Мирзияев Трамп Нобель сыйлығына лайық екенін мәлімдеп, "жанжалдарды тоқтатқаны үшін" мақтады

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев және АҚШ президенті Дональд Трамп

23 қыркүйекте БҰҰ бас ассамблеясының 80-сессиясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев кездесті. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшылары стратегиялық әріптестікті нығайту, 5 қыркүйек күнгі телефон әңгіме барысында жасалған келісімдерді жүзеге асыру мәселелерін талқылаған.

Трамп пен Мирзияевтің кездесуі тікелей эфирден таратылды. Трамп Мирзияевті "өте құрметті көшбасшы" деп сипаттады.

"Ол ұзақ жылдардан бері басқарып келеді – 15-16 жыл, дұрыс па? (Шавкат Мирзияев 2003-2016 жылдары Өзбекстан премьер-министрі болған, 2016 жылдың желтоқсанынан бері президент лауазымында — ред.) Өте озық әрі өзіне сенімді адам ғана ұзақ басқара алады" деді Трамп.

АҚШ президенті сонымен бірге Өзбекстандағы реформаларға қолдау білдірген. Өзбекстан президентінің сайтында жарияланған хабарламада бұл жөнінде "АҚШ басшысы жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды тағы қолдады" деп жазылған.

Видеода Мирзияевтің Трампқа алғыс білдіріп, орыс тілінде "бүгінгі кездесу үшін алғыс айтамын. БҰҰ сессиясындағы терең баяндамаңызбен құттықтаймын. Тамаша болды! Барлық мәселеге қатысты дұрыс айттыңыз" деді Мирзияев.

Ол сонымен бірге жанжалдарды бітіруге көмектескені үшін алғыс айтып, оның ішінде әсіресе Әзебайжан мен Арменияны ерекше атап өтті.

"Сіз Нобель сыйлығына лайықтысыз. Осыны айтып жүрміз және айта береміз де" деді Өзбекстан басшысы. Келіссөз соңында Мирзияев Трампты өзіне қолайлы уақытта Өзбекстанға баруға шақырды.

23 қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ бас ассамблеясының 80-сессиясының жалпы дебаты басталған. Осы сессияда Өзбекстан басшысы "жаңа Орталық Азия" туралы айтқан. Бір мезетте Орталық Азия басшылары өзге елдердің басшыларымен кездесті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция басшысы Эммануэль Макрон, Финляндия президенті Александр Стубб, Бельгия премьері Барт де Вевер, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесті.