Accessibility links

АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің апелляциялық шағымы: сот шектеу мерзімін қысқартты


АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Солдан оңға қарай: Жанат Қазақбай, Айдар Мүбәраков және Фазылжан Сыздықов. Алматы, 26 тамыз 2025 жыл.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Солдан оңға қарай: Жанат Қазақбай, Айдар Мүбәраков және Фазылжан Сыздықов. Алматы, 26 тамыз 2025 жыл.

Алматының апелляциялық соты белсенділер Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковтің апелляциялық шағымын қарап, шектеу мерзімін 4 жылдан 2 жыл 6 айға дейін қысқартты. Бұл жөнінде адвокат Ғалым Нұрпейісовке сүйенген Ulysmedia жазды. Сот қалған шектеулерді өзгеріссіз қалдырды. Бірінші инстанциядағы сот үкімі белсенділердің бостандығын шектеумен қатар оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған еді.

Белсенділер тамызда шыққан үкімді даулап, өздерін ақтауды сұраған.

Адвокаттың сөзінше, сот қорғау тарапының уәждерін ескермеген. Енді кассацияға шағымданбақшы.

«Сот қаулысымен келіскен жоқпыз. Қорғауымдағы адамдар «келіспейміз, біздің құқығымыз бар, кассациялық шағым түсіреміз» деді. Енді біз кассациялық шағым дайындаймыз», – деді Ғалым Нұрпейісов.

Белсенді Абзал Достияров та өзінің YouTube-арнасында сот процесінен хабар таратты.

26 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты бес белсендінің бостандығын төрт жылға шектеп, оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған еді.

Оларға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 1-бөлік) және "Қылмысқа оқталу" (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.

Белсенділер тағылған айыппен келіспеген. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған. Сотталғандардың 2024 жылғы 29 қыркүйегінен 2025 жылғы 26 тамызға дейінгі ұстауда болған уақыты бас бостандығын шектеу жазасының мерзіміне 1 күнге 2 күн болып есептеліп жатыр.

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.

XS
SM
MD
LG