Accessibility links

Ресейден Балқанға дейін: Сербия Орталық Азия мигранттары жиі баратын елге айналды


Ресейде шетелдік жұмыс күшіне қысым үдеген тұста Сербия Орталық Азия мигранттары жиі баратын елге айналды. Ел астанасы Белград көшелерінде қырғыз немесе өзбек тілінде сөйлескендерді, ерекше акценті бар курьерлерді жиі кездестіруге болады. Дәмханаға кіріп, дәмі үйірілген лағманнан дәм татуға болады. Алайда ол жақта да мигранттар, ауқымы Ресейдегідей болмаса да, ара-тұра мәселелерге кезігіп жатады. Олар қандай салада жұмыс істейді? Сербия мигранттарды қалай қарсы алып жатыр? Қиындық туындаған жағдайда оларға кім көмектеседі?

Мәскеуден Белградқа дейін

Белградтағы шағын пәтерде Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мигранттар тұрып жатыр. Қырғыз азаматы Хәлел Құранбаев бұл жаққа бір жылға жуық уақыт бұрын келген, бірақ қазірдің өзінде жергілікті аумаққа бейімделіп үлгерген.

"Адамдар жаңа келгенде хостелдерде тұрады. Бірнеше ай тұрып, достар тауып, танысады, үш-төрт адам бірігіп, пәтер жалдайды. Ресеймен салыстырғанда мұнда баспана мәселесін шешу оңайырақ. Ол жақта пәтерлерді "тек славяндарға" ғана жалға береді. Ал мұнда алалау жоқ. Пәтер иелерімен келісу оңай. Ең бастысы — тыныш тұрып, шуламау керек, сол кезде бәрі жақсы болады" деді ол.

Хәлел Құранбаев
Хәлел Құранбаев

Осы ғимаратта Хәлел досымен бірге жуырда Орталық Азиядан келгендерге арнап шағын асхана ашты.

«Біздің асханамыз бірінші қабатта. Жоғарғы қабатта пәтерлер мен хостелдер орналасқан. Біз қызметкерлеріміз үшін біреуін жалдадық. Бұл ыңғайлы: төменге түсіп жұмыс істейміз, сосын қайта көтеріліп, демаламыз» деді ол.

Сербияда тұрақтап қалған Орталық Азиядан барған өзге мигранттар тәрізді Хәлел де бұрын Ресейде жұмыс істеген. Жиі тексерістер, заңнаманың күшейтілуі және ксенофобияның артуы оны Ресейден кетуге мәжбүрлеген.

«Ресейде үреймен өмір сүресің, сізге кім және қашан тиісетінін білмейсіз. Кейінгі кезде ол жақта "халық арасынан жасақталған кезекші топтар" пайда болған. Олар полицейлермен бірге көшені аралап, құжаттарды тексереді. Сол үшін кетіп қалдық. Біз сияқты мигранттарға өмір сүру мүмкін емес болды. Ал мұнда қауіпсіз. Егер заң бұзбасаңыз, ешкім тиіспейді. Полицияны бірнеше рет көрдім. Олар құжаттарыңды тексеріп, сыпайы қоштасады. Ешқандай қысым жоқ» дейді ол.

Хәлелдің асханасында тамақ ішіп отырған мигранттар.
Хәлелдің асханасында тамақ ішіп отырған мигранттар.

Мигранттар Сербияға қалай жетеді?

Сербияның ұлттық статистика басқармасының дерегінше, 2025 жылы шілдеде орташа жалақы 150 мың динар (шамамен 1300 еуро), ең төменгі жалақы шамамен 53 мың динар (450 еуро) болған.

Алайда көп мигрант әсіресе, қызмет көрсету саласында істейтін жұмысшылар жалақыны "конвертпен" алады және әдетте олардың кірісі ресми деңгейден төмен.

«Адамға байланысты. Жақсы жұмыс істейтіндер айына 2 мың еуроға дейін ақша таба алады. Ресейде бұлай ақша табу үшін күні-түні, аптасына жеті күн жұмыс істеуің керек. Мұнда жағдай басқаша. Құжаттармен де мәселе оңайырақ. Қырғызстан азаматтары мұнда визасыз 90 күнге дейін бола алады. Осы уақыт аралығында құжат тапсырып, жұмыс істеуге рұқсат алуға болады. Оны алғаннан кейін жергілікті халық сияқты құқыққа ие боласың. Медициналық сақтандыру да бар. Мысалы, егер ауырып қалсаң, кез келген ауруханаға барып, құжаттарыңды көрсетсең, сені қабылдайды. Бәрі заңды. Салық төлейсің, мемлекет саған жағдай жасайды» дейді ол.

Белград
Белград

Сербия мигранттар мәселесіне келгенде Еуропада либералды саясат ұстанатын елдердің қатарында. Мұнда серб жұмысшыларының Батыс Еуропаға ағылуына байланысты мамандар тапшылығы байқалады. Сондықтан үкімет шетел жұмыс күшін тартуға бағытталған 2021–2027 жылдарға арналған экономикалық көші-қон стратегиясын жүзеге асырып жатыр. Бұған қоса, Сербия Еуроодаққа кірмейді, ол одақ шекарасында орналасқан. Бұл оны мигранттар үшін қолайлы ел етіп тұрған тағы бір фактор.

Кейінгі 3,5 жылда Украинада соғыс басталғаннан кейін Белградқа мобилизациядан қашқан мыңдаған ресейлік келген. (Сербия ресейліктерді визасыз қабылдайтын Ресейдің жақын одақтастарының бірі).

