Accessibility links

Axios: Трамп Зеленскийге Tomahawk ракеталарын беруден бас тартты


Әскери кемеден жіберілген Tomahawk ракетасы.
Әскери кемеден жіберілген Tomahawk ракетасы.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Tomahawk ракеталарын беруден бас тартты. Мұндай өтінішті Украина басшысы Владимир Зеленский айтқан.

Axios басылымының жазуынша, Нью-Йоркте Трамппен кездесу кезінде Зеленский мұндай ракеталар Ресейге қысымды үдетіп, президент Владимир Путинді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлейді деп айтқан.

Кездесуден хабардар Axios дереккөздері мәселе Tomahawk ракеталарына қатысы болғанын растады.

Tomahawk — алысқа ұшатын қанатты зымыран. Оны қолдану үшін тиісті қондырғылар мен инфрақұрылым қажет. Мысалы, кеме немесе сүңгуір қайықтарға орнатылған вертикал іске қосу қондырғылары және басқару жүйесі қажет. Мұндай платформаларсыз оны қолдану мүмкіндігі шектеледі.

Зеленский Axios басылымына берген сұхбатында "ол бізге керек, бірақ бұл оны міндетті түрде қолданамыз дегенді білдірмейді. Себебі ол Путинді келіссөз үстеліне отырғызуды көздейтін қосымша қысым болады" деген. Оның сөзінше, мұндай ракетаны қолдану-қолданбау Ресейдің әрекетіне байланысты анықталмақ.

Зеленский сонымен бірге Трамп Украинаның инфрақұрылымына соққыларға симметриялық жауапты құптағанын да атап өтті.

"Егер олар біздің энергетикаға шабуыл жасаса, президент Трамп олардың да энергетикасына шабуыл жасауды құптады" деді ол.

Дегенмен Трамп Tomahawk ракеталарын НАТО елдеріне сату арқылы Украинаға беруден бас тартқан.

1 000 мильге дейін ұшатын RTX компаниясы шығаратын Tomahawk ракетасының мүмкіндігі Украина күштері қолданатын америкалық РСЗО ATACMS (шамамен 190 миль) жүйесінің мүмкіндігінен әлдеқайда зор. Tomahawk-тың жылдамдығы да жоғары және Ресейдің түкпір-түкпіріне барып, қорғаныс жүйесінің кедергісіне тап болатын украин дрондарымен салыстырғанда әскери қуаты зор.

Axios дереккөзінің айтуынша, Америка жағы бұл соғысты ушықтырып жібере ме деп қауіптенгендіктен Украинаның ұсынысынан бас тартқан. Бұған қоса, Американың өзінде Tomahawk ракетасының саны шектеулі. Оны толтыруға ұзақ уақыт кетеді.

XS
SM
MD
LG