялар қарсы болып, қазақстандық сертификатты бұғаттап тастады. Сөйтіп Қазақстан үкіметінің ол жоспары жүзеге аспай қалды.

Дәл сол кезде Geedge Networks атты қытайлық компания пайда болды. InterSec Lab зерттеушілерінің жазуынша, Қазақстан мен қытайлық компанияның серіктестігі 2019 жылға қарай басталған. Сертификатты мәжбүрлеп орнату сияқты қарадүрсін тәсіл жүзеге аспаған соң Қазақстан билігі Қытайдың анағұрлым жасырын әрі күрделі шешіміне қызығушылық танытқан болуы мүмкін.

Қазақстан Қытайдың цензура құралын сатып алған ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:25 0:00

Зерттеу авторлары қытай тарабымен байланыс Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент болып сайланған кезеңде басталғанына назар аударады. Тоқаев еңбек жолын Қытайда, Совет одағының Пекиндегі елшілігінде дипломат ретінде бастаған еді деп еске алады олар.

2020 жылдың 16 қазанына қарай Geedge жүйесі Қазақстанда кемінде бір ұлттық трафикті өңдеу орталығында және 17 қалада іске қосылған. Құпия құжаттарда желіні дамыту жоспары бар: 2020 жылдың қыркүйегінен басталатын журналда 2022 жылдың қазанына дейінгі кезеңде жобаның оқиғалары тіркелген. Онда күндер, жаңарту нұсқалары, енгізілген өзгерістер мен жауапты инженерлер көрсетілген. Бұл деректер қытайлық цензура жүйесінің ел бойынша кезең-кезеңімен енгізілгенін айғақтайды дейді зерттеушілер.

Құрал-жабдық блоктары Қытайдан тікелей жеткізілген. 2024 жылдың 25 қыркүйегі мен 21 қазанында Қазақстанға Geedge техникасының екі партиясы жөнелтілген. Жүкті Астанада тіркелген "TJJ-Company" атты компания қабылдаған, олардың мамандары, қазір ашылмайтын сайтмұрағатындағы мәліметке сәйкес, "Қазақстан киберқалқаны" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысқан.

Қытайлық Geedge компаниясымен серіктес болған "TJJ-Company" Қазақстанда тендерлерге де қатысады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, бұл компания 2023 және 2024 жылы Мемлекеттік техникалық қызмет компаниясынан жиыны 35 млн теңге болатын екі тендер жеңіп алған. Мемлекеттік техникалық қызмет компаниясы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комиеттіне қарайды.

Зерттеушілер "әшкере болған құжаттар Қазақстандағы интернет-бақылау жүйесі Ресей емес, Қытайдан алынғанын көрсетеді" дейді. Бұл жүйе Geedge арқылы жеткізілген. Авторлар ресейлік бақылау жүйесіне қарағанда Қытайдың цензура технологиясы әлдеқайда ауқымды мәліметтерді сүзгіден өткізіп, үздіксіз жаппай бақылау жүргізуге бейімделгенін жазған.

"Geedge компаниясының алғашқы клиенті ретінде Қазақстан компанияның бастапқы бизнес-моделін айқындап береді. Елдегі заңнамалық орта Geedge үшін қолайлы нарық қалыптастырған. Сонымен бірге, осы жүйені пайдалану Тоқаев үкіметіне саяси реформа жүргізіп жатқандай кейіп танытуға мүмкіндік беріп, бірақ іс жүзінде халық пен оппозицияны бұрын-соңды болмаған деңгейде бақылауға жол ашты. Тоқаевтың "еститін мемлекет" тұжырымдамасы Geedge технологиясы арқылы қорқынышты сипат алды: мемлекет енді бүкіл елдің желілік және мобильді байланысын толық тыңдай алатын жағдайға жетті", – деп жазылған зерттеуде.

Қытайлық Geedge компаниясы цензура технологиясын қолдану бойынша нұсқаулықты қазақша емес, орысша жазып берген. "Олар бұл өнімді басқа да ТМД елдеріне ұсынғысы келген болуы мүмкін" дейді авторлар.

Азаттық радиосы Қазақстан Қытай компаниясынан қуатты цензура құралын сатып алды деген осы ақпаратқа қатысты құзырлы министрлік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады. 19 қыркүйекте Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігі Азаттыққа: "Берілген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Министрлік сондай-ақ "Ұлы Қытай файрволын" сатып алу туралы ақпаратты да шындыққа жанаспайды деп есептейді" деген қысқа жауап жолдады. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті сауалымыздың мазмұны бойынша ешқандай пікір білдірмей, құзырлы министрлік пен өзіне қарасты "Мемлекеттік техникалық қызмет" компаниясына жүгінуді ұсынған.

