Путин коронавирусқа байланысты халыққа үндеу жолдады
Сәрсенбі күні губернаторлар мен министрлермен кездескен Ресей президенті Владимир Путин жиын соңында коронавирусқа байланысты ресейліктерге үндеу жолдады. Ол күн өткен сайын халықтың бірлігі нығая түскенін айтып, азаматтарды карантин режимін сақтауға шақырды.
"Бәрі өтеді және бұл да өтіп кетеді. Еліміз көптеген сынақты бастан кешірген. Бұл коронавирус індетін де жеңеміз" деді Путин.
Ол басында осындай күрделі кезеңде дәрігерлер мен кәсіпкерлерді, халықты қолдау мәселесіне тоқталды. Коронавирус індеті кезінде экономиканың дамуын тежемеу қажеттігін, аймақтар арасында көлік, жүк, жолаушылар тасымалын тоқтатуға болмайтынын айтты. Жақында үкімет жетекшісі Михаил Мишустин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров аймақ арасында шекараны жабу туралы мәселе бойынша дауласып қалған еді.
Путин коронавируспен күрескен дәрігерлердің жалақысына қосымша үстеме ақы қосылатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда алдағы үш айда медицина қызметкерлеріне 25 мың мен 80 мың рубль көлемінде үстеме ақы бекітіледі.
Ресей президенті бұған қоса, үкіметке бес күн ішінде бизнесті қолдайтын қосымша шараларды анықтауды тапсырды. Президент кіші және орта кәсіпорындардың әлеуметтік төлемін алты айға дейін шегеруге уәде берді. Бұған дейін қосымша құн салығынан бөлек барлық салық түрін кейінге шегеруге уәде еткен болатын.
Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде аннексияланған Қырымды қосқанда 8672 адамнан коронавирус табылған. 63 адам көз жұмған.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар 1,5 миллионнан асып кетті
Әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар 1,5 миллионнан асып кетті.
Вирус жұқтырғандар саны жағынан АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 431 мың адамнан вирус табылған. Соңғы бір күн ішінде вирус жұққан 27 мыңнан астам адам анықталған. 1800-ден астам адам көз жұмған. Індет жайыла бастағаннан бері 14 800 науқас көз жұмған.
Екінші орында Испания тұр. Мұнда 148 мың тұрғыннан вирус табылған, 15 мың адам көз жұмған.
Италияда шамамен 140 мың адамнан вирус анықталған. 17 мыңы қайтыс болған.
Өткен жылы желтоқсан айының соңында Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрі тарай бастаған. Қытайда ресми дерек бойынша, 82 мың адам дертке шалдыққан. Үш мыңнан астам адам қайтыс болған. Жақында Қытай вирус ошағы Ухань қаласын қайтадан ашты. Кейбір сарапшылар Пекин коронавирус жұқтырғандар саны мен көз жұмғандар санын төмендетіп көрсетеді деп санайды.
Қазақстанда тағы 32 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 сәуір таңертеңгі сағат 10.00-де 32 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Ақмола облысында - 13, Алматы қаласында - 1, Қызылорда облысында - 7, Батыс Қазақстан облысында - 2, Атырау облысында - 3, Қарағанды облысында - 2, Шымкент қаласында - 4 адамға вирус жұққаны анықталған.
Жалпы елде коронавирус жұқтырғандар 759 адамға жетті:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 223
- Алматы қаласы – 120
- Қызылорда облысы – 92
- Қарағанды облысы – 57
- Жамбыл облысы – 45
- Ақмола облысы – 56
- Түркістан облысы – 34
- Атырау облысы – 39
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Шымкент қаласы – 27
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Маңғыстау облысы – 6
- Қостанай облысы – 3
- Батыс Қазақстан облысы – 4
- Павлодар облысы – 1
Қазақстанда коронавирустан 54 адам жазылған (Нұр-Сұлтанда - 29, Алматыда - 23, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Ақтөбе облысында - 1). Жеті адам қайтыс болған. 8 сәуірде Ақмола облысында 1929 жылы туған әйел көз жұмды. Дәрігерлер көз жұмғаннан кейін науқаста коронавирус барын анықтаған.
Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар 92 адамға жетті
Денсаулық сақтау министрлігі 9 сәуірде таңертең Қызылорда облысында жеті адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Бес науқас - Шиелі ауданында, біреуі - Сырдария ауданында, тағы бір науқас Қызылорда қаласында тұрады. Алтауы коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Ал Қызылорда қаласының тұрғынынан жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалып, дәрігерге көрінген. Тексерген кезде вирус бары анықталған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қызылорда облысында 92 адамнан коронавирус табылған: Қызылорда қаласында – 10, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 4, Шиелі ауданында – 52, Сырдария ауданында – 8, Арал ауданында - 2 адамға вирус жұққан.
92 науқаспен байланыста болған 1143 адам анықталған. Дәрігерлер оларды бақылауға алған, оқшауланған. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Жақсылық Әбдісәметов 9 сәуір күнгі брифинг кезінде тұрғындардың карантин ережелеріне қажетті дәрежеде мән бермей отырғанын айтқан.
"Облысымыздағы ахуал барған сайын күрделеніп барады. Бір тәулікте 23 адамнан вирус табылуы – дабыл қағатын жағдай. Өңір тұрғындары бұл мәселені түйсініп, дұрыс шешім шығармағаннан кейін осындай жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Тұрғындар карантин тәртібін сақтауы керек. Барлық өңір тұрғындары, елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, карантин талаптарына мән берілмей келеді" деді Жақсылық Әбдісәметов.
Қызылорда облысы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтан (223) және Алматыдан (120) кейін үшінші орында тұр. Наурыз айының соңы және сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылған. Облыста шектеу шаралары күшейтілген.