Молдовада 28 қыркүйекте өткен парламент сайлауында "Әрекет және ынтымақ" (PAS) партиясы бәсекелестерінен айқын басымдықпен озды. Алдын ала мәліметтер бойынша, елдің қазіргі президенті Майя Сандудың PAS партиясы жаңа парламентте басым дауысқа ие болмақ. Ресейшіл оппозициялық күштер бұл сайлауда да жеңіліп қалды.
Сайлау бюллетендерінің 97 пайызы саналған кезде PAS партиясы 49,7 пайыз дауыс жинағаны жарияланды, яғни бұл оған парламенттегі 101 орынның 54-ін иеленуге мүмкіндік береді. Осының алдындағы шақырылымда парламентте PAS партиясы фракциясында 61 депутат болған еді.
Алдын ала деректерге қарағанда, Молдовадағы бұл жолғы сайлауда тағы бір еуропашыл саяси күш – "Альтернатива" блогынан да бірнеше кандидат парламентке өткен.
Орталық сайлау комиссиясының есебі бойынша, ресейшіл "Патриоттық блок" сайлаушылардың шамамен 24,5 пайызының қолдауына ие болған. Яғни олар парламенттен 27 орын алуы мүмкін.
Осы жолғы парламент сайлауына елде барлығы 14 саяси партия, төрт сайлау блогы және төрт тәуелсіз кандидат түскен.
Сайлау күні, 28 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясы оппозициялық "Ұлы Молдова" партиясын саяси бәсекеден шеттетті.
Молдованың бұрынғы президенті, Социалистер партиясының жетекшісі Игорь Додон барлық саяси күштерді 29 қыркүйек, дүйсенбі күні үкімет ғимараты алдында бейбіт митингке шығуға шақырды. Ол сайлау барысында заң бұзушылықтар тіркелді деп мәлімдеген.
Сайлау қарсаңында президент Майя Санду халықты еуропашыл күштерді қолдауға үндеп, Ресей өзіне жақын саясаткерлерді билікке әкелу үшін Молдовадағы осы сайлауға қомақты қаржы құйып жатыр деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Мәскеу молдовалық сайлаушылар дауысын сатып алуға "жүздеген миллион доллар" жұмсаған.
Ресей шетелдегі сайлау іс-шараларына араласады деген айыптауларды жоққа шығарады.