Accessibility links

Цифрландыру һәм жаппай бақылау. Қазақстан Қытай үлгісін көшіре ме?


Қазақстан заманауи бақылау желісін құрып, цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртып жатқан тұста Қытайдың техникасына арқа сүйей бастады. Бұл жағдай белсенділер мен сарапшыларды алаңдатып отыр. Олардың сөзінше, билік мұндай құралдарды ресми саясатпен келіспейтіндерді анықтау үшін және цензура енгізу үшін пайдалануы мүмкін.

Қазақстан заманауи бақылау жүйесін құрып, цифрлық инфрақұрылымын жаңартып жатқан тұста азаматтық белсенді Санжар Боқаев өзі секілді белсенділер үшін мұндай құралдың салдары қандай болатынына көз жеткізді.

Бұрын мемлекеттік қызметкер болып, кейін саяси блогерге айналған Боқаев биыл маусымда әуежайға барғанда полицейлер оны ұстап қалған. Полицейлердің бұл әрекетіне TargetEYE жүйесі түрткі болды. Бұл жүйе бақылау камерасы және жасанды интеллект көмегімен адамның бет-жүзінен оның кім екенін анықтап береді. Боқаев осы жүйеде "азаматтық белсенді" деп көрсетілген.

Боқаев полицейлермен сөйлесіп, оның бір бөлігін өз телефонының камерасына жазып алған. Оның сөзінше, полицейлер базадан оның профайлын көрсеткен. Онда оның биометриялық және жеке деректері тұрған. Полицейлер сөйтіп белсендіні полиция бөліміне апармақ болған.

Бірақ кейін оны әуежайды біршама уақыт ұстап, жіберген. Боқаев осыдан соң өзі түсірген видеоны жариялап, өкімет озық технология көмегімен белсенділерді аңдып отыр деп айтты. Ішкі істер министрлігі осы оқиға жөнінде мәлімдеме жасап, Боқаевтың деректері базаға қателіктен кіргенін, оның басқа бір адамға ұқсап қалғанын айтты. Іле-шала ішкі істер министрі өкімет белсенділер дерек базасын құрмайтынын, "технология да қателік жіберетінін" мәлімдеді.

"Видеодан көрсеңіздер болады. Ол жерде менің суретім, менің аты-жөнім, тіпті әкемнің аты көрсетілген. Мені "азаматтық белсенді" деп жазып қойған. Басқа кім болуы мүмкін?" деді Боқаев Азаттыққа. "Оған қоса базаға енгізіп қойған мекеме ретінде ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы департаменті деп көрсетілген. Тіпті деректі кіргізген офицердің тегі де көрсетілген. Сөйте тұра [базадағы адам] Санжар Боқаев емес деп отыр".

Боқаев пен өзге белсенділер үшін осы оқиға өкімет жүргізіп отырған цифрландыру саясатының салдары қандай болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл цифрландыру жүйесіне адамды бет-жүзінен танитын мыңдаған бақылау камерасы кіреді. Оның үстіне билік осы саясат аясында жасанды интелектіге қатты көңіл бөліп отыр. 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін билік мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеймін деп осы технологияны асыра пайдалануы ықтимал.

Бақылау жүйесіне қажет технологияның негізінен Қытайдан алынуы да алаңды күшейтіп отыр. Қытай дата серверлері, телекоммуникация құралдары, микрочиптері және бақылау камералары Қазақстан цифрлық даму саясатының негізіне айналды. Оның үстіне қыркүйекте сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасанды интеллект министрлігі құрылатынын айтқан.

Мәселе Қытай тауарына не компанияларына тәуелділікте емес, мәселе бұл технологиялардың Қытайда қалай қолданылатынында. Ол жақта бақылау жүйелері адамдардың азаматтық еркіндігін шектеп, цензураны күшейтуге бағытталған.

"Қытай демократиялық елде технологияны қалай қолдану керектігінің саяси да, әлеуметтік те үлгісі емес" деді Қазақстандағы түрлі құқық қорғау ұйымдарымен жұмыс істеген цифрлық құқық маманы Дана Мәлікова Азаттыққа. "Қытайда озық технология бар, бірақ мәселе ол технология [Қазақстанда] қалай қолданылатынында".

