Қазақстанда бес адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 сәуірде күндізгі сағат 14:55-те бес адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Маңғыстау облысында - 1, Атырау облысында - 3, Алматы қаласында 1 адамға вирус жұққаны анықталған.
Жалпы елде коронавирус жұқтырғандар 764 адамға жетті:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 223
- Алматы қаласы – 120
- Қызылорда облысы – 92
- Қарағанды облысы – 57
- Жамбыл облысы – 45
- Ақмола облысы – 56
- Түркістан облысы – 34
- Атырау облысы – 42
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Шымкент қаласы – 27
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 11
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Маңғыстау облысы – 7
- Қостанай облысы – 3
- Батыс Қазақстан облысы – 4
- Павлодар облысы – 1
Қазақстанда коронавирустан 55 адам жазылған (Нұр-Сұлтанда - 30, Алматыда - 23, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Ақтөбе облысында - 1). Жеті адам қайтыс болған.
8 сәуірде Ақмола облысында 1929 жылы туған әйел көз жұмды. Дәрігерлер көз жұмғаннан кейін науқаста коронавирус барын анықтаған.
FIDH түрмедегі саяси тұтқындар мен құқық қорғаушыларды босатуға шақырды
Адам құқығы жөніндегі халықаралық федерация өкілдері (FIDH) әлем елдерінің үкіметтерін саяси тұтқындар мен құқық қорғаушыларды, денсаулығына қауіп төнген топтарды түрмеден босатуға шақырды. Ұйымның 8 сәуір күнгі мәлімдемесінде әлемде тұтқындарды босату бойынша ірі кампанияның басталғаны туралы жазылған. Ұйым өкілдерінің пікірінше, билік оларды босатып, құқық қорғау қызметімен айналысуына мүмкіндік беруі керек.
"Әлемде жүздеген адам қылмыс жасағаны үшін емес, құқық қорғау қызметі үшін түрмеге қамалған. Олар әу бастан-ақ ұсталмауы керек еді" деді ұйым төрағасы Элис Могве.
Мәлімдемеде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің сөзі де келтірілген. Ол билік көзқарасы үшін немесе өзгеше пікірі үшін қудаланған саяси тұтқындарды босатуы керек деген. Олардың арасында кәмелетке толмағандар, мигранттар, босқындар, саяси оппоненттер, журналистер, құқық қорғаушылар бар.
Кампания вебсайтында түрмеде отырған ондаған құқық қорғаушының аты-жөні аталған. Олардың арасында қырғыз құқық қорғаушысы Азимжан Аскаров та бар. Ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі 2010 жылы болған оқиғаға қатысы бар деген айыппен өмірлік түрме жазасын алған.
Коронавирус індеті әлемге жайыла бастаған кезде бірқатар елдер, олардың арасында Түркия, Бахрейн де бар, түрмедегі адамдардың санын азайту мақсатында тұтқындардың бір бөлігін босатқан. Көптеген елдер терроризммен байланысты қылмысы үшін сотталғандарды тізімге енгізген жоқ. FIDH тізімнің сұрыпталмай жасалғанын, соның кесірінен "терроризм" бойынша айыпталып, қолдан ұйымдастырылған іс бойынша сотталған құқық қорғаушылар абақтыда қалған. Ұйым өкілдері құқық қорғау қызметі терроризм емес екенін алға тартып, түрмедегі барлық құқық қорғаушыларды босатуға шақырған.
Алматыда үш адам коронавирустан жазылды
9 сәуірде Алматыда коронавирустан үш адамның айыққаны белгілі болды. Қалада барлығы 26 науқас жазылған. Республика бойынша 58 адам аурудан жазылған. 7 адам қайтыс болған.
Алматыда 13 мыңнан астам адам коронавирусқа тексерілген
Карантин режимі енгізілген уақыттан бері Алматыда 13 мыңнан астам адам коронавирусқа тексерілген. Бұл туралы қалалық тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің жетекшісі Айзат Молдағасымова хабарлады.
"Қазірге дейін 13 811 адам полимеразды тізбекті реакция әдісі арқылы коронавирусқа тексерілген, 121 адамнан коронавирус табылған" деді.
Оның айтуынша, қалада төрт зертхана: үш мемлекеттік және бір жеке мекемеде зерттеу жүргізілген.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматыда коронавирус жұқтырғандар 121 адамға жеткен. 9 сәуірде үш науқастың айыққаны белгілі болды. 1993, 1985 жылғы екі әйел және 25 жастағы жігіт ауруханадан шыққан. Қалада барлығы 26 адам жазылған.
Қазір 96 адам инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Арасында төрт бала бар. 72 науқастың жағдайы - бірқалыпты, екі ересек адамның жағдайы - өте ауыр, төрт науқастың жағдайы - ауыр. Дәрігерлер 18 адамның жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.
Алматы коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (223) кейін екінші орында тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, адамдардың ары-бері жүруіне шектеу қойылған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 759 адамға жеткен.