Франция билігі Ла-Манш бұғазында Бениннің туын ілген Boracay танкерін ұстады. Бұл Ресейдің "көлеңкелі флотына" кіретін ЕО-ның санкция тізіміне енген кеме. Оның ұсталғанын сәрсенбі күні халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады. Француздың Брест қаласының прокуроры 1 қазанда кешке экипаждың екі мүшесі ұсталғанын айтты.
Франция президенті Эммануэль Макрон "ірі заңсыздық" жасаған кемеге қатысты тергеу жүріп жатқанын растады. Бірақ жай-жапсарын айтпады.
France Presse-тің хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке ұсталғаннан кейін Сен-Назер портына бағытталған кеменің бортында француз әскерилері жүргені байқалған.
Брест прокурорының хабарлауынша, кеме экипажының екі мүшесі ұсталған. Оның сөзінше, олар өздерін кеме капитаны және оның аға көмекшісі ретінде таныстырған. Олардың қай ел азаматы екені жөнінде әзірге мәлімет жоқ. Прокурор Reuters агенттігіне экипаж мүшелерінің бұйрықты орындамағанын, өздерінің қай елге тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттарды көрсетпегенін айтқан. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде Boracay танкеріне қарсы тергеу жүріп жатқаны жөнінде ештеңе білмейтіндіктерін айтты.
Бұған дейін бірқатар БАҚ қыркүйектің соңында Данияның әскери нысандары мен әуежайлары маңында белгісіз дрондар пайда болған кезде осы кеменің Дания жағалауынан байқалғанын жазған. The Insider-дің жазуынша, 20 қыркүйекте Boracay Ресейдің Приморск (Ленинград облысы) қаласынан шикі мұнай тиеп шыққан. Ол Балтық теңізі арқылы – Солтүстік теңізге қарай, одан әрі Ла-Манш арқылы батысқа жол тартқан. The Insider зерттеген деректер танкер мұнай өңдейтін зауыт шоғырланған Вадинарға (Үндістан) қарай бағыт алғанын көрсеткен.
22-25 қыркүйек аралығында танкер Дания жағалауларында болған. 24 қыркүйекте кешке белгісіз дрондардың пайда болуына байланысты Копенгаген әуежайы жабылған еді. Одан кейін де Данияда тағы бірнеше күн бойы дрондар пайда болды.
Кеме экипажы дрон ұшырды деген күдікке ілінгені ресми түрде хабарланбады. Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, Данияға дрондарды Ресейдің көлеңкелі флоты кемелері жіберген болуы мүмкін жөнінде барлау деректері бар. Дания және өзге мемлекеттер әзірге Ресейді айыптаған жоқ.
Сәуір айында Kiwala атты танкерді Эстония билігі ұстаған. Ол кезде кеме Джибути туын іліп алған, бірақ Джибутидің кемелер реестрінде танкер жоқ болып шыққан.