Республика күнін атап өткен Қазақстанда құттықтау және марапаттаулармен бірге ұстаулар мен қамаулар қатар жүріп жатты.
Бүгін, 25 қазан – Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні. Осы күні Қазақстанның әр өңірінде мейрамға байланысты мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралар өтті.
МАРАПАТ ПЕН ҚҰТТЫҚТАУЛАР
Халықты мерекемен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты" деді.
"Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты. Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз" деп жазылған Тоқаевтың құттықтауында.
"Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз" деп жазылған. Тоқаевтың құттықтауын Ақорда жариялады.
13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл төртінші рет тойланып жатыр.
Ақорданың хабарлауынша, Республика күніне орай Қазақстан президентіне түрлі ел басшыларынан құттықтау жеделхаттары түскен. Қазақстан басшысын құттықтағандар арасында Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин, АҚШ басшысы Дональд Трамп, Франция басшысы Эммануэль Макрон, Түркия басшысы Режеп Ердоған және өзге де басшылар бар.
"Қытай тарапы Қазақстанмен саяси ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге, өзара қолдау көрсетіп, даму стратегиясын ұштастыруға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықты ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруға дайын" деп жазған Қытай басшысы құттықтауында.
Бір күн бұрын Тоқаев ауыл шаруашылығы, кен өндірісі, тарих, мәдениет және өзге саладағы бірқатар мамандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
ҰСТАУЛАР МЕН ҚАМАУЛАР
Республика күні қарсаңында және мереке күні марапаттау және құттықтаулармен бірге елде оппозиияның ықтимал митингісіне орай ұстаулар мен қамаулар қатар жүріп жатты.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның есебінше, елде кемінде 24 адам ұсталған, кейбірі қамалған, кейбіріне айыппұл салынған. Олардың арасында сенбі күні ұсталып, 15 тәулікке қамалған Айбек Сәбитов те бар.
"Белсенділер экстремист емес" тобы белсендінің видеосын да жариялады. Онда белсенді Астана орталығындағы "митинг орнына" келгенін, онда ешкім жоғын айтады. Ол өзінің қымбатшылыққа, қосымша құн салығын өсіруге қарсы екенін жеткізіп, қазіргі режимді де сынайды.
"Жұрт қымбатшылықтан әбден шаршады" деді ол. "Тоқаев кет!" деп айқайлаған белсендіні топтың хабарлауынша, көп ұзамай полиция ұстап әкеткен.
Топтың хабарлауынша, Астанада белсенді Элвира Бекзадинаны да полиция кәмелетке толмаған балаларымен ұстаған. Сарыарқа аудандық полициясына әкетілгені хабарланды. Полициядағылар әзірге жауап бермеді.
Белсенді ұсталмай тұрып бірнеше сағат бұрын желіде жариялаған видеода оның НДС 16% деп жазылған плакатпен тұрғын үй маңында тұрғаны көрінеді.
Сенбі күні Көкшетауда да Бауыржан Балташевтің ұсталғаны хабарланды. Бірақ оның ұсталуына қатысты ақпарат жоқ.
Кейбір белсенділер бүгін үйлерінің маңын полицияның торуылдап жүргенін, сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады.
Бұған дейін шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған.
25 қазан күні қарсаңында Алматыда полиция күшейтілген режимге көшірілді. Алматы полициясының хабарлауынша, елдегі ең ірі қаладағы "қауіпсіздікті 3,5 мың полиция қызметкері" қамтамасыз етеді.
Сенбі күні Азаттық ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады.
Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ізінше "Көше партиясы" ұйымы да елде тыйым салынған ұйымдар қатарына енген. Десе де, Еуропарламент аталған екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
"РЕСПУБЛИКА МЕН ОНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ҚАЙДА?"
Құқық қорғаушылар мен белсенділер, қолданушылар желіде Республика күніне орай өз ойларын жазды. Мысалы, белсенді, блогер Абзал Достияр Республика күні екі адамды "полициядан арашалап алғанын" хабарлады.
"Мен елдегі әділетсіздік жайлы күңіреніп пост жазбай-ақ қояйын, ешкімді құттықтамай-ақ та қояйын деп едім. Бірақ мына суреттегі екі кейуана хабарласып өздерін полиция ұстап тұрғанын хабарлады. Алтын Орда базарының маңы екен, барып жағдайды түсіріп алдым, полиция қызметкерлері ұстау себебін түсіндіре алмады, содан соң көліктеріне отырып қаша жөнелді, қоршаудан босаған аналарды барар жеріне жеткізіп салып үйге қайтып барамын. Бүгін Әблязов митингіге шақырған" деп жазды блогер.
Ал журналист Дина Елгезек халықтың мемлекеттік басқару құқығы шектеліп отырғанын алға тартты.
"Мемлекеттік қызметте 5 жылдық еңбек өтілі бар адам ғана президенттік сайлауға қатыса алады! Ондай адамдар елде екі ғана пайыз. Ал қалған 98 пайыз Қазақстан азаматының Конституциялық құқы шектелген! 98 пайыз халық елден көшіп кетсе, 2 пайыз мемлекет құра алады ма? Халық болмаса, мемлекет те жоқ! Онда неге мемлекеттің негізін құрап отырған қазақ халқының мемлекетті басқару құқығы шектелуі тиіс? Халық аман болса, мемлекет те тұғырында тұра береді! Мерекелеріңізбен!" деп жазды журналист Дина Елгезек.
"Елді және оның азаматтарын Республика күнімен құттықтағым келеді... бірақ сол республика мен оның құндылықтары қайда? Әр жолы ақордадағылардан гөрі патриот және еркін белсенділерді қорқытып, айыппұл салып, тұтқындайды. Ал таңдаулылар қатарына енгендердің адалдықтары мен қолдауын медальдармен және концерттермен сатып алады... Лентаның барлығы «гип-гип-ура!» деген қуанышты жүздерге толы. 35 жыл бойы "баяғы жартас сол жартас"... Сондай-ақ ақордадағы кейбір дау-дамайларды оқып отырмын; кешіккен жауап сияқты сезіледі... Қазіргі республикада үлкен саясат осылай жасалады" деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "бүкіл ел Республика күнін тойлап жатқан шақта" өзінің қабылдауына бір күнде мәселелерін айтып, 200 шақты адам келгенін, өзі үшін бұл ауыр болғанын жазды.
"Мен Бас прокуратураны, Жоғарғы сотты және үкіметті ашық болуға шақырамын. Қоғамдағы мәселелер өте өткір. Адамдар әлеуметтік дағдарыстың алдында тұр. Жергілікті билік органдары бұл мәселелерді жергілікті деңгейде шешуі керек. Егер біреу жоғары билік органдарына шағымданса, бұл олардың өз аймағында әділеттілік таппағанын білдіреді. Ал егер аймақтан жүздеген және мыңдаған шағымдар келіп түссе, бұл алаңдарлық жайт" деп жазды депутат.
25 қазанда атап өтілетін Республика күні – Қазақстандағы ұлттық мереке. 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық мереке деп жарияланған. 2009 жылы мемлекеттік мерекелер қатарынан түсіп қалып, 2022 жылы қайтадан ұлттық мереке мәртебесін алды.
1990 жылы 25 қазанда СССР құрамындағы Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесі Егемендік туралы декларация қабылдаған. Онда Қазақстан "халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүделлеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар" егемен мемлекет деп жарияланды.