23 жастағы өзбек азаматы Акбар Курбонов Украинадан видео үндеу жолдап, майданнан бір-ақ шыққанын мәлімдеді. Айтуынша, бәз біреулер оны алдап-арбап Ресей сапында соғысуға жіберген. Анасы ұлына араша сұрап, Ташкенттегі мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Өзбек билігі үнсіз.
"Президент, халқым! Олар қашуға талпынғандарды атып тастап жатыр. Соғысқа барғымыз келмейді десек, ұрып-соғып мәжбүрлейді" дейді Акбар Курбонов өз үндеуінде. "Олар кімді, қай жерде қорлағанын толық айтып беремін. Өзбектердің сүйегін қайда жерлегенін білемін. Олардың байғұс ата-аналары балалары үйіне оралады деп күтіп отыр. Соның бәрін біле тұра, үндемегенім жарамас. Өтінемін, көмектесіңіздер! Мен сияқты жапа шегіп отырғандар көп. Қасымда өзбектер көп, кейбірін жерлеп тастады".
Курбонов видео жазбаны туыстарына жіберіп, таратуды сұраған. Ол видеоны Украинаның оккупацияланған аумағында түсіргенін айтады.
Азаттықтың Өзбек қызметімен қысқаша тілдескен Курбонов № 41624 әскери полигонында жүргенін айтады. Редакция мұндай полигон Донецк облысының Ресей бақылап отырған жерінде барын анықтады.
"Ұрып-соғып қол қоюға мәжбүрледі"
Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сурхандарья облысы Шерабад ауданының тумасы 2024 жылы жұмыс іздеп, шетелге кеткен. Ол Набережные Челны қаласындағы (Татарстандағы ең үлкен екінші қала) КАМАЗ автозауытына жұмысқа тұрған.
Акбар Курбановтың айтуынша, 2025 жылғы 8 тамызда біреу оған қоңырау шалып, Дондағы Ростов қаласында орналасқан компанияға жүргізуші болуды ұсынған.
"Белгісіз адамдар мигранттарға қоңырау шалып жатады. Телефон нөмірлерін қайдан алатынын білмеймін. Оларға сенуге болмайды. Қайта-қайта хабарласып, мені көндіруге тырысты" дейді Акбар.
Азаттық Акбар мен өзін Сергей деп таныстырған әлгі адамның арасындағы жазбаша әңгімемен танысып шықты. Ол өзбек азаматын Андрей Колесников дейтін біреумен таныстырған. Содан соң, екі ер адам Акбарды Дондағы Ростов қаласының әскери комиссариатына алып барған. Сол жерде ол "жүргізуші келісімшарты" деп түсінген бір құжатқа қол қойған. Ал ол Украинадағы соғысқа қатысуға келісім беретін құжат болған.
"Андрей мені әскери комиссариатқа алып барды. Одан мұнда не үшін келгенімізді сұрағанымда маған медициналық тексеруден өту қажет екенін айтты. Әскери комиссариатқа барғанымызда Михаил және Кирилл дейтін екі мығым ер адам келді. Олар мені әскери комиссариатқа кіргізді. Маған көрсеткен келісім-шартта әскерде бір жыл қызмет ететінім жазылған. Қызметім "атқыш және граната лақтырушы" деп көрсетілген. Келісім-шартқа қол қоймайтынымды айтқанымда олар маған: "Қол қоюың керек, ата-анаң мұнда жоқ, бұл сенің елің емес, мұнда саған ешкім көмектеспейді" деді. Сосын мені ұрып, қол қоюға мәжбүрледі" дейді Акбар.
Өзбек азаматы осылайша майданнан бір-ақ шыққан. Азаттық одан Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін ақы алған-алмағанын сұрады.
"Олар маған ашылған банк картасына 400 мың рубль аударатынын айтты. Расымен аударған. Бірақ ол ақша маған керек емес. Бастысы осы жерден шықсам болды" деп жауап берді ол.
Азаттық Акбар Курбоновты майданға аттандырған Сергей деген ресейлік азаматпен байланыса алмады. Бірақ редакция Андрей Колесниковпен сөйлесті. Telegram желісінде жолданған сұраққа ол әуелі: "Жеке көлігіммен жолаушы тасымалдаймын" деп жауап беріп, кейін осы жауабын өшіріп тастады.
"Маған қағаз емес балам керек"
Курбонов өзбек билігінен шетелде жүріп көмек сұрап жатқан тұста оның анасы Рузигүл Бобоева Ташкенттегі мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Ол шенеуніктерден қолғабыс қылуды өтіну үшін өзбек астанасына барып, пәтер жалдаған. Бобоева әзірге өз сұрақтарына сырғытпа жауап алып отырғанын айтады.