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайдан қарсы алған сәт. Астана, 2025 жылғы маусым.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайдан қарсы алған сәт. Астана, 2025 жылғы маусым.

Жергілікті бақылау жүйесін құру

8 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев "Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлы ел болуы керек" деп мәлімдеп, жаңа экономикалық бағыт ретінде цифрландыруға үлкен басымдық берді.

Бұл стратегияның маңызды бір бөлігі – Қазақстан цифрлық технологияларды әзірлейтін жергілікті компаниялардың құрылуы. Тоқаев осының арқасында Қазақстан аймақтық технология лидеріне айналады деп отыр. Қазақстандық компаниялар отандық өнім әзірлеуге бұған дейін-ақ кірісіп кеткен және олардың өнімдері ел бойынша қолданылады. Мәселен, Санжар Боқаевты таныған TargetEye жүйесін 2019 жылы құрылған Target AI компаниясы әзірлеген.

Қазақстандағы табысты технология компанияларының дені адамды бет-әлпетінен тану, ЖИ, биометриялық деректер тоғысында жұмыс істейді. Оған бүкіл ел аумағына орнатылған ондаған мың камера сеп болып отыр.

Бұл камералардың кей бөлігін жеке компаниялар мен тұлғалар орнатқанымен, негізгі бөлігі мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған. Ол камералар TargetEYE секілді адамды бет-әлпетінен танитын ЖИ жүйелеріне байланған.

Target AI Азаттыққа жолдаған жауабында технологияны жеткізіп берумен шектелетінін, ол өнім ары қарай қолданылатынын құзырлы органдардың өздері шешетінін айтты.

"Көп жағдайда біздің компания платформалардың техникалық қызметі қандай мақсатта және қалай қолданылатынын білмейді" деді компания Азаттыққа берген жауабында.

Компания сондай-ақ осы жауабында өз платформасының Қазақстандағы сегіз аймақтың полиция қызметіне және бақылау жүйесіне интеграцияланғанын хабарлады. Осының арқасында TargetEYE болжам жасау және жедел әрекет ету саласында маңызды рөл атқаратын жергілікті құралға айналып отыр.

Бірақ бұл өнімдердің кең тарауы және биліктің оны қалай қолданатыны беймәлім болып отырғаны жауапкершілік мәселесін төтесінен қойды. Бұл сұрақты Боқаев тап болған оқиға да күшейтіп тастады.

Өкіметтің жаппай бақылау қызметі Target AI компаниясымен шектелмейді.

Қазақстан Астана қаласынан түбінде елдімекенді смарт қалаға айналдырмақ болып, "Ақылды" Ақкөл жобасын бастаған. Бұл жоба Қазақтелеком, Eurasian Resources Group және Tengri Lab компаниялары арасындағы келісім-шарт негізінде іске асуы керек болған. Бірақ кейінгі жылдары өкімет мүшелері бұл жобаны мысал етуді доғарып, өзге жергілікті өнімдерге басымдық берді. Бірақ бұл жоба Қазақстанның өз ұлттық құрылымдарын құруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Қазақстандық жобалардың тағы біреуі – "Сергек". Жасанды интеллект көмегімен дерек жинайтын бұл жүйе қауіпсіздік құралы ретінде әуелі Астанада қолданылған. Бірақ кейін оны қолдану географиясы ұлғайды.

Өкімет осы жобалар арқылы қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, қылмыспен күресуді көздеп отырғанын айтады. Биліктің айтуынша, бақылау камералары мен бет-әлпетті танитын жүйелерді полиция терминалдарына және басқару орталықтарына қосу жаппай бақылауға мүмкіндік береді.

Өкімет жүргізіп отырған цифрландыру саясатына алаң тудырып отырған тағы бір мәселе – жиналған деректердің қалай қолданылатынында.

"Бет-әлпетті тану жүйесі қолданылатындықтан, қауіп-қатердің деңгейі де жоғары" дейді Мәлікова. "Теріс қолға түссе, бұл биометриялық мәліметтер азаматтарға, тіпті мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігіне қарсы қолданылуы мүмкін".

