"РИКОШЕТ ДИПЛОМАТИЯСЫ"
Азаттық: C5+1, яғни Орталық Азия+АҚШ форматының 2015 жылы басталғандағы басты мақсаты не еді және осы он жыл ішінде ол мақсаттарға қаншалықты қол жеткізілді деп ойлайсыз?
Елданиз Гусейнов: Нақты көрсеткіштерге сүйенсек, шын мәнінде, формат аясында он жыл ішінде орындауымыз керек дейтін айқын индикаторлар болмаған.
C5+1-ді 2020 жылы сыртқы істер министрлер деңгейінде құрылған Қытай-Орталық Азия саммиті көрсеткіштерімен салыстырсақ, олар бес жыл ішінде толыққанды хатшылық құрып, штатында Орталық Азиядан сегіз, Қытайдан сегіз адам осы ұйымда тұрақты жұмыс істейді. Сондықтан АҚШ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты институционалдық деңгейге көтеру – осы он жылда жүзеге аса алған жоқ деп ойлаймын.
(2022 жылы ортақ басымдықтарды анықтау үшін АҚШ және Орталық Азияның бес елі қатысқан "С5+1" хатшылығы құрылған - ред.)
Меніңше, 2015 жылы C5+1 форматының бастамасы АҚШ-тың Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға бағытталған стратегиясымен байланысты болды. Яғни, аймақ елдерімен бірге бұл бастамаларды ілгерілету оңайырақ еді. Оның үстіне, ол кезде АҚШ-тың Ауғанстанда әскері бар, формат аймақтық деңгейде күш біріктірудің, шекара қауіпсіздігін нығайтудың тиімді алаңы бола алатын.
Осы жерде АҚШ-тың Орталық Азияның әр еліне қатысты жеке-жеке нақты стратегиясы бар, санаулы ойыншылардың бірі болғанын атап өту керек. C5+1-ден бөлек, B5+1 форматы бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл – бизнес қауымдастық деңгейіндегі бастама, және оның институционалдық тұрғыдан нығаю әлеуеті жоғары. Бірақ бұл бағытта да тоқырау байқалды: алғашқы кездесу Алматыда өтті, кейін арада біраз уақыт үзіліс болып, жұмыс топтары тек бір жылдан кейін қайта жанданды. Биыл ондай кездесу болмады, келесі B5 саммиті ақпан айында Бішкекте өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұл жағдай АҚШ-тың Орталық Азияға деген қатынасының жалпы сипатын көрсетеді: үзіліспен, "рикошет" дипломатиясы түрінде. Яғни АҚШ бұл аймаққа тікелей емес, жанама мүдделер арқылы келеді. Мысалы, егер Қытайдың стратегиялық минералдарына тәуелділік байқалса – онда олар Орталық Азияға, мысалы Қазақстандағы вольфрам қорына назар аударады. Ресейге қысым жасау қажет болса – қайтадан аймақ арқылы әрекет етеді. Яғни, АҚШ-тың Орталық Азиямен ынтымақтастығы тікелей стратегиялық серіктестікке емес, сыртқы факторларға тәуелді.
Азаттық: Он жыл ішінде бұл форматтың мазмұны қалай өзгерді? АҚШ пен Орталық Азия елдері үшін оның саяси салмағы артты ма, әлде символдық деңгейде қалды ма?
Елданиз Гусейнов: Жоқ, оны тек символдық деңгейде қалды деп айта алмаймын. Орталық Азия елдері үшін әлі де өзекті тақырыптар бар, мысалы, терроризм мәселесі. АҚШ әскерінің ұзақ жылдар бойы Ауғанстанда болғаны және әлі де бұл елдегі жағдайға ықпал ете алатыны белгілі. Естеріңізде болса, олар Ауғанстаннан шыққан соң да сол ел аумағындағы террористік ұйым жетекшісін өлтірген еді. Бұл форматтың бір мақсаты – АҚШ-қа Орталық Азияның қазіргі геосаяси ахуалын түсіндіру және аймаққа ықпал ететін ірі көршілермен байланысты реттеу.
