Accessibility links

Лукашенко Зеленскиймен "түсініксіз соғысты" аяқтау мәселесін талқылағысы келеді


Александр Лукашенко мен Владимир Путиннің Кремльдегі кездесуі. 26 қыркүйек 2025 жыл.
Александр Лукашенко мен Владимир Путиннің Кремльдегі кездесуі. 26 қыркүйек 2025 жыл.

Белорустың авторитар жетекшісі Александр Лукашенко Украина президенті Владимир Зеленскиймен Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылағысы келетінін мәлімдеді.

26 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путинмен ұзаққа созылған келіссөзден кейін Лукашенко ресейлік журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында "Онымен [Зеленскиймен] жәй ғана сөйлескім келеді.... оған айтарым бар... Владимир Александрович сабырға келуі керек – жақсы ұсыныс бар. Президент Путинмен бірге талқыладық, не екенін президенттің өзі айта жатар. Жақсы ұсыныс" деді.

"Талқылау кезеңі жетті деп ойлаймын. "Арнайы әскери операцияның" басында бізге үш славян мемлекеті басшыларына келіссөз үстеліне отырып, келісу керектігі айтылған. Осы бір түсініксіз соғысты бітіруді келісу. Келісу керек. Келіспесек, бәріне жаман болады" деді Лукашенко.

Ол сонымен бірге Зеленскийді Путиннің АҚШ президенті Дональд Трамп арқылы ұсынған "пайдалы шарттарына" келісуге шақырды, әйтпесе Зеленский "тұтас Украинадан айырылуы мүмкін". Лукашенко Путинмен бірге Ресей қарулы күштерінің "алға жылжып жатқаны" туралы есебін тыңдағанын, оны "әрі қарай тоқтату қиын болатынын" да жеткізді.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Аляскада Путин егер Киев Донбастан әскерін әкетсе, соғысты Запорожье мен Херсон облыстарындағы майдан сызығында тоқтатып, Украинаға Харьков, Днепропетровск пен Сумы облыстарында басып алынған аумақты қайтаратынын айтқан. Украина одан үзілді-кесілді бас тартқан.

Кейінгі айларда Украинаның майдан сызығында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Керісінше Украина күштері Ресей басып алынған аумақтың 150 шаршы шақырымынан астамын азат еткен.

XS
SM
MD
LG