Ел аумағына мемлекет жүйесіне қосылған қанша камера бары белгісіз. Бірақ Алматы әкімдігінің мәліметінше, бір осы қаланың өзінде кемі 128 мың камера бар. TargetAI-дың коммерциялық директоры Дмитрий Панченконың айтуынша, бұл камералар осы компанияның жүйесіне қосылған.

Атырауда мемлекеттің басқару жүйесіне 6000 мың камера, Павлодар облысында кемі 5 мың камера қосылған. Павлодар облысы бұдан бөлек тағы 4200 жаңа камера орнатпақ.

Азаттыққа жолдаған жауабында Қазақстан қорғаныс министрлігі өзіне қарасты ғимараттарда 14 мың камера жұмыс істейтінін, жиналған деректер әскери бөлімдердегі серверлерде сақталатынын, осы уақыттан бұл серверлердегі ақпарат сыртқа шығып кетпегенін хабарлады.

Азаттық радиосы ішкі істер министрлігіне де сауал жолдап, Қазақстан бойынша мекеме жүйесіне қанша камера қосылғанын, ондағы деректер қалай сақталатынын сұраған. Бірақ бұл министрлік редакция сұрақтарына жауап берген жоқ. Мекеме баспасөз хатшысы бар болғаны "видео деректер заманауи амалдар арқылы қорғалған, осыған дейін келеңсіз оқиға болған емес" деді.

"Ішкі істер мекемелеріндегі барлық камера қауіпсіздік аудитінен өтеді. Орнатылған камералар Интернетке қосылмай, тұйық тізбекте жұмыс істейді" деді ол.

Астанадағы Министрлік үйінде тұрған қытай камералары.
Астанадағы Министрлік үйінде тұрған қытай камералары.

Қазақстан Қытай үлгісін қолдана ма?

Әзірге Қазақстан бақылау жүйелері ірі қалалардағы қылмыс деңгейін азайтып, жолдағы кептелісті реттеуге көмектесіп отыр деп мадақталып келеді.

Енді Тоқаев заң және тәртіп орнату үшін бұл бақылау жүйелерін кеңейту керек деп отыр. Ол бұған ұқсас сөздерді Қаңтар оқиғасынан кейін жиі айтатын болған. 2022 жылдың бірінші айында болған оқиға кезінде кемі 238 адам қаза тапқан. Оның көбі бейбіт тұрғын еді. Өкімет наразылықты басып, тәртіп орнату үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның әскерін алдыртты.

"Айтпақшы, көптеген ірі қалаларда орнатылған камералар оң рөл атқарып отыр. Бұл камералардың санын арттыру керек" деді ол 2022 жылғы ақпанда. "Біз мұны азаматтарымызды жаппай бақылау үшін ғана орнатып отырған жоқпыз, бұл қауіпсіздік мәселесі".

Тоқаев Қытайдың бақлау жүйесіндегі тәжірибені енгізгісі келетінін ашық айтпағанымен, ол осы саланың лидеріне айналған Қытай компанияларын мақтап жүр. 2019 жылы ол Қытайға барған сапарында әлем бойынша бақылау камераларын өндіру бойынша алдыңғы қатарда жүрген Hikvision компаниясына соқты.

Hikvision мен Қытайдың тағы бір компаниясы – Dahua өнімдері Қазақстанда кеңінен қолданылады. Жартылай мемлекет иелік ететін бұл компанияларға АҚШ 2020 жылы санкция жариялаған. Вашингтонның ұстанымы бойынша, бұл компаниялар Қытай билігіне Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау ісінде көмектескен.

Осы екі компанияның камералары адамның бет-әлпетінен ұлтын анықтап, оларды "күдікті" ретінде ерекшелейтін мүмкіндігі үшін билік қолдауына ие болған.

Қытай компаниялары Қазақстан нарығын молынан пайдаланып жатқанымен, Астана мен Пекин әріптестігінің шын ауқымы беймәлім. Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім жасалғаны жиі айтылады. Бірақ баспасөз хабарларындағы нақты қандай келісім жасалғаны, Қазақстан қандай міндеттеме алатыны сөз болмайды.