Қазір аймақтың үш ірі көршісі — Ресей, Қытай және Каспий арқылы Иран — бәрі белгілі бір деңгейде Америкаға қарсы саясат ұстанады. Бірі санкция астында, ал ендігісіне әуеден соққы да жасалды. Мұның барлығы аймаққа әсер етеді, мысалы, Иран аумағына жасалған шабуылдың кесірінен Түркіменстанға босқындар қашып өтті. Осы тұрғыда C5+1 — осындай жағдайларда ақпарат алмасу, үйлестіру және өңірлік тұрақтылықты сақтау құралы. Яғни, ықтимал қақтығыстар туралы деректермен бөлісу, қауіптің алдын алу, гуманитарлық немесе техникалық қолдау көрсету сияқты мәселелер талқылануы мүмкін. Бұл тұрғыда терроризм мен аймақтық қауіпсіздік – о бастан осы форматтың негізгі тақырыптарының бірі.
Тағы бір өзекті мәселе – табиғи ресурстар, әсіресе сирек кездесетін жер асты элементтері. Бұрын АҚШ үшін мұнай мен газ маңызды болса, қазір – литий, вольфрам, уран және басқа да стратегиялық металдар маңызды. Иә, оларды АҚШ өз аумағында да өндіре алар еді, бірақ экологиялық себептерге байланысты олар мұны Орталық Азияда жасауды қалайды.
Бірақ біз үшін бұл шикізат ретінде емес, толық өңделген өнім түрінде экспортталғаны маңызды. Сондықтан өңдеу зауыттары мен логистика Орталық Азия аумағында дамуы қажет. Бұл бағытта Қытайдың үстемдігі басым: қазіргі таңда Қазақстандағы сирек металдардың бәрі Қытайға экспортталады. Сондықтан АҚШ-пен келіссөз жүргізгенде, егер олар Қытайдың басымдылығын азайтқысы келсе, онда Орталық Азияда өңдеу инфрақұрылымына инвестиция салуға және тасымал жүйесін дамытуға үлес қосуға тиіс.
Енді саяси жағына тоқталайық. Президенттер қатысқан бірінші саммитке келсек, сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден бар-жоғы 2 минут сөз сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен шараны толыққанды саммит деуге де келмейтін еді. Ол кезде бұл формат Қытайдың аймақтағы белсенділігіне жауап болған сияқты. Ал қазір, менің ойымша, бәрі басқаша.
Бұл жолғы саммит – ауқымды, ресми деңгейдегі шара болмақ. Трамп бұл кездесуді БҰҰ шеңберінен тыс өткізіп, Орталық Азия елдерінің лидерлерін жеке шақырып отыр. Әрине, егер Трамп Орталық Азияға іссапармен келсе, Макронның сапарынан да маңызды дипломатиялық оқиға болар еді, себебі ол Ресей, Қытай және Иран арасындағы үш күш орталығының географиялық ортасына келіп, саяси сигнал берер еді. Бірақ олай болмай тұр.
Меніңше, бұл жолғы кездесуде сөз болатын төрт тақырып бар. Біріншісі, Украина бойынша бейбіт келіссөздер мен бітім мәселесі. Трамп үшін бұл өте маңызды, себебі Ресеймен келісімге келу арқылы Қытайға тәуелділікті азайта алады. Екіншісі Ауғанстанның Баграмдағы әскери базасының тағдыры. АҚШ бұл елге шекаралас болмағандықтан, аймақ елдері арқылы логистикалық қолдау іздеуі мүмкін. Үшіншісі, Орталық Азиядан стратегиялық ресурстарды қауіпсіз экспорттау жолдары. Мұнда көлік дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Ресей мен Қытай ықпалынан айналып өту мәселесі бар. Төртіншісі, Орта Азия елдері арқылы Ресейге ықпал ету, Иранға қарсы санкциялық саясатты күшейтуге аймақ елдерін тарту болуы мүмкін.
"С5+1 ФОРМАТЫ БАСҚАЛАРДЫҢ БАСТАМАСЫМЕН БОЛАДЫ"
Азаттық: Сарапшылар Орталық Азияда автократиялық режимдер билік құрып отыр деп санайды. 2015 жылы билікте отырған автократтардың орнын басқалары алмастырды. Осы тұрғыда жаңа басшылардың келуі C5+1 жұмысына қалай әсер етті?
Елданиз Гусейнов: Шынымды айтсам, нақты әсерін байқау қиын. Меніңше, АҚШ-тың бұл өңірдегі ықпалы онша күшті болмағандықтан, бұл тақырыпты кеңінен талқылау артық. Америка Құрама Штаттары әрдайым өңірге қызығушылық танытқанымен, мұнда тікелей байланысты көріп тұрған жоқпын.
