Қазақстанда бір күнде 7 адам Covid-19 дертінен айықты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 сәуірде елде жеті адам Covid-19 дертінен айыққанын хабарлады. Олардың үшеуі – Алматыда, біреуі – Нұр-Сұлтан, біреуі – Павлодар облысында, енді бірі – Жамбыл облысында.
Алматыда аурудан жазылғандар бірі – 1993 жылы туған әйел адам, ол 13 наурызда Минск-Алматы чартерлік рейсмен келген. Екіншісі – 25 жастағы ер адам, ол 26 наурызда Мәскеу арқылы Стамбулдан келген. Үшіншісі – 1985 жылы туған әйел адам, ол 23 наурызда Мәскеу арқылы Стамбулдан келген.
Ал Жамбыл облысында дерттен айыққан ер адам 29 жаста. Ол Қырғызстаннан келген соң 24 наурызда коронавирус жұқтырғаны анықталған.
Қазір ел бойынша 60 адам дерттен айықты. Қазақстанда 764 адамнан вирус табылды. 7 адам қайтыс болды.
Аурудан жазылғандар мына аймақтарда:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 30
- Алматы қаласы – 26
- Ақтөбе облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
- Павлодар облысы – 1
- Солтүстік Қазақстан облысы – 1
Әлемде 1,5 млн адамға коронавирус жұқты. 90 мыңдай науқас қайтыс болды
АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 9 сәуірде әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 1,5 миллионнан жетті. Коронавирустан туындайтын Covid-19 дертінен 90 мыңдай адам қайтыс болды. 337 мың науқас дерттен айықты.
Вирус жұқтырғандардың 432 мыңнан астамы АҚШ-та. Бұл елде 14700-ден астам адам қайтыс болды. АҚШ билігі алдағы бір-екі апта ел үшін өте қиын болады деп болжаған.
Испанияда 152 мыңнан астам адамнан вирус табылды. 15238 адам қайтыс болды. Бұл елде вирус жұқтырғандар саны сәл азайған. Өткен күндері 6-7 мың болса, 8 сәуірде 5756 адамнан вирус анықталды.
Италияда вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бірнеше күн бойы түсіп келеді. Өткен апталарда 6-7 мың адамнан вирус табылып жүрген. Кейінгі екі күнде 3-4 мыңнын арасында. Ал 7 сәуірде 604 қайтыс болса, 8 сәуірде 542 адам көз жұмды.
Қазір вирус жұқтырғандар Германия (113 мыңнан аса), Франция (83 мыңнан аса), Иран (64 мыңнан астам), Ұлыбританияда (61 мыңнан асты) және Түркияда (38 мыңнан астам) азаймай тұр.
Павлодарда вирус жұқтырған бір адам қайтыс болды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 9 сәуір 22:55-тегі дерегіне сай, Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 1936 жылғы ер адам қайтыс болды. Министрліктің дерегінше, ол 8 сәуірде пневмониямен ауруханаға жатқызылған. 9 сәуірде коронавирус анықталған. Марқұм 2016 жылдан бері астма, өкпе ауруымен есепте тұрған.
Министрлік елде тағы 17 адамнан вирус табылғанын хабарлады: Қызылорда облысында - 8 адам, Ақмола облысында - 4 адам, Павлодар облысында - 2 адам, Нұр-Сұлтан қаласында - 2 адам, Алматы қаласында - 1 адам.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Ақмола облысында вирус жұқтырғандар төрт адамның арасында 93 және 84 жастағы зейнеткерлер бар.
Қазір Қазақстанда 781 адам вирус жұқтырды. 60 адам дерттен айықты. 8 адам қайтыс болды. Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар жүзден асты.
Вирус жұқтырғандар мына аймақтарда:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 225
- Алматы қаласы – 122
- Қызылорда облысы – 100
- Ақмола облысы – 60
- Қарағанды облысы – 57
- Түркістан облысы – 34
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Атырау облысы – 42
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Жамбыл облысы – 45
- Шымкент қаласы – 27
- Батыс Қазақстан облысы – 4
- Қостанай облысы – 3
- Маңғыстау облысы – 7
- Павлодар облысы – 3
Қызылорда облысында вирус жұқтырған әйел аман-есен босанды
Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйел аман-есен босанды. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева Facebook парақшасында жазды.
Ақтаеваның ақпаратынша, жүкті әйел 8 сәуірде толғақ қысып провизорлық перзентханаға түскен. Әйелде ЖРБИ симптомдары болған. Кейін анализінен коронавирус табылған.
"Толғақ басталып, бала аман-есен өмірге келді. Салмағы 2970 грамм, бойы 51 см. Баланың жағдайы бірқалыпты. Covid-19 анализі алынды" деп жазды вице-министр.
Ақатаеваның жазуынша, әйел Covid-19 дертінен емделу үшін инфекция стационарына ауыстырылған. Ал әйелді босандырған дәрігерлер екі апта үй карантиніне жіберілді.
Қазір Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар саны 100-ге жетті. Бұл аймақ вирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (225) мен Алматыдан (122) кейін тұр.
Қазір Қазақстанда 781 адам вирус жұқтырды. 60 адам дерттен айықты. 8 адам қайтыс болды.