Атырау мен Қызылорда облысында жеті адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуір таңертеңгі сағат 8:45-те Атырау облысында - 4, Қызылорда облысында 3 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Науқастар саны 704 адам болды.
- Нұр-Сұлтан қаласы – 222
- Алматы қаласы – 119
- Қызылорда облысы – 69
- Қарағанды облысы – 55
- Жамбыл облысы – 45
- Ақмола облысы – 42
- Түркістан облысы – 33
- Атырау облысы – 36
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Шымкент қаласы – 20
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Маңғыстау облысы – 5
- Қостанай облысы – 3
- Батыс Қазақстан облысы – 2
- Павлодар облысы – 1
Қазақстанда коронавирус табылған уақыттан бері 51 адам (Нұр-Сұлтанда - 28, Алматыда - 21, СҚО-да - 1, Ақтөбе облысында - 1) жазылған. 6 адам қайтыс болған.
Вирус ошағы саналатын Қытайдың Ухань қаласы ашылды
8 сәуірге қараған түні Қытай билігі вирус ошағы саналатын Ухань қаласын ашты. Хубэй провинциясының орталығы қаңтар айынан бері толық изоляцияда болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, 7 сәуірде мұнда ешкімнен вирус табылмаған.
Карантин кезінде билік барлық оқу орындарын жауып, қоғамдық көлікті тоқтатты. Тұрғындар рұқсатсыз қаладан шыға алмаған.
Хубэй провинциясында карантиндік шаралардың алынатыны туралы ақпарат наурыз айының соңында тараған. Қазір тұрғындар провинция аумағынан шыға алады. Жақын арада әуе қатынасы қалпына келеді деп айтылады.
Өткен жылы желтоқсан айының соңында Қытайда коронавирустың жаңа түрі тарай бастаған. Эпидемия басталған уақыттан бері 82 мыңнан астам адамға вирус жұққан. 3300-ден астам адам көз жұмған. Кейбір сарапшылар Пекин коронавирус жұқтырғандар саны мен көз жұмғандар санын төмендетіп көрсетеді деп санайды.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 млн адамға жетті. 81 мыңнан астам адам көз жұмды.
Қызылорда облысында Сырдария ауданында науқастар саны үш адамға көбейді
Денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуір таңертең Қызылорда облысында үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған. Ресми органдардың хабарлауынша, үшеуі де Сырдария ауданында тұрады. Үшеуі де коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатқан.
"Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты. Хаттамаға сәйкес, емделіп жатыр" делінген хабарламада.
Қызылорда облысында барлығы 69 адамға вирус жұққан. Қызылорда қаласында – 9, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 35, Сырдария ауданында - 14, Арал ауданында – 1 адамнан коронавирус табылған.
Атырау облысында науқастар саны 36 адамға жетті
Денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуірде таңертең Атырау облысында төрт адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Ресми органдардың хабарлауынша, үшеуі Атырау қаласында тұрады, бір адам - Жылыой ауданының тұрғыны. Олар коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған. Қазір жағдайы бірқалыпты. Атырау облысында науқастар саны 36 адамға жеткен.