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымы Қазақстанды көп жылдан бері "Интернеті еркін емес" ел қатарында атап келеді. Ұйым есебінде Қазақстанда журналистер, саяси белсенділер мен өзге де интернет қолданушылар ішкі цензураға жиі тап болады деп жазған. 2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін елде онлайн талқылаулар күшейіп, адамдар әлеуметтік желілерде белсенді бола бастағанымен, журналистер үкіметтің репрессивті шарасына тап болмас үшін ішкі цензураға жол береді дейді сарапшылар. Цифрлық құқықты зерттеп жүрген Дана Маликова бұл үдеріс 2019 жылдан бері күшейгенін айтты.

Қытайлық технологияның жұмысы

Қытайдың цензура технологиясы дегеніміз – бірнеше құрал біріккен әмбебап жүйе. Онда орталық сүзгілеу торабы, талдау платформасы, мониторинг құралы, желіні басқару жүйесі сияқты функцияларды атқаратын модульдер жұмыс істейді. Бұл жүйе провайдерлер инфрақұрылымына енгізіліп, елдегі интернет-трафикті толық бақылауға мүмкіндік береді.

Мәселен, оның желідегі трафиктің барлығын зерттеп, әлдебір деректі қағып алу, шифрын ашу және өзгерту мүмкіндігі бар. Бұл механизм арқылы билік өкілдері шифрланбаған хат-хабарларды оқып, әлдебір сайтта адам не іздегенін бақылай алады.

Оған қоса мобильді интернет қолданушылардың қайда отырғанын ұялы байланыс деректері арқылы анықтай алады. Билік нақты бір телефонның қай жерде екенін және оның желідегі белсенділігін көруге мүмкіндік алады. Кез келген интернет-ресурсты не сервисті шектеуге мүмкіндік береді. Нақты URL, домен не қосымшаны нысанаға ала алады. Әсіресе, цензураны айналып өтетін құралдар – VPN, Tor, прокси-серверлерді анықтап алады.

Белгілі бір аумақтағы трафикті жинақтап, визуализациялайды. Мысалы, оператор әлдебір ауданда не жаппай наразылық өткен жердегі адамдардың интернет белсенділігін бақылайды. Адамның интернеттегі белсенділігі күмәнді көрінсе, соны да белгілеп береді. Тыйым салынған сайтқа кіргісі келгендерді анықтай алады. Жүйе белсенділік журналын жүргізіп, тіпті сайтқа тыйым салынғанға дейін және кейін оған кім кіргенін көрсете алады. Әр интернет қолданушыға оның онлайн белсенділігіне қарай арнайы рейтинг береді. Мұндай "сенімділік индексі" арқылы билік "сенімсіз" деп саналатын азаматтарды сұрыптай алады.

Трафикті ұстап алу арқылы құрылғыларға жасырын түрде "ауру жұқтырады". Билік көздеген әлдебір адам белгілі бір сайтқа кіргенде оның құрылғысына зиянды код енгізіледі. Осылайша, мысалы, журналистердің немесе белсенділердің компьютерлері мен телефондарына зиянды код жұқтырып, ары қарай да оны құрылғы бойынша аңдуға мүмкіндік туады.

Бұдан бөлек, қытайлық компанияның технологиясы арқылы интернетті толық өшіру мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар қытайлық компанияның технологиясы ел билігіне интернетті толықтай өшіруге мүмкіндік береді. Әшкере болған құжаттарда Geedge компаниясының технологиялары Эфиопияда интернетті сөндіру үшін қолданылғаны көрсетілген. Зерттеу авторлары Эфиопиямен жасалған келісімді Тыграйдағы қақтығыс пен одан кейінгі наразылықтар кезінде қолданылған Geedge жүйесінің мысалы ретінде келтіреді. Ұқсас жобалар Пәкістанда және Мьянмада да тіркелген: ол жақта әскери билік төңкерістен кейін халықты бақылауды күшейтіп, тек 2024 жылдың өзінде интернетті 76 рет ажыратқан. Қазақстанда интернет кейінгі жолы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде өшірілді. Алайда бұл кезде Geedge компаниясының жабдығы қолданылған-қолданылмағаны белгісіз.

Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңы маңында тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңы маңында тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар, 2022 жыл.