Бірақ қыркүйекте қытайлық Geedge Networks компаниясының 100 мыңнан астам құжаты желіге тарап кетіп, Қазақстан өкіметі Қытайдан цензура және бақылау жүйелерін сатып алғаны мәлім болды.

InterSecLab цифрлық сараптамаларды зерттеу институты бұл құжаттарды зерделеп, Қазақстан Geedge Networks компаниясының цензура жүйесін сатып алған алғашқы халықаралық клиент болғанын анықтаған. Бұл жүйе онлайн ақпаратты қадағалап, қажет сайттар мен VPN құралдарды бақылауға, жеке адамдарға тыңшылық жасауға мүмкіндік береді.

InterSecLab есебіне қарағанда, Қазақстан телекоммуникация және бақылау жүйелерін жасақтауда Ресейдің "Жедел іздестіру шаралары жүйесіне" сүйенген.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың осы құжаттар жөніндегі сауалын жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне бұрды. Ал бұл министрлік жария болған құжаттардағы ақпарат "шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеді.

Қазақстанның цифрлық болашағы қандай болмақ?

Қытайдың бағасы арзан озық технологиялары Қазақстан үлкен рөл атқарып отырғанымен, ел нарығына өзге де фирмалар кіріп жатыр.

Швецияның Axis Communications және Оңтүстік Кореяның Hanwha Vision компанияларының өнімдері де сұранысқа ие бола бастады. Ал жақында Астана БАӘ мемлекеттік қолдауындағы Presight AI компаниясы Астанадағы "Сергек" бақылау жүйелерін алмастыратыны мәлім болды. Келісім бойынша, Астанада 22 мың жаңа камера іске қосылып, олар БАӘ компаниясының бағдарламасына қосылады.

Қазақстанның ірі қалаларындағы жаңа үйлерде кіреберіске Face ID жүйелері орнатыла бастады. Адамды бәт-әлпетінен танитын бұл жүйелер үйге кілтсіз-ақ кіріп-шығуға мүмкіндік береді.

Қазақстан үкіметі сондай-ақ 2024 жылдың қазан айында барлық негізгі салаларда жүзеге асырылатын қашықтан биометриялық аутентификацияның орталықтандырылған ұлттық жүйесін іске қосу жоспарын жариялады. Ал тамыз айында Қазақстан банктері мен микроқаржы ұйымдары онлайн несие беру кезінде биометриялық аутентификацияны жүргізуге міндеттелді.

Лондондағы Патша колледжінің DIGISILK жобасының ғылыми қызметкері Оюна Балдакова Азаттыққа берген сұхбатында елдегі егжей-тегжейлі деректерді орталықтандырудың осал тұстары барын айтты. Орталықтанған деректер базасы хакерлік шабуылға ұшырау мүмкін немесе ондағы ақпарат сыртқа тарап кетуі ықтимал. Сондай-ақ ол деректер өзге компанияларға не үкіметтерге сатылып, жеке азаматтарды бақылауда қолданылуы мүмкін.

"Уақыт өте жиналатын дерек ауқымы ұлғайып, мемлекет адамдарды аңди алатын дәрежеге жетуі мүмкін" деді Балдакова Азаттыққа. "Теңдік және тежемелік жүйе жоқ ортада бұл үлкен мәселе болуы ықтимал".

Бірақ Қазақстанда цифрландыру ауыл мен қалада әртүрлі жүріп жатыр дейді сарапшы. Ауыл-аймақтарда интернет сигналдары не әлсіз не мүлдем жоқ.

Қазақстан өкіметі жергілікті цифрлық жүйе құруға инженерлер әлі жетіспей жатқанын, жасанды интеллект саласын дамытуға шетел инвестициясын тартуға тырысып жатқанын айтып отыр.

Балдақованың айтуынша, елде Тоқаев айтқан цифрлық мемлекет құруға деген әлеует әлі жетіңкіремейді.

"Бірақ сөйте тұра, мемлекет әлі де белгілі бір адамдарды ерекшелеп ала алады" дейді ол. "Олар ондай адамдарды цифрлық жүйелер, Интернет және телекоммуникациялар арқылы анықтап, аңди алады".

XS
SM
MD
LG