Accessibility links

Құқық қорғаушы Адам құқығы жиынында Айдос Садықовтың қазасы мен Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы туралы айтты


Айдос Садықов
Айдос Садықов

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Варшавадағы адам құқығы жиынында Айдос Садықовтың қазасы мен түрмедегі журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы туралы айтты.

10 қазанда құқық қорғаушы былтыр Киевте қастандықпен өлтірілген журналист Айдос Садықовтың қазасына қатысты тергеу жылжымай жатқанын, қазір журналистің отбасына қатер төнгенін айтты.

“Тергеуді мемлекет емес, марқұмның жесірі Наталья Садықова жүргізіп жатыр. Оның өзі де қоқан-лоқыға ұшырап жатыр. Ол күйеуінің ісін жалғастырып, танымал саяси контент тарататын “Бәсе” YouTube-арнасын жүргізеді. Онда адам құқығын бұзу фактілерін айтады, Қазақстан билігінің жемқорлығын сынайды. Бұл іс Қазақстан тапсырыспен жасалған адам өлімін тергеуге құлықты емес екенін көрсетіп отыр” деді Бақытжан Төреғожина Варшвадағы Адамзат өлшемі жиынында.

Ол ЕҚЫҰ-ны Наталья Садықова мен оның отбасын халықаралық қорғаумен қамтамасыз етуді сұрады. Бұған қоса, журналистің қазасын халықаралық дәрежеде тергеп, Қазақстан билігінен күдіктілерді беруге қол жеткізуді сұрады.

Марқұмның туыстары журналистің өліміне Қазақстан билігінің қатысы бар деп санайды. Ал бұған дейін Ақорда мұны жоққа шығарған.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 10 қазанда бұған қоса “ойдан құрастырылған экстремизм айыбы бойынша” жеті жылға сотталған қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы туралы да айтты.

“Бұл істің саяси астары бар. Бұл іс билікті ашық сынаған барлық азаматқа қарсы бағытталған. Қазір Думан түрмеде отыр. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген” деді құқық қорғаушы.

Ол ЕҚЫҰ-дан журналистің үкімін әділ түрде қайта қарауға күш салуға қол жеткізуді сұрады.

Құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқындар қатарына енгізген. Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюросы жыл сайын өткізетін Адамзат өлшемі бойынша конференцияның алғашқы күндері Қазақстан билігінің өкілдері елдің адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттерінен айнымайтынын, адам құқығы саласындағы реформаларды, елдің ақпараттық саясатындағы жаңашылдықтар туралы айтқан.

XS
SM
MD
LG