Мүмкін, тек кейбір жекелеген бағыттарда ғана аздаған ықпал бар шығар. Мысалы, 2019 жылдан бері Қазақстанда америкалықтармен бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізілмейді. Бұл да бір ықпалдың көрінісі деуге болады. 2019 жылы Тоқаев билікке келгеннен кейін мұндай жаттығулар тоқтаған. Ал жалпы алғанда, аймақтық немесе жаһандық деңгейде елеулі өзгерістер байқалмайды деп ойлаймын.
Азаттық: АҚШ бастағанымен осы форматты басқа елдер өзіне бейімдеп жалғастырып әкетті. Мысалы, осы форматтағы саммиттерді Қытай, Ресей, Еуроодақ та өздері бөлек өткізе бастады. Яғни, бұл формат геосаяси мүдде тұрғысында бәріне тиімді болып тұр ма? Орталық Азия елдері бұдан не ұтып һәм ұтылып отыр?
Елданиз Гусейнов: Бұл сұраққа екіжақты жауап беруге болады. Біріншіден, бастамашы ел АҚШ емес. Бұл идеяны алғаш рет шамамен 2004 жылы Оңтүстік Корея немесе Жапония көтерген. Дегенмен бастысы – бұл формат бес ел басшыларын бір үстелге жинауға мүмкіндік береді. Бұл жақсы. Бұрын халықаралық басылымдарда "Орталық Азия" деп жазылғанымен, ішінде тек Қазақстан мен Өзбекстанға қатысты ақпарат болатын. Нәтижесінде Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сынды елдер өңірлік бейнеде екінші қатарда қалып қойды. C5+1 форматы осы олқылықтың орнын толтырып, барлық елдердің қатысуына, үн қосуына жағдай жасайды. Мәселен, Түрікменстан үшін бұл — өзге көршілерімен, әдетте жеке кездесе алмайтын мемлекеттермен, жанама түрде диалог орнату мүмкіндігі. Дәл сол сияқты, Қырғызстан мен Тәжікстан да осы формат арқылы Үндістанмен, Италиямен немесе өзге мемлекеттермен байланыс орната алады.
Алайда бұл форматтың осал тұстары да бар. Мысалы, ол кейде Орталық Азияның субъектілігін төмендетіп жібереді. Себебі мұндай саммиттер кейде кейінге шегеріледі, әрі ол көбіне Орталық Азия елдерінің емес, басқа мемлекеттердің бастамасымен жасалады. Бір елдің өз мүддесіне байланысты саммитті кейінге қалдыруы — аймақ елдерін тәуелді етіп көрсетеді. Мысалы, Еуропа одағымен өтетін саммит бір жылға кейінге шегерілді. Соның салдарынан жоспарланған жобалар мен бастамалар да бір жылға кешіккен.
Тағы бір мысал — Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдерінің саммиті. Ол да биыл өтпей қалды, себебі Трамп сол уақытта Парсы шығанағы елдеріне сапармен кетіп, саммитті кейінге қалдырған. Бұл, әрине, көңілге қаяу түсіретін жағдай. Кейде мұндай кездесулер бір реттік акцияға айналып кетеді: бір рет өткізіледі де одан әрі дамымай қалады. Бұл — үлкен мәселе. C5+1 форматы тек басшылар деңгейінде емес, министрлер, сарапшылар, бизнес, медицина, туризм секілді салалардағы мамандар деңгейінде жалғасуға тиіс.
Азаттық: Украинадағы соғыс, Ресей мен Қытай ықпалының артуы, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық сияқты қазіргі геосаяси жағдайды алып қарағанда АҚШ үшін Орталық Азия қаншалық басымдық беретін аймақ саналады?
Елданиз Гусейнов: Бір қарағанда басымдық беруі керек сияқты. Бірақ мәселе бұл аймаққа өзгелер қалай қарайтынында. Екіншіден, кейбір елдердің, соның ішінде АҚШ пен Еуропа одағының дипломатиялық "рикошет" саясатына байланысты. Егер Қытай сәуірде және жуырда сирек кездесетін металдар мен стратегиялық шикізат экспортына шектеулер қоймаған болса, мүмкін бұл саммит те болмас еді. Бұл аймаққа қызығушылық көбіне жанама түрде туындайды. Ол тұрақты әрі жүйелі емес. Бұл – ең үлкен проблема.
