Ықтимал митинг қарсаңында Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер ұстала бастады. "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, Астана, Екібастұз және Семейде кемінде 6 адам ұсталған. Үшеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша 6-15 тәулікке қамалған. Қалған үшеуі сотты күтіп отыр.
Мысалы, семейлік белсенді Елдос Досанов ТикТокта жариялаған тамыз айында жүгіріп бара жатып “Марат Жыланбаевқа бостандық” деп айтқан видеосы үшін 488 бап бойынша қамалған.
Полиция әзірге ұстауларға түсініктеме бермеді.
Бұған дейін шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ізінше "Көше партиясы" ұйымы да елде тыйым салынған ұйымдар қатарына енген. Десе де, Еуропарламент аталған екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Оппозиция митинг өтеді деп алдын ала белгілеген күннің қарсаңында белсенділерді полицияға шақырту, ұстап әкету, қамау – Қазақстанда авторитар жүйе орнықтырған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында үнемі қайталанатын жағдайға айналған. Биыл тамызда Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер мен құқық қорғаушылар ұсталған еді.
- Назарбаевтан билікті қабылдап алған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен бейбіт жиындар туралы жаңа заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.