Мемлекеттік награданы қызына да, ұлына да, күйеубаласына да берді
Тәжікстан президентінің 46 жастағы қызы Озода Рахмонның қолында көп билік бар. Біріншіден, ол АҚШ-та білім алып, кейін сондағы Тәжікстан елшілігінде жұмыс істеді. Одан соң сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Екіншіден, президент әкімшілігінің басшысы ретінде саяси ықпалы да күшті. Үшіншіден, күйеуі банкир Джамолиддин Нуралиев – Ұлттық банк басшысының орынбасары. Төртіншіден, "мемлекеттік қызметтегі жұмысы үшін" бірінші дәрежелі "Шараф" орденін алған.
Мұндай ықпал патриархалды қоғамда өмір сүретін Орталық Азиядағы көп әйел үшін арман.
Билікте отырғанына 30 жылдан асқан әкесі биыл қызы Озодаға "Тәжікстанның еңбек сіңірген қызметкері" атағын да берді. 73 жастағы президент Эмомали Рахмонның тоғыз баласы бар, оның жақындары да назардан тыс қалмаған.
2018 жылы ол ұлы Рустам Эмомалиге "мемлекетке сіңірген еңбегі үшін" екінші дәрежелі "Зарринчот" ("Алтын тәж") орденін берген. 31 жастағы Рустам ел астанасы Душанбе қаласының мэрі, бұған қоса парламенттің жоғарғы палатасын басқарады. Ел заңына сай, президент қайтыс болса я отставкаға кетсе жоғары палата спикері билік басына келеді.
"Ұлт көшбасшысы" титулы бар президенттің балаларымен қоса күйеубалалары да мемлекеттік марапаттан кенде емес. 2013 жылы Озоданың күйеуі Джамолиддин Нуралиев (ол кезде қаржы министрінің орынбасары еді) екінші дәрежелі "Құрмет" орденін алған.
2019 жылы Рахмонның тағы бір қызы Рухшонаның күйеуі, көлік, құрылыс, сауда саласындағы ірі бизнесмен Шамсулло Сохибов екінші дәрежелі "Шараф" орденін алған.
— Бәлкім бұл адамдардың әлсіздігі шығар. Түркіменстанда жағдай басқа. Себебі онда [президент Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов] ұлын әкелу үшін көп марапаттады, - дейді қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім.
Әке қамқорлығы ма?
Түркіменстанда марапат тарату ісі қызық. Елді 15 жыл басқарған Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов ұлы Сердарды марапаттап келген. Ал 2022 жылы әкесінің орнына президент болған ұлы Сердар Бердымұхамедов қазір әкесін марапаттап жүр.
2017 жылы Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов ұлы Сердарға (ол кезде парламент депутаты еді) "Мяликкули Бердымұхамедов" медалін тапсырды. Бұл медальмен қатар Ресейдегі дипломатиялық академияны тәмамдаған Сердарға подполковник шені берілді. Ешқашан әскери қызмет атқармаған ол марапаттауға әскери киім киіп келген еді. Қазір Сердардың генерал шені бар.
2019 жылы Сердар "Тәуелсіз Түркіменстанға деген сүйіспеншілігі" орденімен, 2022 жылы "Түркіменстанның шебер дипломаты" белгісімен марапатталды.
2022 жылы Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов "жастарға жол берем" деп президенттіктен кеткен еді. Бірақ билікте бір әулет қала беретіні белгілі болған. Өйткені әкесі ұлы Сердарды бірнеше жыл билікке дайындаған еді.
Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов президенттіктен кеткен соң Халк Маслахаты (Жоғарғы палата) төрағасы болды. Президенттіктен кетсе де ол әкелік қамқорлығын жалғастырып, 2023 жылы Сердар Бердымұхамедовке "елдің тәуелсіздігін нығайтқаны" үшін "Түркіменстан батыры" атағын берді. Артынша Сердарға "Arkadag" медалі де бұйырды. "Аркадағ" ("қамқоршы") — Ғұрбанқұлы Бердымұхамедовтің титулы.
Ұлы да қарыз болып қалмады. 2024 жылы ол әкесін "ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығы" медалімен марапаттады. Бұған қоса, Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов ақын Мақтымқұлы атындағы сыйлықты да иеленді.
Сердар Бердымұхамедов әкесінен бөлек әпкесі Огулжахан Атабаеваға "Arkadag" медалін тапсырды. Атабаева бұл марапатты "елдегі әлеуеттік саясатты гуманизммен жүзеге асыруға үлес қосқаны үшін" алған. Бұл марапатты алар алдында Огулжахан Атабаева Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов атындағы қайырымдылық қордың вице-президенті болып тағайындалған еді.
Назарбаевтардың орден-медаль коллекциясы
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары көп марапаттарын мақтан тұта алады. Мәселен, үлкен қызы Дариға Назарбаева ондаған медаль мен орденнің иесі. 1998 жылы "Астана" орденін алған. Кейін 2008 жылы "Астананың 10 жылдығы", 2018 жылы "Астананың 20 жылдығы" ордендерін тақты. Дариға Назарбаева Тәуелсіздіктің 10 жылдығы, 20 жылдғы, 25 жылдығы ордендерін де иеленген.
Әкесі мемлекет басқарып тұрған кезде Дариға Назарбаев бизнес империясын құрып, саяси мансабын жасады. 2003 жылы "Асар" партиясын құрып, парламент депутаты болды (кейін "Асар" Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясына қосылған). Кейін күйеуі Рахат Әлиевтің басы дауға қалған соң Назарбаевтың үлкен қызы саяси сахнадан кеткен ("Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған Әлиев елден қашып кеткен еді).
Бірақ оған дейін Әлиев "елдің рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін, адам құқықтарын және оның әлеуметтік мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді қызметі үшін" "Парасат" орденімен марапатталған.
