Accessibility links

"Не істерімізді білмейміз". Жүргізушілер Қазақстан-Ресей шекарасынан өте алмай тұрғандарын айтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейге жүк тасымалдайтын қырғыз жүргізушілері Қазақстан-Ресей шекарасында тосқауыл көбейгеніне шағымданып отыр. Апта басында Қырғызстаннан Ресейге жүк тасымалдайтын жүргізушілер 9 қыркүйектен бері шекарадан өте алмай қиналып жатқанын, бұған Қазақстан жағы енгізген электронды кезек жүйесі талаптарының күшеюі және Ресей талап ететін тиісті құжаттардың жоқтығы себеп болғанын айтқан. Кейбір жүргізушілер шекара тексерісінен кейін кері бұрылуға мәжбүр болды. Қырғызстан үкіметі әзірге бұған реакция білдірген жоқ.

Аты-жөнін толық атамауды өтінген қырғыз жүргізуші Азамат 16 күннен бері Қазақстан-Ресей шекарасынан өте алмай жүргенін айтты. 8 қыркүйекте ол Шудың Кант қаласынан тұрмыстық заттарды тиеп, Мәскеуге жолға шыққан. Ол серіктесімен Қазақстанның Ақтөбе облысының Қобда қаласына жеткенде жүк тиеген компаниядан телефон соғып, Қазақстан-Ресей шекарасынан өтпеу керектігін айтқанын жеткізді. Азамат содан бері 16 күннен бері шекарадан 200 шақырым жерде көлікте тұрып жатқанын, артқа да қайта алмайтынын айтты.

"Бұл компаниямен көптен бері жұмыс істеп келеміз. Бұл жолы тауарды тиеп, құжаттарымызды берді. Шекарадан өту үшін электронды кезекке тұрғанбыз. Алайда 9 қыркүйекке қараған түні бізге "шекарадан өтпе, келіссөздер жүріп жатыр" деген хат келді. Енді өтеміз бе, қайтамыз ба, білмейміз. Жүкті D-2 деген фирма жөнелтіп жатыр. WhatsApp-та 4-5 топ ашқан. Олардың әрқайсысында кем дегенде 50-60 жүргізуші бар. Демек, 200 жүк көлігі бар деп есептесе болады. Олар тек сол жерде тұрғанымыз үшін 100 доллар төлейміз деп айтты. Бірақ ол туралы хабар да үзілген. Компанияға хабарласқан кезде «өтпеңіздер, әлі де сөйлесеміз, мәселені шешеміз» деп айтады. Қытайдан келетін Қырғызстан кедені арқылы өтетін тауарлардың тек 20% құжаттары бар. Олар бізге кірмеу керектігін айтып жатыр" деді ол.

Азамат тиелген тауардың құжаттары толық болмай қалған жағдай бұрын да болғанын айтады. Алайда мұндай жағдайда олар мәселені "ішкі келіссөздер" арқылы шешкен.

"Мәселен, жүкті 4 мың долларға тасымалдаймыз десек, шекарадағы тосқауылдарға кететін қаражат соның ішінде болады деп айтамыз. Сосын Қырғызстаннан шыққанда құжаттарымызды көрсетіп, тез өтеміз. Қазақстанда болса, 40 мың теңгеге дейін барады. Бұрын ресейлік кеденшілер 5 мың рубль алатын. Сол арқылы құжаты толық рәсімделмеген тауарларды алып өтеміз. Қазір неге екені белгісіз, талап күшейіп барады. Жарты айдан бері қол қусырып отырып, шаршадық. Артқа қайтайық десек, Қырғызстан тауарларды уақытша қоймаларға орналастырып, әрбір тауардың құжатын тексереді. Сертификатталмаған тауар саудаға түссе, көп айыппұл салады, D-2 компаниясын жауапкершілікке тартады. Сол себепті олар бізді артқа қайтпасын деп отыр. Бұл схема ұзақ уақыт істеген, шекарадағы барлық мәселе ақшамен шешілген. Енді мұндай нәрсе жоқ. Не істерімізді білмейміз. Мойнымда 3 мың долларлық несием бар, отбасым, бала-шағам, ата-анам бар. Тиісті органдар бұл мәселеге мән бермесе, жағдай қиын болмақ. Тек D-2 компаниясы емес, Қырғызстаннан келетін жүк көліктерінің барлығы тоқтатылды» деді ол.

Жүргізушілердің бірі Икромидин Саттаров та 7 қыркүйекте Шудан қажетті заттарды тиеп, Мәскеуге бет алған. Ол 17 қыркүйекте Қазақстанның Орал қаласына барып, шекарадан өте алмай кері қайтқан. Қазір Қордайдан 30 шақырым жерде, қырғыз-қазақ шекарасына жақын жерде тоқтап тұр. Қазақстандық кеденшілер оның жүгін уақытша қоймаға орналастырып, бір аптадан бері ұстап отыр.

"Қазақстандық кеденшілерге тез тексеріп, жіберіңдер деп сұрағанымызда, Астанадан бұйрық келмегенін, онсыз тауарды тексере алмайтынын айтты. Енді не істерімізді білмейміз. "Д-2" компаниясының басшылары "не істесең оны істе, бірақ жүкке сен жауап бересің" деп отыр." Енді не істерімізді білмейміз» деді ол.

