AI: Иранда коронавирусқа байланысты түрмедегі наразылықта 30-дан астам тұтқын қаза болған
Халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Иранда коронавирус індетінің таралу қаупіне байланысты түрмеде болған тәртіпсіздік кезінде сақшылар қолынан 30-дан астам тұтқынның қаза болғанын айтады.
Штаб-пәтері Лондонда орналасқан ұйымның хабарлауынша, Иранның кемінде сегіз түрмесінде мыңдаған тұтқын вирус таралу қаупіне байланысты наразылық жасап, түрме әкімшілігі қызметкерлері мен күштік құрылымдар қарсылық шарасын күшпен басқан. Тұтқындардың туыстары мен өзге де сенімді дереккөзге сүйенген ұйым күштік құрылым өкілдерінің тұтқындарға оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашқанын жазады. Соның кесірінен шамамен 35 тұтқын қаза болған, жүздеген адам жарақаттанған. Кемінде бір түрмеде сақшылар акцияға қатысушыларды ұрып- соққан.
“Тұтқындардың вирустан қорғау туралы заңды талаптарына құлақ түрудің орнына Иран билігі олардың үнін өшіру үшін тағы да адам өлтіруге дейін барды” деді Amnesty International ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері бойынша аймақтық директорының орынбасары Диана Элтахави.
Иранда соңғы мәлімет бойынша, 66 мыңнан астам адамға вирус жұққан. 4100-ден астам адам қайтыс болған. 32 мыңнан астам адам жазылған.
Қызылордада әлеуметтік көмек ала алмай жүрген бір топ адам "Нұр Отанға" барды
10 сәуір түске таман Қызылордада 20 шақты адам "Нұр Отан" партиясы бөлімшесінің алдына жиналды. Бұл жаққа азық-түлік және 42 500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік көмекті ала алмай жүрген тұрғындар жиналған.
- Менің екі балам бар. Екеуі де аутизм ауруымен ауырады. Ай сайын 70 мың теңгеге дәрі-дәрмек аламын. Жәрдемақы алмаймын. Себебі бермеу үшін ылғи сылтау тауып алады. Қазір енді 42 500 теңгені де ала алмай жүрмін. Жұртқа беріп жатқан 50 мыңды да алмадым. Азық-түлік те жоқ. Ешқандай көмек болмай жатыр. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Екі баламның жүйке жүйесі ауырады. Психдиспансерде тіркеуде тұрмыз. Оларды не зейнетке шығармайды. Бұрын базар ашық болған кезде күніне 1200 теңге алушы едім. Совбез тек жағдайы жақсы адамдарға көмек беретін сияқты. Мысалы, біздің көршіміз алды. Ал біз сияқты көмекке зәру адамдар табалдырық тоздырып жүрміз, - деді жалғызбасты ана Гүлнар Мерзиева.
Жиналғандардың бірі Мақпал Торманова да "не қаржылай көмек, не азық-түлік ала алмадым" деп торықты.
- Үш балам бар. Пәтер жалдап тұрамын. Өзім де, енем де жұмыссыз. Қазір не 42 мың теңге алған жоқпыз, не азық түлік берген жоқ. Не 50 мыңға ілінген жоқпыз. Үйде баласы барларға бірінші кезекте берілуі керек деп есептеймін. Есепшоттар арестен алынады деп еді, ол алынбаған. Сонда үкіметтің айтқанының бәрі өтірік болып тұр ғой? Банктерде адамдардың арасын ашып, түсіндіріп жатады. Ал "Нұр Отаннан" бір адам шығып, неге халыққа жөнін айтпайды? Сонда бүкіл вирус жалғыз "Нұр Отанға" келген бе" деді жыламсырап.
Бұған дейін билік өкілдері коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған адамдарға айына 42 500 теңге төленетінін айтқан еді. "Нұр Отан" партиясының төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Біз біргеміз" акциясы аясында да көмекке зәру отбасыларға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілетіні айтылған еді.
10 сәуірде "Нұр Отан" бөлімшесіне шағымданушыларды кіргізбеді. Жиналғандар ғимаратқа ары-бері кіріп жүрген адамдардан сұрағанмен жауап ала алмады. Бөлімше қызметкерлері Азаттықтың да сұрақтарына жауап беруге уәде еткенмен әзірге ғимараттан ешкім шыққан жоқ.
Ғимарат сыртында жеті-сегіз полиция қызметкері жүрді. Олар "карантин кезінде топтасып жиналуға болмайтынын" айтып жұртты таратуға тырысты. Жергілікті уақыт бойынша түскі 12 шамасында да ғимарат алдындағы жұрт тарқамады.
Алматы облысында коронавирустан бір адам айықты
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы Алматы облысында бір адамның коронавирустан жазылып шыққанын хабарлады. Қазақстанда барлығы 61 адам жазылып шыққан. Олардың арасында балалар да бар. Нұр-Сұлтанда - 30, Алматыда - 26, Алматы облысында - 1, Жамбыл облысында - 1, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Павлодар облысында - 1, Ақтөбе облысында -1 адам айыққан.
Коронавирустан 9 адам қайтыс болған. 10 сәуірде Алматыда 1956 жылғы әйел адамның вирустан қайтыс болғаны белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, науқаста жүрек ишемиясы, обструктивті өкпе аурулары болған.
Басқарма: Қызылордада босанған науқас әйелдің баласына вирус жұқпаған
Қызылорда облысында 9 сәуірде босанған науқас әйелдің баласына вирус жұқпаған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Жақсылық Әбдісәметов хабарлады.
"Коронавирус инфекциясын жұқтырған әйел 9 сәуір күні босанды. Жаңа туған нәрестеде COVID-19 вирусы жоқ екені анықталды" деді Жақсылық Әбдісәметов.
Дәрігерлердің айтуынша, бейсенбі күні дүниеге келген сәбидің салмағы - 2970 грамм, бойы - 51 см. Жағдайы бірқалыпты. Әйелді босандырған дәрігерлер екі апта үй карантиніне жіберілген.
Қазір Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар 104-ке жетті. Бұл аймақ вирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (226) мен Алматыдан (122) кейін тұр.
Қазір Қазақстанда 802 адам вирус жұқтырды. 61 адам дерттен айықты. 9 адам қайтыс болды.