Алматыда коронавирустан бір науқас қайтыс болды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 сәуірде таңертең Алматыда коронавирустан бір науқас қайтыс болғанын хабарлады. Науқас 1956 жылы туған. Министрлік әзірге толық ақпарат бермеді.
Қазақстанда барлығы 9 науқас қайтыс болған. 9 сәуірде Павлодар облысында 1936 жылғы ер адам вирустан көз жұмған. Марқұм 2016 жылдан бері астма, өкпе ауруымен есепте тұрған.
Қазір Қазақстанда коронавирус жұққан 802 адам анықталған. Министрлік жұма күні таңертең 21 адамнан вирус табылғанын хабарлады.
60 адам дерттен айықты. Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар жүзден асты.
Вирус жұқтырғандар мына аймақтарда:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 226
- Алматы қаласы – 122
- Қызылорда облысы – 104
- Ақмола облысы – 61
- Қарағанды облысы – 61
- Түркістан облысы – 34
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Атырау облысы – 45
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Жамбыл облысы – 45
- Шымкент қаласы – 31
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Қостанай облысы – 3
- Маңғыстау облысы – 9
- Павлодар облысы – 3
Ақмола облысындағы ахуал
Денсаулық сақтау министрлігі 10 сәуір таңертең Ақмола облысында бір адамнан вирус табылғанын хабарлаған. Науқас 33 жаста. Ол коронавирус жұққан адамдармен араласқан.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақмола облысында 61 науқас бар: Целиноград ауданында - 56, Аршалы ауданында - 3, Көкшетау қаласында - 1, Шортанды ауданында - 1 адамнан вирус табылған.
Бұған дейін Ақмола облысы Целиноград ауданы Аққайың ауылында қарттар үйінде вирустан 73 жастағы қарт қайтыс болып, кейіннен сол орталықтағы 30-дан астам адамға вирус жұққаны анықталған болатын. Орталықтың бір қызметкерінен де вирус табылған. 8 сәуірде қарттар үйінде тұратын 1929 жылғы әйел адам көз жұмды.
Денсаулық басқармасы: Алматыда коронавирустан қайтыс болған науқаста жүрек ишемиясы болған
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 1956 жылғы науқас 9 сәуір түнгі сағат 23.50 шамасында қайтыс болған. Науқаста коронавируспен қатар жүрек ишемиясы, обструктивті өкпе аурулары болған. Оған коронавирус жұққаны 16 наурызда анықталған. Ол вирус жұққан науқастармен байланыста болған.
"Негізгі диагнозы - COVID-19 коронавирус инфекциясы, екі жақты полисигментті пневмонияның ауыр түрі, өкпенің ісінуі" деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, интенсивті терапияға қарамастан науқастың жағдайы уақыт өткен сайын ауырлай берген.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматыда коронавирус жұққан 122 адам анықталған. 26 адам жазылған. Бір адам қайтыс болған. 96 адам инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Олардың төртеуі - бала.
72 адамның жағдайы - бірқалыпты. Бір адамның жағдайы - өте ауыр, төртеуінікі - ауыр. Дәрігерлер 19 науқастың жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.
Әбілдаевтың айтуынша, қала бойынша коронавируспен күресіп жатқан 3557 медицина қызметкерінің жалақысына үстеме ақы қосылып жатыр. Ол үшін 965 млн теңге қарастырылған.
Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар 104 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 сәуірде таңертең тағы 21 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Батыс Қазақстан облысында - 2, Маңғыстау облысында - 2, Қызылорда облысында - 4, Атырау облысында - 3, Шымкент қаласында - 4, Ақмола облысында - 1, Қарағанды облысында - 4, Нұр-Сұлтан қаласында - 1 адамға вирус жұққаны анықталған.
Қызылорда облысында төрт науқастың үшеуі Шиелі ауданы Бала би, Қодаманов ауылдарында тұрады. Біреуі - Жаңақорған ауданынының тұрғыны. 1989 жылғы ер адам, 2010 жылғы бір ұл бала, 1996 және 1967 жылғы әйел адам коронавирус жұққан науқастармен байланыста болған. Қазір олармен байланыста болған адамдар анықталып жатыр. Қызылордада науқастар 104 адамға жетті. Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 17, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 55, Сырдария ауданында – 14, Арал ауданында – 2 адамнан вирус табылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, науқастардың жағдайы - бірқалыпты.
Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)
Қазақстанда барлығы 802 адамнан вирус табылған. Қызылорда облысы - вирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан (226) және Алматыдан (122) кейін үшінші орында тұр. 9 сәуірде Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі облыста жағдай күрделі болып бара жатқанын айтып, тұрғындарды карантин ережелерін сақтауға шақырған. Сәуір айының басында облыста шектеу шаралары енгізілген.