АҚШ президенті Дональд Трамп күтпеген жерден Украина Еуропа көмегімен Ресей басып алған жердің барлығын қайтарып ала алады деп мәлімдеді.
Ол бұл мәлімдемесін 23 қыркүйек күні әлеуметтік жазбасында жасаған. Соның алдында ғана АҚШ президенті Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен.
Трамптың жаңа мәлімдемесі көпті таңғалдырды. Бұған дейін ол да, АҚШ-тың өзге шенеуніктері де бейбітшілік орнауы үшін Украина Ресейге кей жерлерін беруге көнуі қажет деп келген.
Биыл ақпанда Ақ үйде өткен шиеленіске толы кездесуде Трамп Зеленскийге Украина қолында соғысты жеңуге "тетік жоқ" деген.
Ал қазіргі жазбасы жауаптан гөрі сұрақты көбейтіп отыр.
Трамп соғысты аяқтау жөніндегі талпыныстардан бас тарта ма? АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкциялары әлі де жариялануы мүмкін? Ақ үй ұстанымының өзгеруі Кремльдің Украинадағы соғыс жөніндегі саясатына әсер ете ме? Осы сұрақтарды тарқатып көрелік.
Санкциялар әлі де жариялануы мүмкін бе?
"Украина Еуропа одағының көмегімен соғысуға, тіпті өз территориясын толықтай қайтаруға қауқарлы. Уақыт пен төзімділіктің арқасында, Еуропаның, әсіресе НАТО-ның қаржылай қолдауымен соғыс басталғанға дейінгі шекараны қалпына келтіруге әбден мүмкіндік бар" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Трамп осы жазбада "Путин мен Ресей үлкен экономикалық қиындыққа тап болып отыр" деу арқылы Кремль ақшадан қағылса, соғыста жеңіліс табады дегенді меңзегендей болды.
Бірақ ол осыған дейін Ресейге және оған көмектесіп отырған елдерге қарсы жаңа санкциялар салуы мүмкін екенін бірнеше рет айтқанымен, бұл жазбада ол туралы сөз етпеді. Кей сарапшылар осыған қарап, АҚШ жаңа санкциядан бас тартқалы отыр деп топшылады.
Содан санаулы сағат бұрын БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп Ресей "соғысты аяқтау жөніндегі келісімге дайын болмаса", АҚШ "ауыр тарифтердің қуатты топтамасын жариялауға толық әзір" деді. Сөйте тұра ол бұл қадамды Еуропа да жасауға тиіс екенін, еуропалықтар санкцияға қосылмаса, АҚШ-тың шарасы тиімсіз болатынын айтты.
Украинаға деген қысымды жеңілдету ме?
Трамп қаңтарда президент ретіндегі екінші мерзімінде бастағанда Украинадағы соғысты аяқтауға басымдық беретінін айтқан. Киев содан бері АҚШ Украинаны Ресей жаулап алған жерлерден бас тартуға итермелей ме деп алаңдап келген.
Ресей қазір Украина жерінің шамамен 20 пайызын бақылап отыр және Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы өз бақылауында жоқ өзге жерлерден де дәмеленіп отыр.
Трамптың жаңа сөздеріне қарағанда, Вашингтон енді Украинаны жерінен бас тартуға итермелейтін көрінеді.
Лондондағы Патша колледжінің Ресей саясаты туралы профессоры Сэм Гриннің айтуынша, Трамп мұндай нәрсені бұған дейін айтпаған. Сарапшының сөзінше, Трамп расымен де соғысты аяқтау мәселесінде Украинадан жерінен бас тартуды талап етпейтін жолды таңдаса, мұның маңызы зор болмақ.
Трамп араағайындықтан бас тарта ма?
Дегенмен Трамптың жазбасы Вашингтон Киевке Ресей басып алған жерлерді қайтаруда толық қолдау көрсетеді дегенді білдірмейді. Ол басты жауапкершілікті Украина мен Еуропаға жүктеді, ал АҚШ тек «НАТО-ға қару жеткізуді жалғастырады» деді. Ал НАТО кейін бұл қаруды Украинаға бере алады.
"Бұл АҚШ өз одақтастырының Украинаға қару-жарақ бергеніне қарсы емес деген сөз. Бірақ мұны өзгеріс деуге келмейді" дейді Халықаралық дағдарыс тобының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бағдарламасының директоры Ольга Оликер Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында. "АҚШ украиналықтарға "Патриот" жүйелерін, одан өзге де қару-жарақтарды беруге міндеттеме алса, нағыз өзгеріс сол болар еді".
Соғысты аяқтау мәселесін сөз еткен Трамптың Еуропа мен Украинаны ерекшелегенін кей сарапшы АҚШ араағайындық қызметінен бас тартқалы отырға болуы мүмкін деп түйген.
Трамптың жазбасында қоштасы реңкі де байқалды: "Әйтеуір, екі елге де сәттілік тілеймін" деді ол. Бұдан бөлек, журналистерге берген сұхбатында ол "Путинмен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан", соғысты аяқтау оңай болады деп ойлағанын, бірақ "өкінішке қарай Ресей үшін бұл жақсы қарым-қатынастың рөл ойнамайтынын" айтты.
23 қыркүйек күні айтқан өзге бір сөзінде Трамп НАТО елдері өз аумағына өтіп кеткен Ресей әскери ұшақтарын атып құлатуы қажет деді.
Бірақ ол соғысты аяқтау жөніндегі талпыныстан бас тартатынын айтпады.
Журналистердің "Путинге әлі де сенесіз бе?" деген сұрағына ол "Бір айдың ішінде білесіздер" деп жауап берді.
Трамптың бұл сөзі АҚШ араағайындықтан бас тартатынын, Украина жеңісін қаламайтынын білдірмейді, дейді Сэм Грин.
Ресей бағытын өзгерте ме?
Ресей әдеттегідей Трамптың сөзін елемеген сыңай танытып, оның сөзі Кремльдің стратегиясына әсер етпейтінін меңзеді. Сарапшылардың айтуынша, Путин Украинаны бағындыруға бел буған және Ресей шарттарымен ғана келіссөз жүргізуге дайын.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украина басып алынған жерлерді қайтара алады деген ойды жоққа шығарып, "қазір келіссөзден бас тартқандардың жағдайы ертең одан да нашар болады" деді.
Трамп соғыста кім кінәлі, кім басым, АҚШ не істей алады деген мәселеде тұрақсыз болғандықтан, Ресей Вашингтонның сөзінен гөрі іс-әрекетін жіті бақылайды, дейді Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Найджел Гулд-Дэвис.
Ал Еуропа басшылары Трамптың сөздерін оң бағалап, мұны Еуропа Украинаға қаржылай қолдау білдіруін жалғастырса, АҚШ Еуропаға Украинаға қажет қару-жарақты сатуға рұқсат береді деп қабылдады, дейді Сэм Грин.
"Бірақ менің ойымша, Еуропа да, украиндар да... жағдайдың қайтадан өзгеруі мүмкін деп алаңдайды".