Жақында сыртқа тарап кеткен құжаттар Ресей Қытай әскеріне Тайваньді басып алуға көмектесіп жатқанын көрсетті. Мұны 800 беттік келісім-шарттар мен хат-хабарларды талдап, ішіндегі мағлұматтардың рас-өтірігін тексерген тәуелсіз ұйым мәлімдеп отыр.
Сыртқа тарап кеткен құжаттарды қолға түсірген Royal United Services Institute (RUSI) зерттеушісі Александр Данилюк Азаттыққа сұхбат беріп, бұл құжаттардан Пекин мен Мәскеудің әскери әріптестігі қандай деңгейде екенін, Ресей неліктен Қытайдың Тайваньға басып кіргенін қалайтынын білуге болады дейді. Қытай 23 млн халқы бар Тайваньді өз жері санайды.
RUSI институтының құжаттарды талдауына қарағанда, Мәскеу 2023 жылы Қытай әскеріне шабуылдаушы көлік, танкіге қарсу қару және бронетранспортер секілді әскери жабдық сатуға келіскен. Беренді техника Қытай талабы бойынша жабдықталып, Ресей мамандары қытай десантшыларыаны сол техниканы үйретуі мүмкін.
Сондай-ақ, құжаттарда Ресей Қытайға кей техникаларды бере отырып, олардың балама нұсқасын әзірлеуге рұқсат беретіні айтылған.
Мұндай келісім Қытайдың әуеден шабуылдау әлеуетін арттырып, Тайваньға шабуыл кезінде порттар мен жағажайлармен бірге аралдың ішіндегі инфрақұрылымдарға да шабуылдауға мүмкіндік береді. Әзірге Ресей әскері әуе шабуылы саласында әлі де Қытайдан алда.
Келісім-шарттар мен өзге де материалдардан тұратын 800 бетке жуық топтама түпнұсқа құжатқа ұқсайды, оның ішіндегі кей деректер тәуелсіз тексеру нәтижесінде расталып отыр дейді RUSI. Дей тұрғанмен, кей құжаттардың бөліктері түзетілген не алынып тасталған болуы мүмкін. Мұны да сол институт айтып отыр.
Мәскеу әзірге бұл құжаттар жайлы пікір білдірмеді.
Сұхбат ықшамдалып, өңделіп аударылды.
Азаттық: Келісім-шарттардағы негізгі ақпарат қандай және бұл құжаттар Тайваньға басып кіру тұрғысынан Пекинге несімен маңызды?
Александр Данилюк: Қысқаша айтқанда, келісім әуе-десанттық операцияларға қажет өте ерекше техниканы алуға бағытталған.
Бұған әуеден ауыр десанттық батальонды түсіруге арналған жабдық пен арнаулы күштерге қажет арнайы құрал-жабдық кіреді. Мұның екеуі де әуе шабуылына қажет. Ал одан кейін Қытай әскері теңізден соққы жасайды.
Мұндағы идея – аралға арнайы жасақ тобын жеткізу. Олар осы Ресей жабдығын қолданып, азаматтық жүк ұшақтарынан өте үлкен биіктіктен секіреді де, Тайвань аралына байқаусыз сырғи ұшып барады. Олар сондай-ақ автоматты тасымалдау жүйесін қолданып, аралға ресейлік десант танкілерін және әскери көліктерін жеткізбек. Бұл оларға тірі күшті парашютпен түсірмеуге мүмкіндік береді. Олар басып кіру алдында Тайваньға турист болып бара алады.
Біздің пайымдауымызша, бұл жақсы жабдықталған батальон көптеген өзге батальонның бір ғана бөлігі болуы мүмкін. Мәселен, Ресей техникасымен жабдықталатын бір батальон, Қытай техникасымен жабдықталатын екі немесе үш батальон болуы ықтимал.
Бұл – кемі Тайбэй портын басып алуға жететін күш. Қытай әскері үшін бұл өте маңызды нысан. Себебі оны басып алса, Қытай теңіз әскерін сол жерден кіргізе алады.
Азаттық: Осыған дейін Ресей әскердегі озық технологиясын Қытайға беруге құлықсыз, өйткені олар оны көшіріп алуы мүмкін деп үрейленеді деген түсінік болды. Қазір мұның өзгеруіне не түрткі болды және алда оның мәні қандай болмақ?