Енді олардың қатарына Орталық Азиядан барған азаматтар да қосылып жатыр, негізінен құрылыс, тамақтану, қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Аймақта мигранттардың саны жөнінде ресми дерек жоқ, алайда былтыр осы елге виза алған өзбек азаматтарының күрт артқаны жөнінде Ташкент хабарлаған.

Тәжікстан мен Түркіменстан азаматтарына да Сербияға кіру үшін виза керек. Қазақстандықтар мен қырғыз азаматтары Сербия аумағында 90 күнге дейін визасыз бола алады.

Белград көшесінде.
Белград көшесінде.

Қырғызстанмен визасыз режим Белградта аспаз болып жұмыс істеп жатқан Шақсұлтан Қошқарбаев сияқты жұмысшылардың келуін жеңілдеткен. Жұмысқа орналастырумен айналысатын агенттіктер Белградты желіде қатты жарналамайды дейді ол.

-— Агенттік компаниямен келісіп, саған шақыру жібереді. Барғаннан кейін жұмыс беруші сені хостелге орналастырады. Қырғызстан азаматтарының басым бөлігі Сербия жөнінде аз біледі. Ақпаратты негізінен жарнама арқылы біреді. Хабарландырулар көп жағдайда Telegram және Instagram-да пайда болады, — дейді Шақсұлтан.

Бұған дейін Шақсұлтан Ресейде төрт жыл жұмыс істеген.

«Кейінгі жылдары ол жақта жағдай нашарлап, Қырғызстанға оралған болатынмын. Сербия немесе Белград жөнінде мүлде ештеңе естіген емеспін. Бұл жаққа хабарландыру арқылы тап болдым» дейді ол.

Шақсұлтан Қошқарбаев
Шақсұлтан Қошқарбаев

Кепілсіз жұмыс

Қырғызстандық Рысбек те хабарландыру арқылы Сербияға аттанған, бірақ қайтып кеткен. Айтуынша, ол алаяқтарға жем болған.

Рысбек
Рысбек

«900-2500 доллар аралығында жалақы төлейміз, курьер болып істеу үшін көлік немесе скутер береміз деп уәде берген. Алайда бұлардың ешқайсысы да орындалмады. Ақыры айына 700 доллар төледі, кейде одан да аз. Бізді жіберген көп компания кейін жабылып қалды. Мұнда келгеннен кейін оларды таппай қалдық" дейді ол.

2019-2022 жылдары Ресейде жұмыс істеген Рысбек Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейге балама ел іздеген.

21 жастағы қырғыз азаматы Шамильдің де оқиғасы осыған ұқсас. Ол Ресейде 2024 жылы "Крокус Сити Холлдағы" терактіден кейін мигранттарға қарсы репрессия басталған кезде сол жақтан кетіп қалған.

Бір жыл ішінде Шамиль бірнеше рет жұмысын ауыстырған. Айтуынша, бұған жұмыс берушілердің қарым-қатынасы түрткі болған.

—Бір компания төлемей 15 күн істетіп қойды, кейін тағы 15 күн күтуді сұрады. Ақыры шамамен жүз жұмысшы бір жарым ай күтіп, жалақы ала алмады, — дейді Шамиль.

Сербияда еңбек көші-қоны қауіп-қатермен астасып жатқанын жергілікті және халықаралық БАҚ та жазған.

2022 жылы Азаттықтың Өзбек қызметі жұмысшыларға жалақы төлемеу, күш көрсету және жұмысшыларды күштеп депортациялау оқиғалары туралы жазған. 500 адамның шамамен 200-і маңдай термен тапқан ақысын ала алмай сол күйі елден шығарылған.

Жуырда өзбек мигранттарының еңбек құқығы туралы зерттеуді Balkan Insight та жариялаған. Оған сәйкес, келген жұмысшылар еңбекті қанау мен алаяқтыққа тап болуы мүмкін.

Белградтағы "Лайықты еңбек" орталығының жетекшісі Марио Релиянович:

Марио Релиянович
Марио Релиянович

«2024 жылы Сербияда шамамен 80 мың шетел жұмысшысы істеген. Шетел азаматтары әдетте ауыр және төмен бағаланатын жұмыстарды істейді. Мұндай жұмыстарға жергілікті халық бармайды. Кей жұмыс берушілер әдейі шетел азаматтарын жалдайды, себебі олар заңды білмейді, өз құқықтарын қорғай алмайды. Біздің еңбек заңнамамыз кейінгі 10-20 жылда қатты өзгерген жоқ. Егер заңдарымыз қатаң сақталғанда, шетел жұмысшыларының құқығы қорғалатын еді. Бірақ қазір бақылау жоқ. Сербиядағы шетел жұмысшыларының басты мәселесі - көлеңкелі немесе тіркелмеген жұмыс. Яғни, олар құжатсыз және рұқсатсыз істейді» дейді ол.

Қиындықтарға қарамастан қырғыз азаматы Шамильде Сербиядан кету ойы жоқ. Екі ай бұрын аспаздың көмекшісі болып жаңа жұмысқа орналасты.

Өзінің сөзінше, қырғыз азаматтарының көбейіп жатқаны да оған қолайлы.

«Мұнда қырғыздар көбейіп жатыр және Сербия Ресей сияқты болып қалды», — дейді Шамиль.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы

XS
SM
MD
LG