Ауғанстанда "Талибан" әйелдерге көп салада жұмыс істеуге тыйым салғаннан кейін Мәриям (аты-жөні автордың өтініші бойынша өзгертілді) онлайн түрде аударма жасап, нәпақа тауып жүрген.
Бірақ өткен аптада радикалды топ елдің едәуір аймағында оптика-талшықтық интернетті өшіргеннен кейін Мәриям сияқты азаматтар қиын жағдайда қалды.
Нәтижесінде көптеген аймақ пен ірі қалаларда үкіметтік мекемелер, үйлер мен жеке кәсіпорындар Wi-Fi-сыз қалды.
"Интернетті өшіргеннен кейін көп мәселеге тап болдық. Мен отбасымның асыраушысымын" дейді елдің солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласының тұрғыны Мәриям Азаттықтың Ауған қызметіне.
"Талибан" 15 қыркүйектен басталған интернет өшіруді "әдепсіздікпен" күреске бағытталған шара деп атады. Бұған дейін аталған топ порнографиялық контент пен ерлер мен әйелдердің "онлайн-жақындасуына" алаңдаушылық білдірген.
Алайда сыншылар мұндай шешімді жеке бостандық пен еркін ақпарат алмасуды жаппай тұншықтыру кампаниясының бір бөлігі деп санайды. 2021 жылы билікке келген "Талибан" ауған азаматтарының құқықтарын айтарлықтай шектеп, әсіресе әйелдердің құқықтарын таптап, өзгеше ойлайтындарды қудалаған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Элизабет Стикнидің айтуынша, "Талибанның" шектеуі "ерекше алаңдаушылық" туғызып отыр, бұл ел экономикасы мен қарапайым ауған азаматтарына кері әсер етуі мүмкін.
2024 жылы қазан айында "Талибан" адамдар мен жануарлардың суреттеріне тыйым сала бастаған. Олар компьютер мен телефонда тіршілік иелерінің суреттері мен видеосын көруге шектеу қойған.
Оптика-талшықтық интернетті өшірудің салдарынан Ауғанстан онан сайын халықаралық қауымдастықтан оқшаулана түседі деген қауіп бар.
Әзірге ел астанасы Кабулда интернет өшірілген жоқ және шектеу елдің барлық аумағына тарала ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Аудандардың басым бөлігінде мобильді интернет істеп тұр. Алайда қызмет құны қымбат, сапасы нашар.
"ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰТҚАРУ БЕЛДІГІ"
2022 жылы "Талибан" әйелдерге жұмыс істеуге және оқуға тыйым салғаннан кейін интернет көп қыз-келіншектер үшін "құтқару белдігіне" айналған еді.
Солардың арасында Кабулдағы шетел ұйымында қашықтан істеген Сорайя да (аты-жөні өзгертілді) бар.
"Бізге ауған әйелдеріне өмір сүру онсыз да қиын. Ақша тауып, өзің мен отбасыңды асыраудың жалғыз жолы – онлайн-жұмыс" дейді ол Азади радиосына.
Интернеттің өшірілгені "өмірімізді қиындатып, соңғы үмітімізді өшіре ме деп қорқамын" деді ол.
Ауған әйелдері мен жасөспірім қыздар "Талибанның" тыйымына қарамастан қашықтан оқуға көшкен еді.
Электр энергиясы мен интернеттің ауық-ауық өшуі онлайн-мектептер мен университеттерге қолжетімділікке нұқсан келтірген. Бірақ интернетті тұтас өшіру оқу мүмкіндігінен мүлде айырады.
"Мені мектептен айырғаннан кейін Wi-Fi мен үшін өзімді қайта табудың жолы болды. Бірақ Wi-Fi-ды өшірген кезде үмітімді жоғалттым" деді 9 сыныпта оқыған Назифа.
"Емтихан тапсырып, өте табанды түрде оқыған едім" деді ол.
"Талибан" өзінің экстремистік саясатын ақтау үшін шариғат заңдарын пайдаланады. Алайда ислам дінінің уағызшыларының айтуынша, топтың интернетті өшіру туралы шешімінің діни негізі жоқ.
Катарда шоғырланған Мұсылман ғалымдарының халықаралық одағының мүшесі Фазыл әл-Хади Вазинның сөзінше, тәліптер порнографиялық сайттар мен қатігез контенттерге шектеу қоюы мүмкін. Бірақ интернетті тұтас өшіру мәселені шешпейді дейді ол.
"Интернетті шектеу мен оған тыйым салудың діни негіздемесі жоқ. Егер бір нәрсе мақсатына сәйкес пайдаланылмаса, бұл оған тыйым салу керек дегенді білдірмейді" деді Вазин Азади радиосына.
Вазиннің сөзінше, интернетті өшіру "елді ілгерілеушілік пен дамуға қажет маңызды құралдардан айырады".
Оптика-талшықтық интернетті өшіру кедейлік, аштық, жұмыссыздық жайлаған Ауғанстандағы экономикалық дағдарысты ушықтырып жіберуі ықтимал.
Елдің оңтүстігіндегі Кандагар қаласының тұрғыны, жеке компанияның басшысы Мұхаммед интернет өшірілгеннен кейін клиенттері және тасымалдаушыларынан айырылған.
"Қазір біздің жұмыс толық тоқтады. 21 ғасырда әлем интернетпен қамтылған және оның жоқтығы [экономикалық] мәселелерді ушықтыра түседі" деді ол Азади радиосына.
Баспасөз қорғау ұйымдары тыйымды айыптап, оны еркін ақпарат ағынын шектеу талпынысы деп атады.
"Кең жолақты интернетке тыйым салу – бұл цензураны орасан күшейту, бұл журналистердің жұмысы мен қоғамның ақпарат алу құқығына нұқсан келтіреді. "Талибан" репрессияны тоқтатып, жаңалықтың маңызды құралы саналатын интернетті қалпына келтіруі керек" деді Журналистерді қорғау комитетінің Азия бағдарламаларының үйлестірушісі Бе Ли Йи.
Азаттықтың Ауған қызметінің мақаласы.