Accessibility links

Ресей жанар-жағармай экспортына шек қойды. Орталық Азияда бұдан кім ұтып, кім ұтылды?


Ресейдің Омбы қаласындағы "Газпромнефть" компаниясының мұнай өңдеу зауыты
Ресейдің Омбы қаласындағы "Газпромнефть" компаниясының мұнай өңдеу зауыты

Summary

  • Украина өз мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасағаннан кейін Ресейде жанармай тапшы болып, баға өсті, соның әсерінен билік бензин мен дизель экспортына шектеу енгізді.
  • Ресей импортына қатты тәуелді Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді Орталық Азия елдері мұның зардабын тартып отыр. Солардың ішінде ең көп соққы алған – Тәжікстан.
  • Ал энергия қоры мен мұнай өңдеу мүмкіндіктерінің арқасында Қазақстан мен Түркіменстан салыстырмалы түрде тұрақты, тіпті пайда да көріп отыр.

Украина елдің мұнай өңдеу зауыттарына дүркін-дүркін шабуыл жасағаннан кейін Ресейде жанармай тапшы болып, баға өсіп жатыр. Кейбір аймақтардағы жанармай құю станцияларында ұзын-сонар кезек байқалады.

Жағдайды әрі қарай ушықтырмау үшін Мәскеу бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салды немесе шектеді.

Бұл Ресейден келетін сұйық отынға күні қарап отырған Орталық Азияның кей елдерінде жанармай тапшылығы мен қымбатшылыққа алып келді.

ЕҢ ҚАТТЫ СОҚҚЫ АЛҒАН ТӘЖІКСТАН

Елде тұтынатын сұйық отынның барлығын дерлік шетелден, негізінен Ресейден алатын Тәжікстан қатты дағдарысқа ұшырады.

Мәскеудің стратегиялық серіктесі және одақтасы саналатын Тәжікстан әлі күнге дейін екіжақты импорт келісімдері негізінде Ресейден отын алып отыр.

Бірақ Ресей энергия өнімдері экспортына шектеу қойған биылғы жаздан бері Орталық Азияның ең кедей елінде баға қатты өсті. Бензиннің бір литрі 1,30 долларға дейін жетті. Бұл – аймақтағы ең жоғары баға.

Ресей импорты төңірегіндегі белгісіздік әсерінен Тәжікстан тұрғындары энергия тұтыну моделін өзгертті. Қазір Душанбеде сұйытылған газбен немесе электрмен жүретін қоғамдық көлік пен такси көбейген.

Дегенмен, Душанбе Ресейден импорттайтын бензин көлемі биылғы жылдың соңында 500 мың тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 451 мың тонна болған еді.

ШАРУАСЫ ШАТҚАЯҚТАҒАН ҚЫРҒЫЗСТАН

Қырғызстан тұрғындары тұтынатын бензин мен дизельдің 90 пайызы Ресейден келеді.

Мәскеу үстемдік ететін Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, Ресей Қырғызстанға жанармай экспортын толық тоқтатқан жоқ.

Соған қарамастан, Қырғызстанда да баға өсіп, өнім жеткізу қиындады, жаздан бері бензин тапшы бола бастады.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей импортына толық дерлік тәуелді болғандықтан, бұл елдің жағдайы қиын. Тәжікстан сияқты мұнда да энергия көзі болғанымен, мұнайды өңдеу мүмкіндігі жоқ.

«Қысқа мерзімде Ресей тасымалдаушыларына балама өте аз. Бұл баламалардың барлығы инфрақұрылымға біраз инвестицияны қажет етеді және қазіргі Ресей өнімдеріне қарағанда қымбатқа түседі», – деді Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбатында экономист Нұргүл Әкімова.

ӨЗГЕ САТУШЫЛАРҒА БЕТ БҰРҒАН ӨЗБЕКСТАН

Өзбекстан әлі де Ресей компанияларымен арадағы үкіметаралық келісімдер аясында Ресейден бензин мен дизель отынын импорттап отыр.

Алайда Ресейге шамадан тыс тәуелді болудан сақтанған, Орталық Азиядағы халқы ең көп бұл ел Қазақстан мен Түркіменстаннан жанармай импортының көлемін арттырды. Өңірдегі ең ірі экспорттаушылар – осы елдер.

Өзбекстанда мұнай қоры көп болғанымен, өндірісті ұлғайтуға қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз. 2024 жылы елде тәулігіне шамамен 63 мың баррель ғана мұнай өндірілді.

Ташкент ескі энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және шетелдік инвестиция тарту арқылы мұнай өндірісін арттыруды жоспарлап отыр.

Мұнай кенішіндегі жұмысшы. Қызылорда облысы. 21 қаңтар, 20016 жыл.
Мұнай кенішіндегі жұмысшы. Қызылорда облысы. 21 қаңтар, 20016 жыл.

ӨЗІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН ҚАЗАҚСТАН

Өңірдегі көп көршісінен айырмашылығы, Қазақстан негізінен өзін-өзі энергиямен қамтамасыз етеді. Елде энергия қоры мол әрі мұнайды өңдеуге қажетті технология бар.

Қазақстан жыл сайын шамамен 14 миллион тонна мұнай өнімін өндіреді – бұл көрсеткіш бойынша ол Орталық Азияда алдыңғы орында. Сонымен қатар жыл сайын Ресейден тағы 1,2 миллион тонна мұнай өнімін импорттайды.

Дегенмен, ел Ресейдегі мұнай өңдеу жүйесіндегі іркілістердің кесірін сезінбей қалған жоқ. Биыл мамыр айында Астана мұнай өнімдерін экспорттауға алты айға тыйым салып, шекара арқылы заңсыз отын тасымалын қатаң бақылады.

Ел аумағында отын тапшылығының алдын алу үшін үкімет осындай амал жасады. Шектеу мерзімі қарашада аяқталуы тиіс.

Қазақстан үкіметі 2040 жылға қарай Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ Қытай мен Үндістанға мұнай өнімдері экспортын арттыруды жоспарлап отыр.

Түркіменстанның Түркменбаши қаласындағы мұнай өңдеу кешені
Түркіменстанның Түркменбаши қаласындағы мұнай өңдеу кешені

СЫРТҚЫ ТЕРБЕЛІСТЕРГЕ СЕЛТ ЕТПЕГЕН ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстан негізінен сыртқы әсерден оқшау қалып отыр.
Мол мұнай мен газ қоры және өндіріс саласын үкіметтің қатаң бақылауда ұстауы арқасында елдің ішкі нарығы салыстырмалы түрде тұрақты.

Ішкі нарықтағы субсидияланған баға түркімен тұтынушыларын сыртқы күйзелістерден едәуір қорғап отыр.

«Түркіменстан – өңірдегі барлық энергия ресурстары артығымен бар жалғыз мемлекет», – деді экономист Марат Мүсірәлиев Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

3 қазанда Түркіменстан билігі 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бензин мен дизель өндіру бойынша жоспарды артығымен орындағанын мәлімдеді. Алайда Азаттық бұл деректі тәуелсіз түрде растаған жоқ.

Түркіменстан тәулігіне шамамен 275 мың баррель шикі мұнай мен сұйық отын өндіреді.

Көрші Қазақстан сияқты, Түркіменстан да энергия нарығындағы тербелістерден пайда көріп, аймақ елдеріне мұнай өнімдерін көбірек экспорттап отыр.

Басылымдардың жазуына қарағанда, Ашхабад көршілес Өзбекстан мен Ауғанстанға экспорт көлемін арттырып жатыр.

XS
SM
MD
LG