Соғыстың алғашқы кезеңінде Батыс елдерінде аймаққа қатысты қате түсінік қалыптасқаны байқалды. "Орталық Азия Ресейден теріс айналып жатыр", "Ресей өз ықпалын жоғалтып жатыр" деп ойлады. Кейін Шольц Қазақстанға келіп, Тоқаевтан "Украинадағы соғысқа көзқарасыңыз қандай?" деген сұрағына жауап алады. Немесе Садыр Жапаров БҰҰ мінберінде тұрып: "Сіздер маған Ресеймен ынтымақтасуға тыйым сала алмайсыздар" дейді. Бұл Батыстың аймақ туралы түсінігі басынан-ақ қате болғанын көрсетті. Оларда "Ресей әлсіреп жатыр, сондықтан Орталық Азия елдері өздеріне есігін айқара ашып қарсы алады" деген иллюзия болды. Ал, шын мәнінде, олай емес екенін көріп отырмыз. Ресейдің позициясы әлі де күшті. Қазір Ресей аймақта бірнеше атом электр станциясын салып жатыр — осының өзі көп нәрсені аңғартады емес пе?
Азаттық: Қалай айтса да, АҚШ-тың Орталық Азиямен арадағы сауда қатынасы Ресей мен Қытайдың үлесіне парапар емес. Бірақ Вашингтон оларға балама бола алып отыр ма? Қазақстан я өзге елдер көпвекторлы саясат ұстану үшін АҚШ-қа қаншалық сенім арта алады?
Елданиз Гусейнов: Меніңше, мәселе бұл қатынастардың көлемінде емес, біз одан қандай пайда көре аламыз деген сұрақта. АҚШ Ресей немесе Қытай деңгейіндегі ықпалға жете алмайды. Иә, инвестиция көлемі бойынша белгілі бір дәрежеге жетуі мүмкін. АҚШ бұрын да аймақтың ірі инвесторы болған, бірақ сұрақ — сол инвестициялар осында қала ма? Көбіне олар шикізат секторына құйылып, кейін табыспен бірге Еуропа мен АҚШ-қа кетіп отырды. Сирек кездесетін металдар тұрғысынан мәселе — кім көбірек импорттайды дегенде емес, кім Қытайдың бұл ресурстарға қол жеткізуін шектей алады дегенде. АҚШ бұл ресурстарға қол жеткізіп, Қытайдың ықпал мүмкіндігін азайтады.
Тағы бір бағыт — жұмсақ күш (soft power), яғни АҚШ-тың аймақ элитасына ықпал етіп, ел ішінде өзінің жағымды бейнесін қалыптастыруы. Егер элиталар ресейлік немесе қытайлық емес, америкалық компанияларды таңдауға бейім болса — бұл да шағын, бірақ маңызды жеңіс. Мысалы, Трамп тұсында қол қойылған Зангезур дәлізі келісімі — Армения мен Әзербайжан арасындағы 40 шақырымдық жол, бірақ оның әсер ету ауқымы — Қытайға, Иранға және Ресейге дейін барады. АҚШ үшін Орталық Азияда үлкен "аға" рөлін алу емес дәл осындай шағын, бірақ ықпалды жетістіктер маңызды.
"ӘЗЕРБАЙЖАНДЫ ҚОСУ – ҚИСЫНДЫ ҰСЫНЫС"
Азаттық: Ресей Украинаға соғыс ашқан соң Орталық Азияның геосаяси маңызы арта түскені байқалады. Осы үш жылды аймақ елдері қаншалық өз мүддесіне жарата алды? Жақында Вашингтонда президенттер деңгейінде өтетін саммитті соның нәтижесі деп атауға келе ме?
Елданиз Гусейнов: Иә, белгілі бір деңгейде бұл соғыстан кейін пайда болған "тәуекелдерді азайту стратегиясының" (risk mitigation) нәтижесі. Украинадағы соғыс басталған соң Батыс елдері Ресейге тәуелділікті азайтып, шикізат жеткізу тізбегін қайта қарауға тырыса бастады. "Біз мұнай жеткізуде Ресейге тым тәуелдіміз, ресурстарда Қытайға тәуелдіміз. Ендеше, тәуекелдерді азайтайық, назарды Орталық Азияға аударайық" деген ұстаным күшейді. Бірақ бұл процесс Орталық Азия үшін жанама әсер болды.
