Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:46 8.4.2020

Ақмола облысында көз жұмған әйелден коронавирус өмірден өткен соң анықталды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақмола облысында коронавирустан қайтыс болған 1929 жылы туған әйел бұған дейін вирустан көз жұмған 1947 жылғы ер адаммен байланыста болған.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде, науқас 6 сәуірде қайтыс болған. 7 сәуірде мәйітханада жүргізілген зерттеу кезінде одан коронавирус табылған. Ресми органдар әйелдің бірнеше аурумен ауырғанын айтты.

Марқұм артериялық гипертензия, ортан жіліктің мойын сынығы, ДЭП, паркинсионизм, жүрек ишемиясы, стенокардия, созылмалы бронхит диагноздарымен тіркеуде тұрғаны хабарланды.

"2019 жылдан бастап жасы ұлғайғаннан кейін жүрегі мен тыныс алу жолдарының жағдайы нашарлаған. Ол үнемі төсек тартып жатқаннан кейін оның жағдайы одан сайын қиындаған. 2020 жылғы 1 сәуірде жағдайы тағы нашарлап, тыныс алуы қиындаған. 6 сәуірде қайтыс болды" деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.

Қазақстанда барлығы жеті адам вирустан қайтыс болған. Ақмола облысында - 3, Нұр-Сұлтанда - 1, Қарағанды облысында - 1, Түркістанда - 1, Шымкентте бір адам қайтыс болған. 53 адам айыққан.

16:39 8.4.2020

Түрмеде коронавирусқа байланысты сақтық шараларын күшейтуді талап еткен белсенді карцерге қамалды

Белсенді Әсет Әбішев.
Белсенді Әсет Әбішев.

Түрмедегі азаматтық белсенді Әсет Әбішев тәртіптік изоляторға қамалды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Гүлнар Жуаспаева хабарлады.

- Әсет коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска үлестіріп беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалған. Маған бұл ақпаратты өзге әріптесім - сол колонияда түрмеде отырған адамның адвокаты хабарлады. Қазір колонияларда карантин жарияланған, кездесуге рұқсат жоқ. Колония басшылығымен сөйлесе алмадым. Әзірге, Әбішевтің қанша тәулікке жабылғанын да білмей отырмын,- деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Азаттық тілшісі де Алматы облысы Заречный кентіндегі 155/14 колониясына хабарласқанмен нақты жауап алмады. Ондағы кезекші басшылықтың «колония ішінде этаппен келген жазасын өтеушілерді қабылдап жатқанын» жеткізді. Алматы облысының мамандандырылған прокурорының орынбасары Ербол Керімбек Әбішевтің тәртіптік изоляторға қамалғанын растады.

- Кеше, 7 сәуірде бізге колония қызметкерлері арнайы хабарлама жеткізді. Видеосын алғыздық, заңдылығын тексердік. Әбішевтың қалтасынан мобильді телефон шыққан. Сол үшін 15 тәулікке тәртіптік изоляторға жатқызылған. Егер бізде видео дәлелдеме болмаса, бұл әрекетке бармас едік. Қазір колония қызметкерлерінің бәрінде-дерлік формасының кеудесінде камера орнатылған, - деді прокурор.

Ол адвокат Жуаспаеваның «қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті» деген сөзін жоққа шығарады. Керімбектің сөзіне қарағанда, колония ішінде төтенше жағдай режимі басталғалы бері тәртіп күшейген.

- Колонияда вирус тарамас үшін барлық шара қолға алынған. Жазасын өтеушілердің температурасын күніне үш рет тексеріп, күнде дезинфекция жасалады. Жазасын өтеушілерге маска жетпей жатыр деу де дұрыс емес. Себебі масканы жазасын өтеушілер өздері тігіп, артығын сыртқы сатып жатыр. Мекеме қызметкерлері күн сайын таңертең кірген кезде, кешке шыққанда тексеріледі,- деді Алматы облысының мамандандырылған прокурорының орынбасары Ербол Керімбек.

Алайда бұл айтылғандарға сенбейтінін жеткізген адвокат Гүлнар Жуаспаева «Әсет Әбішев сауатты адам, сондықтан ол заңсыз әрекеттерге бармайды» деді. Ол мекеме басшылығының бұл шешіміне қатысты шағым түсіретінін айтты.

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев - Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қозғалыстың жетекшісі шетелде тұратын бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов) қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған белсенді. (Қазақстанда ҚДТ сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылып, ел аумағында қызметіне тыйым салынған. Ал өткен жылы қабылданған Еуропарламент резолюциясында ҚДТ "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп жазылған).

2018 жылы 5 шілдеде ұсталған Әбішев содан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот шешімі 2018 жылы 30 қарашада шыққан. 2019 жылы 13 ақпанда апелляциялық сот қаулыны өзгеріссіз қалдырған.

Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға күш салғаны үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында "жоспарлы тінту шарасы" кезінде Әбішевтің таяқ жегенін мәлімдеген.

"Осы жайттар үшін түрме әкімшілігі кек сақтап отыр" дейді адвокат.

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

20:25 8.4.2020

Қазақстанда 9 адамнан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуір кешкі сағат 21:15-те 9 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 1, Шымкентте - 3, Қызылорда облысында - 4, Түркістан облысында -1 адамға вирус жұққаны анықталған.

Жалпы елде коронавирус жұқтырғандар 718 адамға жетті:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 223
  • Алматы қаласы – 119
  • Қызылорда облысы – 76
  • Қарағанды облысы – 55
  • Жамбыл облысы – 45
  • Ақмола облысы – 43
  • Түркістан облысы – 34
  • Атырау облысы – 36
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25
  • Шымкент қаласы – 23
  • Ақтөбе облысы – 11
  • Алматы облысы – 10
  • Шығыс Қазақстан облысы – 6
  • Маңғыстау облысы – 6
  • Қостанай облысы – 3
  • Батыс Қазақстан облысы – 2
  • Павлодар облысы – 1

Қазақстанда коронавирустан 53 адам жазылған. Жеті адам қайтыс болған. 8 сәуірде Ақмола облысында 1929 жылы туған әйел көз жұмды. Дәрігерлер көз жұмғаннан кейін науқаста коронавирус барын анықтаған.

01:46 9.4.2020

Қызылордада тағы 9 адамнан вирус табылды. Аймақта 85 адам дертке шалдықты

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуір кешкі сағат 22:45-те Қызылорда облысында тағы 9 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Қазір бұл аймақта 85 адам дертке шалдықты. Қызылорда облысы вирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (223) мен Алматыдан (119) кейін тұр. Кейінгі үш күнде Алматыда бірде-бір адамнан вирус табылған жоқ. Ал Нұр-Сұлтанда кейінгі үш күнде екі адам Covid-19 дертіне шалдықты.

Тағы

XS
SM
MD
LG