Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан энергетика министрлері 25-26 қыркүйекте "Қамбар-Ата-1" су электр станциясы құрылыс жобасын талқылау үшін Брюссельге жиналды. Қырғызстан жағынан кездесуге — Талайбек Ибраев, Қазақстан жағынан — Ерлан Ақкенженов, Өзбекстан жағынан Жорабек Мырзамұхамедов қатысты.
"Тараптар бұған дейін қол жеткізген жетістіктерді, соның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме жобасын және қоршаған ортаға және әлеуметтік әсерді алдын ала бағалау құжаттамасын талқылады. Тараптар 2025 жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған жергілікті, ұлттық және трансшекаралық деңгейлердегі мүдделі тараптардың алдағы кеңесін талқылады. Олар үш елдің жобаны бірлесіп жүзеге асыру тетіктеріне, жобаны қаржыландыруға қойылатын жаңартылған талаптарға және қосымша қаржыландыруды, соның ішінде халықаралық қаржы институттары мен даму серіктестерін жобаға тарту мүмкіндіктеріне қатысты аспектілерді бөлек қарастырды" деп жазылған Қырғызстан энергетика министрлігінің хабарламасында.
Кездесуді ұйымдастыруға Дүниежүзілік банк көмектескен. Аталған қаржы ұйымы үш елдің үкіметтерінің өтініші бойынша жобаны әзірлеуге техникалық қолдау көрсетіп жатыр.
Совет одағы құлағаннан кейін 25 жылдан астам уақыт бойы Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов Орталық Азияның сумен қамтамасыз ету жүйесін өзгертуі мүмкін кез келген жаңа жүйеге қарсы болды. 2016 жылы ол өлгеннен кейін және билікке Шавкат Мирзияев келгеннен кейін Ташкент Нарын өзенінде бірігіп су электр станциясын салуға дайын екенін мәлімдеген.
Қуаты 1 860 мегаватт болатын "Қамбар-Ата-1" су электр станциясын бірігіп салу туралы келісімге 2023 жылдың басында үш мемлекет қол қойды. Бішкекте қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан (33%), Қырғызстан (34%) және Өзбекстан (33%) құрылысқа жауапты компанияға бірігіп иелік етеді. Тараптар құрылыс жобасы аяқталғанға дейін осы құрылымды сақтап қалады, одан кейін бөгетке ие болу құқығы мен су электр станциясы Қырғызстанға өтеді.
2023 жылы сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров құрылыс құны 5-6 миллиард доллар болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Жоба иелерінің айтуынша, ол кемінде 15 жылдан кейін аяқталуы мүмкін. Сарапшылар жоба құны онан да қымбат болуы мүмкін және құрылысы одан да созылуы ықтимал дейді.
Орталық Азияның үш мемлекетінің министрлері "Қамбар-Ата-1" жобасы бойынша осымен үшінші рет кездесіп отыр. Бұған дейін екі кездесу Ташкент пен Дубайда өткен.