Еуроодақ шектеу шараларын азайту мәселесін талқылайды
8 сәуірде Еуроодақ экономикаға ықпалын азайту үшін коронавирусқа байланысты енгізілген карантиндік шараларды біртіндеп азайту мәселесін талқылайды. Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Лейен сәрсенбі күні комиссия мүшелерімен телеконференция өткізеді.
Одақ мүшелері пандемияның түрлі кезеңін бастан өткеріп жатыр. Кейбір үкімет экономикаға ықпалын азайту үшін шектеу шараларын жұмсартуды қолдайды. Австрия, Дания, Словения келесі аптадан бастап біртіндеп шектеу шараларын азайтатынын хабарлады. Бірақ азаматтарға қол алыспауға, топтасып жүрмеуге кеңес берілген. Алайда одақтың өзге мүшелері шектеу шараларын азайтса, вирус бұдан да жылдам тарап, мәселе бақылаудан шыға ма деп қауіптенеді.
Одақ аумағында коронавирустан 51 мың адам көз жұмған. Вирустан Италия, Испания, Франция қатты зардап шеккен.
Жамбыл облысында 9 сәуірден бастап карантин режимі енгізіледі
Ресми органдардың хабарлауынша, 9 сәуір түнгі сағат 00.00-ден бастап Жамбыл облысы аумағында кіріп-шығуға тыйым салынады. Облыс аумағында 27 бақылау-өткізу бекеті қойылады. Блокбекетте полиция қызметкерлері, әскерилер, медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
Тұрғындар азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, дәрігерлерге бару және мемлекеттік органдардан көмек сұрау, көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін ғана сыртқа шыға болады. Үй жануарларын өздері тұратын аумақта 30 минут серуендете алады.
Азық-түлік емес сауда орындары, ойын-сауық орталықтарының бәрі жабылады.
Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысында 45 адамнан коронавирус табылған.
Ақмола облысында коронавирустан бір адам көз жұмды
Денсаулық сақтау министрлігі Ақмола облысында коронавирустан бір адам көз жұмды деп хабарлады. Науқас 1929 жылы туған. Ол туралы әзірге толық мәлімет жоқ.
Қазақстанда барлығы жеті адам вирустан қайтыс болды. Ақмола облысында - 3, Нұр-Сұлтанда - 1, Қарағанды облысында - 1, Түркістанда - 1, Шымкентте бір адам қайтыс болған. 53 адам айыққан.
Министрлік 8 сәуірде түстен кейін тағы бес адамнан коронавирус табылған хабарлады. Маңғыстау облысында - 1, Қызылорда облысында - 3, Ақмола облысында бір адамға вирус жұққан.
Елде вирусты жұқтырғандар 709 адамға жетті.
- Нұр-Сұлтан қаласы – 222
- Алматы қаласы – 119
- Қызылорда облысы – 72
- Қарағанды облысы – 55
- Жамбыл облысы – 45
- Ақмола облысы – 43
- Түркістан облысы – 33
- Атырау облысы – 36
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Шымкент қаласы – 20
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Маңғыстау облысы – 6
- Қостанай облысы – 3
- Батыс Қазақстан облысы – 2
- Павлодар облысы – 1
Жаңаөзенде коронавирус жұққан бір адам анықталды
Денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуірде Маңғыстау облысында - бір, Атырау облысында төрт адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын.
Ресми мәлімет бойынша, Маңғыстау облысында 1974 жылғы Жаңаөзен тұрғынынан вирус табылған. Пневмония белгілері байқалған науқас 7 сәуірде дәрігерге көрінген. Инфекциялық ауруханаға жатқызылып, анализ алынған. Вирус жұққаны анықталған.
Атырау облысында Теңіз кенішінде вахталық поселокта істейтін 1970 жылғы әйелден вирус табылған. Ол "Теңізшевройлға" қарасты мердігер компаниялардың бірінде жұмыс істеген. Ватернас жұмысшылар поселкасында тұрған.Қазір инфекциялық изоляторға жатқызылған.
Ресми органдар "коронавирус "Теңізшевройл" компаниясының жұмысына әсер етпейді деп мәлімдеді. Ақпарат бойынша, компания "қызметкерлерін вирустан қорғау қорғану шараларын ұйымдастырған".
Теңіз кеніші Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан. "Теңізшевройл" компаниясы Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 709 науқас бар. 7 адам коронавирустан қайтыс болған. 53 адам жазылған. Маңғыстау облысында - 6, Атырау облысында 36 адамға вирус жұққан.