"Сырым" (Маштаково) деп аталатын Қазақстан-Ресей бақылау-өткізу бекетінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі түзілген. Қазақстанның көлік министрлігі 21 қыркүйекте шекарада ұзын-сонар кезек пайда болғанын растап, мұны Ресей жағының тексеру жұмыстарының күшеюмен байланыстырды. Бұл туралы министрлік өзінің ресми сайтында хабарлады.

"Көлік министрлігі өкілдері шекара қызметімен бірлесіп, Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекара арқылы өтуге жағдай жасайтын, әрі елдің көлік-логистикалық жүйесінде стратегиялық маңызға ие автомобиль өткізу пункттеріне іс-сапар жасады....Тексеру нәтижесінде бірқатар өткізу пункттерінде, әсіресе жүк көліктерінің Ресей Федерациясы бағытына қарай шығатын бейтарап аймақта жиналуы анықталды. Бұл кезектің қалыптасуына, өткізу рәсімдерінің баяулауына және жүргізушілер үшін қосымша уақыт шығынына әкелуде. Аталған жағдайға Ресей тарапынан бақылау шараларының қатаңдатылуы себеп болып отыр. Атап айтқанда, жүктерді тексеру рәсімдері күшейтілген, көлік құралдарын қарау уақыты ұлғайтылған, сондай-ақ құжаттарды тексеру мен санитарлық және фитосанитарлық талаптардың сақталуын бақылауға қосымша шаралар енгізілген" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Қырғызстандық кәсіпкер Айбек Сарығұл өзінің Facebook парақшасында Қазақстан-Ресей шекарасынан тек қырғыз жүргізушілер ғана емес, өзге ел жүргізушілері де өте алмай жатқанын жазды. Оның сөзінше, Ресей жағында бұрын "сыйақы" алып, тауарларды өткізіп жүргендер қазір одан бас тартқан.

"Кей мәліметке қарағанда, қазір Ресей-Қазақстан шекарасының Қазақстан жағында 12 мыңнан астам жүк көлігі тұр. Онда тек қырғыз жүк көліктері ғана емес, қазақстандық, өзбек, ресейлік жүк көліктері де бар. Онда киім-кешек пен түрлі азық-түлік, былайша айтқанда, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар тиелген. Тек азық-түлік көліктері ғана өтіп жатыр" дейді Айбек Сарығұл.

Ресейдің федералдық кеден қызметі 24 қыркүйекте бірқатар ресейлік БАҚ-қа Қазақстан-Ресей шекарасындағы ұзын-сонар кезектің жай-жапсарын баяндады. Онда Қазақстан арқылы Ресейге контрабандалық жүк тасымалдаушылардың шекарадан өтуге қорқып, ұзын-сонар кезекте тұрғаны айтылған.

"Қазіргі уақытта бақылау-өткізу бекеттерінде кептеліс Ресейдің сыртқы экономикалық қызметінің кейбір адал емес қатысушыларының кесірінен болып отыр. Олар бақылау күшейген кезде "көлеңкелі" импорт немесе контрабандамен ұсталып қаламыз деп қауіптеніп, тасымалдаушыларға сапарға шықпауға нұсқау беріп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Федералдық кеден қызметі Қазақстан жағы қазіргі уақытта қосымша тексеру шараларын жүргізіп жатқандықтан, Ресейден Қазақстанға шығар жолда да көліктер тұрғанын, бірақ Ресейге кіретін жолдарда көліктер шоғыры жоғын хабарлады.

2010 жылы Ресей, Беларусь және Қазақстанның қатысуымен құрылған Кедендік одақ 2015 жылы Еуразия экономикалық одағына айналды, оған Армения мен Қырғызстан қосылды. Ол кезде Қырғызстан ұйымға мүшелікті мигранттардың еркін қозғалыс және ұйымға мүше мемлекеттер арасында тауарлардың кедергісіз өтуімен байланыстырды. Алайда қырғыз жағы шекарадан жүк тасымалдауда кедергілерге тап болғанын бірнеше рет мәлімдеген.

Соңғы жағдайға үкімет деңгейінде ешқандай реакция болған жоқ.

Жуырда Қырғызстанда қазақ-қырғыз шекарасындағы «Чалдыбар» көлік өткізу бекетіндегі жемқорлық схемаға қатысы бар деген күдікпен 23 қызметкер ұсталды. Бұл жөнінде 26 қыркүйекте ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚК) хабарлады.

24 қыркүйекте ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиевтің қатысуымен жиын өтіп, күдіктілер сол жиын кезінде ұсталған. Сол кезде салық қызметінің 7 қызметкері, шекара қызметінің – 6, көлік министрлігінің – 4, ауыл шаруашылығы министрлігінің 6 қызметкері ұсталып, ҰҚК тергеу изоляторының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті «Чалдыбар» бақылау-өткізу бекетінің жұмыс аймағында жоғарыда аталған мекемелердің лауазымды тұлғалары жекелеген «делдалдармен» келісе отырып, тауарларға қосымша жалған құжаттарды пайдалана отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден тауарларды заңсыз әкелу (контрабандалық) бойынша сыбайлас жемқорлық схемасын құрғанын хабарлаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы

XS
SM
MD
LG