Қыркүйектің басында Қытай басшысы Си Цзиньпин Тяньаньмэнь алаңындағы салтанатты шарада жанындағы Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен "аса мұқият сахналанған" әскери парадта әңгімелесіп бара жатқанда саммит кулуарында Қытай ықпалының кеңеюіне қатысты тағы бір оқиға өрістеп жатты.
Си Цзиньпин әскери парад кезінде және оның алдындағы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті кезінде Батысқа айбат көрсетіп, месседж жіберді, ал Қытайдың ресми тұлғалары мен компаниялары Орталық Азиямен миллиардтаған долларлық жаңа инфрақұрылымдық және технологиялық келісімдерге қойды. Бұған қоса, Қытай бизнесінің аймақта еркін жұмыс істеуіне бағытталған жаңа келісімдер жөнінде де жария етті.
"Қытай қазір аймаққа толығымен кірікті. Оның Орталық Азиядағы басымдылығын жоққа шығара алмайсың" деді Кент университетінің Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы бойынша сарапшысы Франк Мараккионе Азат Еуропа/Азаттыққа.
Бұл Орталық Азиядағы екі ірі экономика: Қазақстан мен Өзбекстанда шындыққа айналды. ШЫҰ мен Пекиндегі аста-төк әскери парад аясында өткен шаралар барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен құны 15 млрд доллар болатын 70-тен астам коммерциялық келісімшартқа қол қойды. Арасында мұнай-газ, мұнай химия, көлік дәлізі, логистикалық хаб, цифрлық технология салалары да бар.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев та құр алақан кеткен жоқ: Қытаймен құрылыс, атом энергиясы, жоғары білім, көлік индустриясы саласындағы жаңа инвестициялық келісімшарттар жасасты. Бұған қоса, Ташкент алға тартып жүрген Өзбекстанды Қырғызстан арқылы Қытаймен жалғайтын миллиардтаған долларлық темір жол құрылысы жобасы ШЫҰ-да ресми қолдауға ие болды.
"Мәселе Пекиннің Орталық Азия үкіметтерімен қарым-қатынасы немесе ірі инфрақұрылымдық жобалары жөнінде ғана болып отырған жоқ. Аймақта көптеген адам қытай компанияларында жұмыс істейді, қытай тауарын алады, қытай тілін меңгереді. Қытай күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды" деді Мараккионе.
АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ, ҚҰБЫР ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА
Мұндай артып бара жатқан үрдіс Өзбекстан ұлттық статистика агенттігінің деректерінен де көрінеді. Оған сәйкес, 2024 жылы Өзбекстанда қытай компанияларының саны ресейлік фирмалардың санынан асып түскен. 2025 жылғы мәліметке сай, былтырмен салыстырғанда мыңнан астам жаңа қытай компаниясы пайда болған.
Қытай Орталық Азия үшін маңызды капитал көзі. Аймақта қарқынды экономикасы бар Қазақстан да оны өз дамуының басты бағыты ретінде қарастырады. Осылайша 1991 жылы Тәуелсіздік алғалы бергі экономикада басым рөл атқарған мұнай мен газға тәуелділіктен арылып, экономикасын әртараптандырғысы келеді.
Астана мен өзге үкіметтер қайта қалпына келетін энергия көзі саласында Қытай тәжірибесі мен инвестициясына зәру, ал Қытай бұл тұрғыда әлем бойынша көшбасшы. Жуырда Пекинде қол қойылған келісімшарттар арасында жел турбиналарын сатып алу, электр көліктерін жасау, қытайлық әріптестермен бірге болат құю зауыттарын ашу сияқты келісімдер бар.
Қытайдағы жоғары деңгейдегі кездесулер кезінде Қазақстан сонымен бірге қытайлық компаниялармен мұнай-газ саласына 1,5 млрд доллар инвестиция салу туралы қосымша келісім жасасты.
Бұған Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенін салу бойынша Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясымен(CNPC) жасалған құны 1 млрд долларлық келісім мен Атырау облысында құны шамамен 500 млн доллар болатын этан және пропан тасымалдауға арналған магистралды құбыр жүргізу туралы Қытай даму банкімен жасалған келісімдер де кіреді
2 қыркүйекте Қытай ұлттық атом корпорациясының төрағасы (CNNC) Шен Янфенмен кездесу кезінде Шавкат Мирзияев - Қытай әлем бойынша өз ықпалын арттырғысы келетін сектор - атом энергиясы саласындағы әріптестікті талқылады. Тараптар келіссөз барысында әріптестікті нығайтуды талқылады және Өзбекстан тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобыр Исламов тау-кен өнеркәсібіне қатысты 13 жаңа келісімшарт жасасқанын мәлімдеді, арасында құны 5 миллиард доллар болатын уран жобасы да бар.
Өзбекстан маусым айында Ресейдің атом энергетика саласындағы мемлекеттік монополиясы "Росатоммен" елдегі төрт реактор құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жүргізу жөнінде қол қойған, алайда халықаралық санция ресейлік атом компаниясының болашағына селкеу түсірген және Ташкент бәлкім, балама ретінде Қытайды қарастырып жатқан болуы мүмкін.
Және осыған ұқсас оқиға биыл Қазақстанда да қайталанды: CNNC Қазақстанда екінші атом энергиясы станциясын салу келісімшартына ие болды. Шілде айында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Скляр қытайлық компания Қазақстанда үшінші атом станциясын да салады деп мәлімдеген.
БӘЗ-БАЯҒЫ МУЛЬТИВЕКТОРЛЫҚ ОЙЫННЫҢ ЖАҢА ТҮРІ
Берлиндегі Карнеги Еуразия орталығының қызметкері Темур Умаровтың пікірінше, Қытай белсенділігінің күрт артуы кейінгі жылдардағы Пекиннің Орталық Азиядағы тұрақты әрі болжауға болатын өзара ықпалдастық әрекеттерімен байланысты. Соның арқасында ол барған сайын маңызды экономикалық, ал қазір саяси ойыншыға айналды.
Үкіметтер инвестиция тартып, жаңа қытайлық компанияларды жылы қабылдауға тырысып жатса да Қытайға шамадан тыс тәуелділіктен қауіптенеді.
"Орталық Азия елдерінің стратегиясы азды-көпті тұрақталды және олар Қытаймен қарым-қатынасты өзгертуге тырыспайды. Олар өздерінің бәз-баяғы көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып жатыр" деді сарапшыАзаттыққа.
Бұл саясаттың мәні әріптестерді әртараптандыру талпынысында жатыр. Орталық Азия үкіметтері Еуропаның көбірек қатысуын құптайды және АҚШ-пен тұрақты қатынасты нығайтуға ұмтылады.
Сәуір айында Өзбекстанда Орталық Азия және ЕО басшылары қатысқан ірі саммит өтті. Онда энергетика, минерал, транзиттік келісімдер талқыланды.
Орталық Азия мен Қытай арасындағы екіжақты сауда үздіксіз артып келеді: 2024 жылы 94,8 млрд доллар болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Алайда Еуроодақ 27 мүшесін тұтас қосқанда Орталық Азиядағы ең ірі шетел инвесторы ретінде қалып отыр.
5 қыркүйекте Қытайдан оралған Мирзияев АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, оны "орайы келгенде" Өзбекстанға келуге шақырды. Өзбекстан президенті әкімшілігі таратқан хабарламада осылай жазылған.
Өзбекстан басшысы Ақ үйге ресми сапармен 2018 жылы Трамптың бірінші президенттігі тұсында барған. Сол кезде АҚШ президенті оны "аса құрметті адам" деп атаған.