"Ұлыммен телефон арқылы сөйлесіп жүрмін. Ол ас-су берілмейтінін, біреуден қалған тамақты талғажау етуге мәжбүр екенін айтып отыр. Құрметті сыртқы істер министрі! Қайда қарап отырсыз? Ұлымды қайтаруға неге көмектеспейсіз? Өзбекстанның барлық тиісті инстанциясына жүгіндім, маған тек қағаз беріп құтылады. Маған қағаз емес ұлым керек! Баламды қайтарыңыздар!" дейді Рузигүл Бобоева өз үндеуінде.
Рузигүл ұлын арбап-алдап соғысқа алып кеткендер жайлы барлық ақпаратты сыртқы істер министрлігі қызметкерлеріне бергенін айтады.
"Ұлыма қоңырау шалып, жұмыс ұсынғандардың аты-жөні мен телефон нөмірлерін бердім. Балам қиын жағдайға тап болды. Өзін Тимур деп таныстырған СІМ қызметкері: "Ұлыңызды қайтарамыз, әйтпесе екі ел арасында шиеленіс болады" деп жауап берді. Министрлік неге өтірік айтады? Министрліктегілер: "Ұлыңыз қашып кетсін" дейді. Қашып кетсе, ұстап алып, отырғызып қояды ғой. Олар тағы: "Ұлыңыздың ісі қиын, жұмыс істеп жатырмыз" дейді. Бірақ мен нәтиже көрмей тұрмын" дейді көзіне жас алған әйел.
Азаттық Өзбекстан сыртқы істер министрлігінен не өзге мекемесінен хабар ала алмады. Ташкент Курбонов ісі бойынша ресми мәлімдеме жасамады.
Азаматтары соғыста жүрген аймақ басшыларының үнсіздігі
Мәскеу ықпалы зор Өзбекстан да, Орталық Азиядағы өзге елдер де Ресейдің Украинаға басып кіруі мәселесінде бейтараптық ұстануға тырысып келеді.
Соғыс басталғанда сарбаздарын отқа айдаған Ресей адам күшіне мұқтаж болатыны бірден белгілі болды. Сөйтіп Кремльдің көзі Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарына түсті. Кейбірін жоғары жалақы мен Ресей азаматтығын береміз деп алдады, кейбірін қысым жасап мәжбүрледі, қалғаны соғысқа баруды Ресей түрмесінен босап шығудың жолы көрді.
Азаматтарын соғысқа алдап аттандырып жатқаны туралы хабарлар көбейген тұста Өзбекстан билігі шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу заңсыз екенін ескертіп қана қойды, Кремльдің еңбек мигранттарын соғысқа тартуын айыптамады. Айыптауға Орталық Азияның өзге елдері де барыспады.
Кейінгі үш жылда Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанда Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін ондаған адам сотталды (Тәжікстан ондай адамды қылмыстық жауапқа тартпайды, ал Түркіменстаннан бұл туралы ақпаратты алу мүмкін емес). Бірақ соғыста жүргендерінің саны одан әлдеқайда көп. Шамамен ондаған мың болуы мүмкін.
"Украина тұтқынында отырған шетелдіктер бойынша Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр. Қазір бұл ел ресейліктер айламен соғысқа тартқан азаматтар бойынша да бірінші орынға таласып отыр" деп жазды Украинаның "Хочу жить" дейтін мемлекеттік жобасы.
Жобаның мәліметінше, Өзбекстанның екі мыңнан астам азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасқан. Оның кемі 109-ы қаза тапқан.
Украинаның мәлімдеуінше, Ресей Орталық Азия елдері азаматтарын көбіне жаяу әскер қатарына тартады, оларды кейін қан майданға отқа айдайды.
"Хочу жить" жобасы шетелдіктерді алдап-арбап соғысқа тарту арқылы Ресей сол елдердің ішкі ісіне араласып, олардың егемендігіне нұқсан келтіріп отыр деп санайды.
"Бұл – олардың адами капиталын саналы түрде жою. Ресей өзге ел азаматтарын майдандағы шығынды өтейтін бір жолғы арзан күш көреді" деп жазды шілде айында жоба авторлары.
Аймақ елдері бұл мәлімдемеге жауап қатпады.
Жақында Душанбе қаласында өткен "Орталық азия – Ресей" саммитінде еңбек мигранттарын соғысқа тарту жөнінде жария ешнәрсе айтылмады. Ресей президенті Владимир Путин қатысқан саммиттің қорытынды коммюникесінде әріптестік, экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынас туралы ғана жазылған, Украинадағы соғыс туралы бірде-бір сөз жоқ.
Азаттық радиосының Өзбек қызметі.