Белгілі бір сайттар жұмысын әдейі баяулатады, яғни троттлинг жасайды. Билік осы технология арқылы әлеуметтік желілер не мессенджерлер жылдамдығын төмендетіп, оларды ресми бұғаттамай-ақ, қолдануға жарамсыз етіп қояды. Айтпақшы, 2022 жылдың қыркүйегінен бері Азаттық радиосы Қазақ қызметінің сайттарына кіру баяулаған. Содан бір күн бұрын редакция президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2013 жылы БҰҰ-ның Женевадағы бөлмесін жөндеу кезінде құдағиының қымбат туындыларын ел бюджеті есебінен аса қымбат бағада сатып алғанын жазған. 2023 жылдың сәуірінде әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference коммерциялық емес ұйымы Азаттықтың Қазақ қызметінің сайттары 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы сәуір аралығында Қазақстан аумағында бұғаттаудың троттлинг деп аталатын жымысқы әдісіне ұшыраған деп жазды. Бұл әдісті қолданарда қытайлық технология қолданылды ма, жоқ па – белгісіз.

"Geedge кешені интернет-провайдерлер деңгейінде енгізіледі: жабдық олардың дерек орталықтарына және байланыс тораптарына тікелей орнатылады. Соның арқасында халықаралық арналар да, ел ішіндегі трафик те қамтылып, цензура орталықтандырылған түрде жүзеге асады. Нәтижесінде мемлекет дайын бақылау және бұғаттау инфрақұрылымын "толық пакетімен" сатып алады, ал жеткізуші компания оған техникалық қолдау көрсетіп, тұрақты түрде жаңартып беріп отырады. Клиенттің сұрауы бойынша әзірленген әрбір жаңа функция кейінгі жаңартуларға қосылып, жүйені пайдаланатын басқа үкіметтер де пайдалануға мүмкіндік алады", – дейді зерттеу авторлары.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл технологияда ешқандай этикалық шектеулер мен ашықтық жоқ. Есепте Geedge азаматтардың деректерін қорғауға кепілдік бермейтіні көрсетілген. Қолданушылардың әрекеттері жайлы ақпарат ешқандай түсінікті ережесіз жиналып, сақталады, ал компания қызметкерлері, соның ішінде Қытайдағы қызметкерлер де, бұл деректерге қол жеткізе алады. Сөйтіп жеке фирма басқа ел тұрғындары жайлы өте мол мәліметке ие болады.

"Geedge өнімдері бастапқыдан-ақ авторитар режимдерге бағытталған: компания өз жүйелерін азаматтардың құқығын аяққа басып, халықты бақылау үшін дәл осындай үкіметтерге тікелей жарнамалайды", – дейді зерттеу авторлары.

Тағы кім сатып алды?

Есепте Geedge қытайлық компаниясының цензура технологиясын Қазақстаннан бөлек тағы үш ел сатып алғаны айтылған. Олар кейінгі жылдары интернет еркіндігі қатты шектелген үш мемлекет – Эфиопия, Пәкістан және Мьянма. Сондай-ақ жобаның бастапқы кезеңінде тұрған аты аталмаған тағы бір тапсырыс беруші мемлекет бары айтылған.

Эфиопия билігі қақтығыстар кезінде байланыс пен интернетті жиі бұғаттап келгені белгілі. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 2016-2023 жылдары елде саяси себеппен кемінде 26 рет интернет өшірілген. Құжаттарда Geedge инженерлерінің 2021 жылдың күзінде жабдық орната бастағаны, ал 2024 жылдың маусымына дейін әр қалада кезең-кезеңімен цензура жүйесі енгізілгені жазылған.

Есепте қытайлық технология Эфиопияда билік қылмыстарын әлемнен жасыруға қолданылғаны айтылған. Интернетті "қауіпсіздік" сылтауымен өшіріп, елдегі режим соғыс жүріп жатқан аймақты оқшаулаған. Ол жерде билік күштері әскери қылмыстар және геноцид жасады деп айыпталды. Эфиопия Қытайдың Африкадағы басты серіктесі әрі Африка одағының орталығы болуы да мұндай технологиялардың геосаяси маңызын айқындайды.

Пәкістанда Geedge жүйесін енгізу салыстырмалы түрде таяуда басталды. Бұған дейін цензура жабдығын жеткізген канадалық Sandvine компаниясы кеткен соң Қытай технологиясы келді. 2020-2021 жылдары Пәкістан Sandvine-нің DPI негізіндегі Web Monitoring System ұлттық интернет-сүзгісін орнатқан. Бірақ 2020 жылдың қыркүйегінде АҚШ бұл компанияны санкция тізіміне қосты, ал 2023 жылы келісімшарт үзілді.

Осыдан кейін 2023 жылы Geedge жобасы (P19 коды) басталды. WMS 2.0 деп аталған жаңа жүйе Geedge-тің TSG-OS платформасының арқасында әлдеқайда кең функцияларға ие болды. Amnesty International құқық қорғау ұйымы "Пәкістанның ұлттық файрволы жаңартылды: енді ол VPN және басқа айналып өту құралдарын қолданған нақты адамдарды тіркеп, қай сайттарға кіргенін бақылайды" деп жазды. Жүйе интернет-трафикпен қатар ел ішіндегі телефон байланыстарын да қадағалайды.