Данилюк: Саяси тұрғыда әскери әріптестіктің бұл түрі Ресей үшін өте маңызды. Өйткені олар оқшауланған елдер қатарында болғысы келмейді. Қазір әлемде ұстанымы ұқсас елдер осі қалыптасты (Сарапшылар Қытай, Ресей, Иран және Солтүстік Корея елдерінің арасындағы тығыс ынтымақтастықты "автократиялар осі" немесе ағылшын тілінде "Axis of Upheaval" деп атай бастады – ред.). Ресей үшін бұл осьтегі маңызды элемент – Қытай.
Ресей соғыс жүргізу өте көп ресурс жұмсады. Бұл ресурсты геосаяси қуатқа айналдырудың жалғыз жолы – ғаламдық соғыс. Олар үшін мұндай соғысты бастауға ең жайлы жер – Үнді-Тынық мұхиты аймағы.
Демек, ресейліктер Қытайды Тайваньға басып кіруге итермелеу үшін барлық қадамға дайын тұрғанға ұқсайды. Егер бұл соғыс АҚШ пен Қытай арасындағы қақтығысқа ұласса, олар үшін тіпті жақсы.
Меніңше, Ресей Тайваньға басып кіру Қырым сценарийі бойынша іске асқанын қаламайды. Оларға салса, Қытайдың жойқын шабуылы ұзақмерзімді соғысқа ұласқаны жақсы. Мұндайда жағдайды одан ары ушықтыруға мүмкіндік туады.
Сонда соғысқа америкалықтар мен Жапония сияқты өзге елдер араласуы ықтимал. Меніңше, олардың қалайтыны осы.
Азаттық: Демек Ресей Қытайдың Тайваньға басып кіргенін қолдап қана қоймай, жағдайға сіз айтқан болжам іске асатындай етіп ықпал еткісі келеді ғой? Құжаттардан осындай қорытынды шыға ма?
Данилюк: Дәл солай, дұрыс айтасыз.
Ресейдің Қытай үкіметіне ықпал етуде қандай да бір тетіктері бар деп ойлаймын, бірақ мен мұны нақты білмеймін. Дей тұрғанмен, Қытай қоғамына демократиялық елдердегідей ықпал ете алмайсыз. Мұндайда Тайваньға басып кіруді жақындатудың оңай жолы – Тайвань қоғамына ықпал ету. Реті келіп жатса, америкалық қоғам мен америкалық саясатқа араласу да жеңілдеу болуы мүмкін.
Тайваньдағы алғышарт туралы айтар болсақ, Тайваньдағы саясатқа қарауға болады. Мұнда нағыз бастап қадам аралға арнайы күштерді өткізу емес, арал ішінде саяси тұрақсыздық жасау болмақ.
Қазір Тайвань парламентін Гоминьдан бақылап отыр. Ал ел [президенті Лай Цзиндэ Демократиялық прогрессивтік партиядан шыққан. Бұл екі күш бөлініп, өткен жылды заң жобаларын бұғаттап, конституциялық сот мүшелерін тағайындауды созбақтаумен болды. Салдарынан парламентте ұрыс-керіс болып, жаппай наразылықтар өтті.
Бұл – саяси дағдарыс жасауға өте жайлы алғышарт. Мұндай дағдарыс Тайваньдағы басқару жүйесінде саяси және әскери тұрақсыздық орнатуға қолайлы.
Азаттық: Құжаттарда әуе күштерінен бөлек қандай әріптестік қамтылған? Қытай әскері Тайваньға басып кіру тұрғысынан Ресейден тағы қандай көмек ала алады?
Данилюк: Көзге түсіп тұрғаны – Ресейдің зымыран мен дрон шабуылдарындағы тәжірибесі.
Мысалы, әуе қорғанысын қалай басуға болады және олардың оқ-дәрілерін қалай азайтуға болады? Бұл мәселеде Ресейдің тың тәжірибесі бар және оны Тайвань сценарийіне қолдануға болады.
Азаттық: Біз талқылап жатқан әскери ынтымақтастық тұрғысынан Тайваньға шабуыл сценарийінен тағы нені байқап отырсыздар?
Данилюк: Мұндағы негізгі сұрақ мынадай: Тайвань қоғамы қаншалық қақтығыс пен поляризациядан аулақ бола алады? Аралды қорғауға келгенде біріге ала ма? Кейінгісі күрделірек мәселе.
Тайваньға басып кіру Қытайды шығынға батыруы мүмкін. Демек, Тайвань басып кіруден қорғанамын десе, ерік-жігеріне және бірлігіне сүйенуі қажет және АҚШ та қолдау білдіруге дайын тұруы керек.
Қазіргі ахуал мынадай: Қытай барған сайын күшейіп келеді, ал Еуропа әлі де дағдарыста тұр. Не боларын көрерміз.