Қазақстанда төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін созылады
Қазақстанда төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін созылады, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және бірқатар облыстарда карантин режимі ұзартылады.
10 сәуірде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан коронавирус таралуының шарықтау шегіне жеткен жоқ" деп қатаң шараларды алып тастауға болмайтынын айтқан. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
"Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Сол себепті карантин режимін Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы" деді Тоқаев.
Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, мәжіліс депутаты Владимир Божко "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне дегенмен шағын және орта бизнес өкілдеріне ереже жұмсаратынын айтқан.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жарияланған. Коронавирус көп табылған Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда және өзге де бірқатар қалаларда карантин жарияланып, шектеу шаралары күшейтілген болатын.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 802 адамнан коронавирус табылған. 63 адам айыққан. 9 адам қайтыс болған.
Төтенше жағдай кезінде штаб кейбір кәсіпорындардың жұмыс істеуіне рұқсат береді
Қазақстанда төтенше жағдай режиміне қарамастан кейбір кәсіпорындар жұмысқа оралады. 10 сәуір күні төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
"Мұндай жағдайда облыс және қала басшыларының жауапкершілігі арта түседі. Себебі ашығын айтайық: тәуекел етіп отырмыз. Бірақ амал жол жоқ. Азаматтардың қатаң карантин ережелерін сақтауы, студенттер мен оқушылардың қашықтан оқуы - бәрі күшінде қалады" деді ол.
Тоқаев әкімдіктерге жұмыс істейтін кәсіпорындардың тізімін жасауды тапсырған. Кәсіпорындардың жұмыс істеу уақыты, жұмысшыларды жұмысқа жеткізу мәселесін штаб анықтайды.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда және өзге қалаларда коронавирусқа байланысты карантин жарияланып, адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылған еді. Наурыз айының соңында Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік тоқтаған болатын.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 802 адамнан коронавирус табылған.
Қытай дәрігерлері Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдағы науқастарды емдеуге көмектеседі
Қазақстанға келген қытайлық он дәрігер Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыда коронавирус жұққан науқастарды емдеуге көмектеседі. Олар үш қаланың әрқайсысында бес күннен болады. 10 сәуірде орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында осындай мәлімет айтылды.
Қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап берген қытай дәрігерлерінің айтуынша, Қытайда эпидемия кезінде 3300-ден астам дәрігерге коронавирус жұққан. Олардың 90 пайызына эпидемия ошағы Ухань қаласында вирус жұққан. Дәрігерлердің басым бөлігі эпидемия басталған шақта ауырған.
Олардың пікірінше, медицина қызметкерлерін оқыту, профилактиканы күшейту және түрлі материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы дәрігерлер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.
Дәрігер Лу Сяобоның айтуынша, коронавирус неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым жақсы.
"Қазір тестің екі түрі бар: ПЦР және IGG, IGM. Ауруды емдеу жолына келсек, төрт нәрсеге мән керек: науқастың қандай аурулармен ауырғанын зерттеу, жалпы денсаулық жағдайын қадағалау, дене қызуы көтерілген-көтерілмегенін бақылау, қанын тексеру" деді дәрігер.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 120 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан: 67 дәрігерге науқастардан вирус жұққан. Қалған дәрігерлердің туыстары мен таныстарынан вирус анықталған.
Қазақстанда барлығы 802 науқас бар. 63 адам жазылған. 9 адам қайтыс болған.
Оқи отырыңыз: Қытай коронавирусты шынымен жеңді ме?
Өткен жылы желтоқсан айының соңында Қытайда коронавирустың жаңа түрі тарай бастаған. Эпидемия басталған уақыттан бері мұнда 82 мыңнан астам адамға вирус жұққан. 3300-ден астам адам көз жұмған. Кейбір сарапшылар Пекин коронавирус жұқтырғандар саны мен көз жұмғандар санын төмендетіп көрсетеді деп санайды.
Шымкентте жүйке аурулары диспансері қызметкерлерінен вирус табылып, бір бөлім карантинге жабылды
Шымкент қаласының аумағында орналасқан Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің неврология бөлімінің үш медицина қызметкерінен коронавирус табылды. Қазір бөлім толық карантинге жабылған. Бұл туралы Азаттыққа қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев айтты.
Түлебаевтың сөзінше, Нұр-Сұлтаннан Шымкентке келген соң коронавирус жұқтырған 24 жастағы жолсеріктің шешесінен де вирус табылған. Жолсеріктің шешесі басында вирус жұқтырғанын білмей жүйке жүйелері ауруханасына жұмысқа барып жүрген. Кейін 8 сәуірде ол әйелдің екі әріптесінен де вирус анықталған. 9 сәуірде жолсеріктің шешесінен вирус жұқтырған екі қызметкердің төрт туысы да Covid-19 дертіне шалдыққан.
- Науқастардың бәрі жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Диспансердің неврология бөлімі мен онда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері карантинге жабылды, - деді департамент басшысы.
Бұған дейін Петропавл-Қызылорда пойызының 24 жастағы жолсерікке және оның әке-шешесі, ағасы және әйелі мен баласына короновирус жұққан. Жолсерікке вирус Нұр-Сұлтаннан Шымкентке келіп, Түркістан облысы Жетісай қаласына кеткен тұрғыннан жұққаны анықталған.
10 cәуірдегі дерекке сай, Шымкентте короновирус жұқтырғандар саны 31 адамға жетті.
4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылған. Қала аумағына 18 блокбекет қойылған. Тұрғындарға көшеде маска кию міндеттелген. Көшеде рұқсатсыз көлікпен жүруге тыйым салынған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 сәуірде елдегі төтенше жағдайды, соның ішінде Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтандағы карантинді айдың аяғына дейін созды.