Енді билік VPN, прокси және сайттарды бірден бұғаттай алады. Бұрынғы жүйе тек сыртқы шлюздердегі трафикті қадағаласа, Geedge жабдығы ірі провайдерлер мен ұялы операторлардың жергілікті тораптарына орнатылған. Бұл CDN-серверлердегі (Netflix, Facebook, т.б.) ішкі контентті де бақылауға мүмкіндік берді.

Пәкістандық провайдер өкілі Al Jazeera арнасына берген сұхбатында жаңа жүйенің inline-режимде жұмыс істейтінін, бұл интернет жылдамдығын төмендететінін айтты. Оның сөзінше, Geedge "қолданбалар мен сайттарды өте ұсақ деңгейде басқаруға" мүмкіндік береді.

Al Jazeera деректері бойынша, жаңа қытайлық файрвол үшін Пәкістан 20-30 млрд рупий (шамамен 72-107 млн доллар) төлеген. 2024 жылдың екінші жартысында орнатылған соң, тұрғындар интернет бәсеңдеген және жаппай өшірілген жайттар байқаған.

Geedge жүйесі тек бұғаттап қана қоймай, аса құпия деректерді жинап, сақтағаны да әшкереленді. Amnesty сарапшылары Geedge техникалық қолдау жүйесінен екі электрон хаттың толық мәтіні, қосымшалары және қолданушының пошта жәшігіне кіретін кілтсөзі тіркелген скриншот тапқан.

Мьянмада қытайлық цензура жүйесін әскери хунта 2021 жылғы төңкерістен кейін енгізген. Justice for Myanmar тобының дерегінше, 2024 жылдың мамырында Geedge ұлттық интернет-сүзгі платформасын жеткізіп қойған. InterSec Lab құжаттары бойынша, нақты орнату 2023 жылы басталып, 2024 жылы толық қарқын алды.

Хунта жүйені интернетті, VPN мен тіпті Tor анонимді желісін бұғаттау үшін қолданды. 2024 жылдың мамырынан бастап Мьянмадан Tor-ға шығу деректері тоқтағаны тіркелген. Бұл Geedge бұғаттауларының тиімділігін дәлелдейді.

Әшкере болған құжаттар арасында Мьянмаға қытайлық технологияны енгізу жоспарлары, желі топологиялары, өзгерістер журналдары, тест есептері және хат алмасулар бар. Сондай-ақ 2023 жылғы жоба келісімінің қаралымы табылған: Мьянма Көлік және байланыс министрлігі Пекиндегі есепшоты бар компаниямен "Secure Web Gateway" жеткізу жөнінде келісімшартқа отырған. Бұл – қытайлық мердігермен тікелей келісім жасалғанына дәлел. 2023 жылдың аяғына қарай Geedge жабдығы бүкіл елдегі 30 деректер орталығына орнатылған.

2024 жылдың басында жүйе толық іске қосылды. Ол мемлекеттік те, жекеменшік те – барлық байланыс операторын қамтыған. Жыл бойы Geedge мамандары әр оператор желісінде бұғаттау тестілерін өткізіп отырды.

Мьянмада "үлкен файрволдың" салдары халыққа тікелей әсер етті. Хунта оппозициялық сайттар мен әлеуметтік желілерді бұғаттап қана қоймай, VPN қолдануға да тыйым салды. Әрбір интернетке шығу әрекеті бақылауда, ал қолданушыны кейін де анықтауға болады. 2023 жылдың жазында билік наразылық кезінде мобильді интернетті ажыратып, күзден бастап кей өңірлерде түнгі уақытта байланысты өшіре бастады. "Мьянма тәжірибесі авторитар режимдердің билікті ұстап қалу үшін жоғары технологиялық цензураны қолдануға дайын екенін көрсетеді", – делінген есепте.

Зерттеушілердің жазуынша, әшкере болған деректер Geedge қандай өнімдер мен қызметтер ұсынатынын, компания бұл технологияларды қалай экспорттайтынын және мемлекеттер цифрлық репрессия үшін бұл технологияны қалай пайдаланатынын бұрын-соңды болмаған деңгейде ашып берген.

"Авторитарлық мемлекеттер енді интернетті бақылаудың кездейсоқ әрі жүйесіз тәсілдеріне сүйеніп қиналмайды. Себебі, Geedge цензураға арналған толымды әрі тұтастай дайын құралдар жиынтығын ұсынады. Технологиясын бақылап, оны жаңартып отырады", – дейді зерттеу авторлары.

XS
SM
MD
LG