21 қыркүйек күні Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Зеленский "Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын" білдірген, ал Қазақстан басшысы "қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет" деген.
Зеленский осы кездесу туралы мәлімдемесінде Украина, АҚШ, Еуропа және өзге елдердің соғысты тоқтату жөніндегі талпынысын талқылағанын айтты. Оның сөзінше, қос басшы сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті, қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен.
2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей Қазақстанның ең ірі көршісі, әрі жақын одақтасы. Халықаралық тергеуші журналистер, Еуропа институттары санкция ұшыраған Ресей шектеулерді айналып өтуде Қазақстанды пайдаланып отырғанын айтқан. Астана Ресеймен сауданы тоқтата алмайтынын, бірақ санкция талаптарын ұстануға бекініп отырғанын мәлімдеген. Тоқаев Ресей 2022 жылғы маусымда Ресейдегі экономикалық форумда Украина жеріндегі ЛХР мен ДХР дейтін Ресей қолдап отырған квазимемлекеттік құрылымдарды тәуелсіз ел деп мойындамайтынын айтты. Бірақ кейінгі сөздерінде ол Ресейді әскери тұрғыда жеңу мүмкін емес деп, соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға шақырған.
Қазақстан Ресей-Украина соғысында бейтарап болуға тырысып келеді. Бірақ украиналық "Хочу жить" жобасының мәлімдеуінше, осыған дейін мыңнан астам Қазақстан азаматы Ресей әскерімен келісімшарт жасасып, соғысқа аттанған. Қазақстан азаматтарына шетелдегі әскери қақтығыстарға жалданып қатысуға тыйым салынған.