Accessibility links

Еуропа қайта құру және даму банкі "Қамбар-Ата-1" жобасы бойынша Орталық Азиямен ықпалдастықты нығайтады


Брюссельдегі Global Gateway форумында Еуроодақ "Қамбар-Ата-1" су электр станциясы жобасын жүзеге асыру үшін Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанға 2,4 млрд доллар көлемінде қаражат бөлуге келісті.

Қырғызстан энергетика министрі Талайбек Ибраев, Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов форум аясында аймақтық гидроэнергетикалық жобаны талқылау үшін Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) өкілдерімен кездесті.

ЕҚДБ өкілдері Орталық Азия елдерімен өзара ықпалдастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірген.


"Біз бұл жобаларды жүзеге асыруға қатты қызығушылық танытамыз. Қамбар ата су электр станциясы-1 - ауқымды бастама. Біз қаржы жағынан қолдап қана қоймай, үкіметаралық келісімді талдау үшін сараптамамызды да ұсынуға дайынбыз. Қалпына келетін энергетика жобаларына да басымдық береміз және әріптестік қарым-қатынасты әрі қарай да дамыта береміз" деді халықаралық ұйым өкілдері.

Қырғызстанға миллиард доллар бөлінеді, соның аумағындағы Нарын өзеніне су электр станциясы салынбақ. Бішкек пен Еуропаның қаржы институттары құны миллиард доллар болатын келісімге қол қойды. Атап айтқанда, мәселе Қырғызстан энергетика министрлігі мен Еуропа инвестициялық банк арасында өзара түсініктік пен "Қамбар-Ата-1" жобасына 500 миллион доллар бөлу, энергетика министрлігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында құны дәл сондай болатын меморандум жөнінде болып отыр.

Қыркүйектің соңында үш елдің энергетика министрлері "Қамбар-Ата-1" жобасын талқылау үшін Брюссельде кездескен. Сол кезде кездесуді ұйымдастыруға Дүниежүзілік банк те қатысқан. Олар Бішкек, Астана мен Ташкенттің өтінішімен жобаны әзірлеуге техникалық қолдау көрсетіп отыр.

Қуаты 1 860 мегаватт болатын "Қамбар-Ата-1" су электр станциясын бірігіп салу туралы келісімге 2023 жылдың басында үш мемлекет қол қойды. Бішкекте қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан (33%), Қырғызстан (34%) және Өзбекстан (33%) құрылысқа жауапты компанияға бірігіп иелік етеді. Тараптар құрылыс жобасы аяқталғанға дейін осы құрылымды сақтап қалады, одан кейін бөгетке ие болу құқығы мен су электр станциясы Қырғызстанға өтеді.

2023 жылы сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров құрылыс құны 5-6 миллиард доллар болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Жоба иелерінің айтуынша, ол кемінде 15 жылдан кейін аяқталуы мүмкін. Сарапшылар жоба құны онан да қымбат болуы мүмкін және құрылысы одан да созылуы ықтимал дейді.

XS
SM
MD
LG