Соғыс жаһандық тәртіптің қайта құрылуына, жаңа макроаймақтар қалыптасуына алып келді. Қытай да, мысалы, өзінің тәуелділігін азайтуға тырысып отыр — ол АҚШ бақылайтын теңіз жолдарына тым тәуелді болғысы келмейді. Сол себепті Қытай үшін де, Еуропа одағы үшін де Орта дәліз жобасы басым бағытқа айналды. Ресей де өз нарығын қайта бағдарлап, жаңа бағыттар іздеп жатыр — соның ішінде Орталық Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Таяу Шығыс пен Үндістан нарықтарына шығу жолдарын қарастырып жатыр. Сондықтан Орталық Азия Қытай, Еуропа, Ресей сияқты барлық тарап үшін пайдалы және тұрақтылықты қамтамасыз ететін өңір ретінде көрініп отыр. Бұл оны жаһандық бәсеке картасында маңызды орынға шығарады, ал Вашингтон саммиті — осының бір көрінісі.
Азаттық: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы саммитке Әзербайжанды қосуды ұсынды. Ресей-Украина соғысы аясында Орта дәліздің маңызы артқаны белгілі. Бұл ұсыныс қолдау табады деп ойлайсыз ба? Әзербайжанның бұл форматқа кіруі Орталық Азия бестігіне тиімді ме?
Елданиз Гусейнов: Бұл — өте қисынды ұсыныс. Себебі АҚШ пен Еуропа үшін Орталық Азиядан ресурстар мен минералдарды экспорттау тек Әзербайжан мен Грузия арқылы Каспий мен Қара теңіз бағытында жүзеге аса алады. Сондықтан АҚШ сарапшыларының өздері де Орталық Азиямен жұмыс істеу үшін Әзербайжан мен Түркияны негізгі серіктес ретінде қарастыру қажет деп есептейді.
Шын мәнінде, бұл енді ғана пайда болған ой емес. 1990-жылдары да Орталық Азия мен Әзербайжанның өзара интеграциясына бағытталған бастамалар болған. Сол кезеңде де аймақ елдерінің екінші кездесулеріне Әзербайжан премьер-министрі қатысып, интеграциялық құжаттарға қол қойған. Қазір бұл форматты жаңғыртуды америкалық сарапшылар да қолдайды. Өйткені транскаспий жобалары үшін Әзербайжанның қатысуы стратегиялық тұрғыда өте маңызды.
Иә, әр елдің ұстанымы әртүрлі болуы мүмкін: Түрікменстанда газға байланысты жеке пікір бар, Тәжікстанның да өз ұстанымы болуы ықтимал. Бірақ Әзербайжан кейінгі екі рет Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесулеріне қатысып үлгерді. Әзербайжанмен интеграция – аймақ үшін стратегиялық тұрғыда қисынды шешім.
Азаттық: С5 форматын оған кіретін Орталық Азияның бес елі сыртқы саясатта қолданып жүр. Ал ішкі ұжымдасу, бірлесу тұрғысында қажет формат па? Мысалы, ортақ келісімдер жасау арқылы аймақ белгілі бір ортақ саясат ұстануға қауқарлы ма?
Елданиз Гусейнов: Әрдайым бірлесе әрекет ету мүмкін бола бермейді, бірақ ел басшыларының жиі кездесуі — олардың кей позицияларын өзара келісуге итермелейді. Бұрын Орталық Азияны саяси тұтастық емес, тек географиялық аймақ ретінде қарастырғанбыз. Ал C5 форматының кеңеюінен кейін біртіндеп институционалдық элементтер қалыптаса бастады. Бірақ Орталық Азияны тек бес елмен шектеуге болмайды. Жобаға байланысты оны түрлі конфигурацияда қарастыруға болады: Мысалы, Орта дәліз аясында — бұл алты ел: Орталық Азия+Әзербайжан; Трансауған жобалары аясында жеті ел — Орталық Азия+Ауғанстан мен Пәкістан.
Міндетті түрде Еуроодақ секілді біртұтас модель құрудың қажеті жоқ. Кейбір жобаларда бес ел қатыспай-ақ, үш немесе төрт ел бірігіп жұмыс істей алады. Мысалы, электр энергетикасы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның өзара байланысы бар.
C5 форматының басты артықшылығы — ұдайы диалог пен келісім алаңының болуы. Бұл процесс баяу, бірақ нақты қадамдар арқылы жүріп жатыр. Сондықтан C5+1 саммиттері Орталық Азия елдерін бір-бірімен жиірек сөйлесуге және нақты аймақтық саясат жүргізуге ынталандыратын құралға айналды.