АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен тағы кездесе ме, жоқ па, ол жағын әзірге шешпегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, шешім алдағы бірнеше күнде қабылданады.
"Пайдасыз кездесу өткізгім келмейді. Нәтиже болатынына көзім жетпейінше уақытты бостан-босқа құртқым келмейді" деді Трамп.
Оның айтуынша, Путин Украина басшысы Владимир Зеленский сияқты соғыс біткенін қалайды. "Менің ойымша, ол жақын арада бітеді деп ойлаймын" деді Америка басшысы.
Бұған дейін Америка ақпарат құралдары АҚШ-Ресей саммитіне дайындық тоқтағанын хабарлаған. CNN мәліметінше, осы аптада жоспарлаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі де кейінге шегерілген. Арна сөйлескен мамандардың бірі тараптарда Украинадағы соғысты аяқтау мәселесінде қайшылық барын айтқан. Мәскеудегілер кездесу жоспарланабағандықтан сәйкесінше оны шегеру де мүмкін емес деп айтқан.
- Трамп 16 қазанда Путинмен телефонмен сөйлескеннен кейін Ресей басшысымен Будапеште кездесуі мүмкін екенін мәлімдеген. Осы әңгімеден кейін АҚШ президенті Украинада атысты тоқтату бойынша келісім жасау мүмкіндігіне қатысты оптимистік көзқараста екенін айтқан.
- 20 қазанда Рубио мен Лавров Трамп пен Путиннің кездесуіне дайындалу мақсатында телефонмен сөйлескен. Әңгіме Мәскеудің бастамасы бойынша болған. Ресей сыртқы істер министрлігінің сайтындағы хабарламаға қарағанда, әңгіме барысында тараптар 16 қазанда Трамп пен Путин қол жеткізген "уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін ықтимал қадамдарды" талқылаған.