Accessibility links

ПАСЕ Қазақстандағы "интернет цензура" мен "саяси тұтқындар" мәселесін сынайтын қарар қабылдады


Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) жиыны. 30 қыркүйек 2025 жыл.
Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) жиыны. 30 қыркүйек 2025 жыл.

30 қыркүйекте Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) Қазақстандағы демократиялық ахуал бойынша есебін жариялап, қарар қабылдады. Есепті ПАСЕ-ның саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитеті әзірлеген. Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы Астананың "демократиялық трансформацияға деген ұмтылысын" қолдайтынын және конституциялық, заңнамалық реформаларын құптайтынын айтқан. Дегенмен есеп авторлары Қазақстанның "интернет цензурасына" ықпал етеді деп санайтын технологияны Қытайдан сатып алғанын сынға алып, саяси белсенділерді қудалауды тоқтатуға, саяси тұтқындарды босатуға шақырған.

Қарар Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясының сайтында жарияланды.

ПАСЕ Қазақстандағы реформаларды қолдайтыны, Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуын жоғары бағалайтыны айтылған.

"Ассамблея сонымен бірге Қазақстанның саяси басшылығының елді демократиялық түрлендіруге деген ынтасын одан әрі құптайды және 2019 жылдан бері жүргізілген конституциялық және заңнамалық реформаларды оң бағалайды. Ол әсіресе Қазақстанның 2022 жылы өлім жазасын алып тастауын ерекше бағалайды, бұл Ассамблеяның Қазақстан парламентімен қарым-қатынасты орнатудағы негізгі талаптарының бірі болды" деп жазылған қарарда.

Ассамблея бір мезетте Қазақстанның азаматтардың цифрлық құқықтары мен еркіндігін шектейтін Қытайдың цензура және тыңшылық жүйесін импорттағанын айыптады. Мұндай жүйеге “пакетті терең талдау (deep packet inspection), абоненттерге тікелей режимде мониторинг жасау, веб-сайттар мен қосымшаларды сүзгіден өткізу, трафикке бақылау орнату, интернет-трафикті шектеу мен өшіру, VPN-ді анықтау, онлайн-белсенділік танытқан жекелеген тұлғаларды қудалау” сияқты әрекеттер кіреді.

“Ассамблея мұнымен қатар әділ сот, жемқорлықпен күрес, адам құқығын қорғауды ілгерілету, демократиялық басқаруды қолдау саласында айтарлықтай ілгерілеушілік күтеді” деді қарар авторлары.

ПАСЕ қарарда Қазақстан билігін 39 саяси тұтқынды босатуға шақырған. Ассамблея Қазақстандағы трансұлттық репрессияны сынап, “Қазақстанның демократиялық таңдауы”, “Көше партиясы”, “Алға, Қазақстан” бейбіт оппозициялық қозғалыс өкілдерін қудалауды тоқтатуға үндеді.

Қазақстан соты бұған дейін жоғарыда аталған екі қозғалыс – “Қазақстанның демократиялық таңдауы” мен “Көше партиясын” "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Алайда Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Депутаттар сонымен бірге Қазақстан үкіметінің “Алға, Қазақстан” бейбіт оппозициялық партиясын тіркемей отырғанын да сынады. Ассамблея белсенділер Марат Жыланбаев, Асқар Сембай, Асылбек Жамұратов, Айдар Сыздықов, Асанәлі Сүюбаев және журналист Думан Мұхаметкәрімді дереу босатып, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны қылмыстық қудалауды доғаруға үндеді.

Есепті талқылау мақсатында Страсбургте өткен жиынға Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, сөз сөйледі. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскелі елде

"Жүргізіліп жатқан реформалар аясында Қазақстанның адам құқықтарын қорғауға деген берік ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан адам құқықтарына қатысты 70-тен астам халықаралық шарттың қатысушысы. 2021 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған Екінші қосымша хаттамасын ратификациялады. Бұған қоса, Қазақстан азаптау мен қатыгездікке мүлдем төзбеушілік саясатын жүзеге асырып, ұлттық превентив механизмді айтарлықтай күшейтті" деді Әшімбаев.

Ол Қазақстан демократиялық реформалар жолынан таймайтынын, бұл елдің негізгі басымдығы болып қала беретінін айтты.

"Осы бастаманың бәрі – Қазақстанның халықаралық стандарттарға сай әділ әрі инклюзив қоғам құруға бағытталған берік ұстанымын айқын көрсетеді. Сондықтан Қазақстанның демократиялық жаңғыру жолына нық әрі біржола бет бұрғанын ерекше атап өткім келеді. Әрине, демократиялық реформалар – күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс және есепте орынды айтылғандай, мұнда әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Алайда біз осы бағыттан таймай, алға жылжи береміз. Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси бағыты" деді Қазақстан сенатының төрағасы.

Дегенмен, ПАСЕ қабылдаған қарар Қазақстан билігінің ресми сайттарында толық қамтылмады. Ресми сайттарда негізгі назар Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев пен ПАСЕ президенті Теодорос Русопулостың ортақ мәлімдемесіне аударылды. Мысалы, Қазақстан сенаты 30 қыркүйекте "Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берді" атты материал жариялаған.

Құқық қорғаушы Людмила Козловская ПАСЕ басшылығы өкілдерінің қазақстандық шенеуніктермен кездесуде адам құқығы мәселесін назардан тыс қалдырғанын сынады.

"Баяндамашы Жолт Немет, сонымен бірге ПАСЕ президенті Теодорос Руссопулос және бас хатшы Деспина Хадживассилиудың қазақстандық шенеуніктермен кездесу өткізіп, үкіметтің адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелерін мүлде айтпағанын атап өтуіміз керек. ПАСЕ қарарының мәтіні мен басшылықтың риторикасы арасындағы алшақтық Ассамблеяның принципті ұстанымына қатер төндіреді" деді ол.

Қазақстан мен ПАСЕ арасындағы ынтымақтастық 2004 жылы қол қойылған келісім негізінде іске асырылады. Оған сәйкес Қазақстан парламентінің сенат делегациялары ПАСЕ-нің пленарлық сессияларына қатысады. Бірнеше жыл бұрын белсенділердің бірі өзін ПАСЕ жиынына жібермегеніне шағымданған еді.

XS
SM
MD
LG