2012 жылы Дариға Назарбаева саясатқа қайта оралып, әкесі басқаратын "Нұр Отан" партиясы атынан мәжіліске депутат болып сайланды және мәжіліс спикерінің орынбасары болды. 2015 жылы ол премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалып, әкесімен бірге шетелге сапарға шыға бастады.
2013 жылы Назарбаев қызына "мемлекеттік және қоғамдық істері" үшін екінші дәрежелі "Барыс" орденін тапсырды.
2016 жылы Дариға Назарбаева сенат депутаты болды, ал 2019 жылы сенат спикері креслосына отырды. Сенат спикері – маңызы жағынан президенттен кейінгі екінші қызмет саналады. 2019 жылы президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Дариға Назарбаеваны сенат спикері қызметінен алды. Дегенмен бір жылдан соң Назарбаева "Нұр Отанның" партиялық тізімі бойынша мәжіліс депутаты болып сайланды.
2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Дариға Назарбаева парламенттен кетті.
Саясатта жүргенде ол парламенттің 10 жылдығы, теңгенің 20 жылдығы, Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы тәрізді медальдар алған.
Дариға Назарбаеваның күйеуі Рахат Әлиев те сотталмай тұрып, бірсыпыра орден-медальмен марапатталып үлгерген еді. Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК-да, дипломатиялық қызметте үлкен лауазымдар атқарған Әлиевті 2008 жылы екінші дәрежелі "Даңқ" орденінен, тәуелсіздіктің 10 жылдығы, парламенттің 10 жылдығы ордендерінен айырған.
Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев мемлекеттік қызметте істемеген. Дегенмен елдегі ірі коммерциялық банкті иеленіп отырған ерлі-зайыпты медальдан кенде емес. Динарада "Парасат" және үшінші дәрежелі "Барыс" ордені, күйеуі Тимурда бірінші және үшінші дәрежелі "Барыс", "Құрмет" ордендері мен Тәуелсіздіктің 10, 20, 25 жылдығы, Астананың 10 жылдығы медальдері бар.
Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевада ордендер жоқ, бірақ 2018 жылы ол "Анаға апарар жол" фильмінің проюссері ретінде әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлықты алған еді.
Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева бірінші дәрежелі "Достық", бірінші және үшінші дәрежелі "Барыс" ордендерімен марапатталған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев 2016 жылы "Парасат" орденін алған. Марқұм Болат Назарбаев көзі тірісінде елдегі ықпалды әрі бай бизнесмендердің бірі болды.
– Бұл Орталық Азия елдерінде непотизм өте жоғары екенін көрсетеді. Президенттер балаларын медаль, орденмен марапаттап қана қоймай, Түркіменстандағыдай билікті әкеден балаға мұраға беруді қарастырады. Мұндай династиялық транзит Тәжікстан мен Өзбекстанда (президент Шавкат Мирзияевтың қызы Саида Мирзияеваның мәнсабы қалай өскенін меңзейді – ред.) да айтылады – деді Алматыда тұратын британиялық журналист, Орталық Азия жайлы кітаптардың авторы Джоанна Лиллис.
– Президенттер осы арқылы отбасы мүшелерін алға сүйреп, өзі биліктен кеткен соң олардың жеке басы мен активтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Бірақ бұл әрекеттер қоғамның ашу-ызасын туғызады. Бұған Назарбаев әулетінің жағдайы анық дәлел, – дейді Лиллис.
Назарбаевтың інілерін медальден айыру
Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың жақындарының көбі қызметінен айырылып, кейбірі тергеліп, сотқа тартылды. Назарбаев өзі марапаттаған немере інілері де сот шешімімен марапаттарынан айырылды. Олар – Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш (Нұрсұлтан Назарбаевтың 1981 жылы жол апатынан қаза тапқан інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлдары).
Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан соң бірден ұсталып, "ақша жымқыру" айыбымен 2022 жылы күзде алты жарым жылға сотталған. Кейін билік оның бюджетке 1,6 млрд доллар болатын активтерін (әкімшілік ғимараттар, аса қымбат үйлер, пәтерлер, көліктер, қымбат әшекейлер, акциялар, компаниядағы үлестері) қайтарғанын мәлімдеген.
2024 жылы Сатыбалды уақытынан бұрын бостандыққа шықты. 2000 жылдары ҰҚК-да жауапты қызмет атқарған Қайрат Сатыбалды енді 10 жыл мемлекеттік қызметте істей алмайды. Ол генерал-майор шенінен, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айырылды.
Қайраттың туған інісі Самат Әбіш 2024 жылы 8 жылға шартты түрде бостандығынан айырылған. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған еді. Ол кезде Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған. Сарапшылар сот оған тым жұмсақ үкім шығарғанын айтып, мұны "Назарбаев пен Тоқаев арасындағы келісіммен" байланыстырған.
Үкімге сай, Әбіш екінші дәрежелі "Даңқ" орденінен, "Ерен еңбегі үшін", "Мінсіз қызметi үшін", "Ұлттық қауіпсіздік қалқаны" медальдарынан айырылды.
Қоғамда Қаңтар оқиғасына Назарбаевтың немере інілерінің қатысы бар деген сөздер айтылды. Ал Ақорда бұл оқиғаны "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп сипаттаған еді. Британиялық зерттеуші, Chatham House орталығының Еуразия бойынша сарапшысы Кейт Маллинсон бұл талпынысқа Назарбаев әулетінің қатысы болуы мүмкін екенін жазған. Бірақ бұған байланысты нақты дәлел жоқ. Сатыбалдының ісінде "ақша жымқыру" жайлы ғана айтылды. Ал Әбіштің соты жабық режимде өткендіктен жай-жапсары қоғамға белгісіз.