Штаб: Қазақстанда 120 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан
Коронавируспен күрес штабының хабарлауынша, Қазақстанда 120 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан.
"67 адам коронавирус індетін жұқтырған немесе ауру белгілері бар адамдармен жұмыс істеген. Біреуінің жағдайы ауыр. 9 адамның жағдайы - орташа ауыр. Қалған 57 адамнан ауру белгілері байқалмайды" делінген хабарламада.
1 сәуірде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматыда дәрігерлерге коронавирус жұққанын хабарлаған.
Өткен аптада ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавируспен күресуге атсалысқан дәрігерлерге 250-850 мың теңге аралығында жалақыларына үстемақы қосылады деп айтқан. Медицина қызметкеріне коронавирус инфекциясы жұққан жағдайда 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлем беріледі. Қайтыс болған жағдайда отбасына 10 млн теңге беріледі.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 604 адамнан коронавирус табылған. 45 науқас жазылған. Алты адам қайтыс болған.
Коронавирус көп табылған Нұр-Сұлтан (219) және Алматы қалаларынан (116) кейін 30 наурыздан бастап Қазақстанның басқа аймақтарында да қалалар мен аудандар карантинге жабыла бастады.
Қарағанды облысында 16 науқас коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған
Денсаулық сақтау министрлігі 6 сәуірде түстен кейін Қарағанды облысында 16 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Олардың барлығы вирустан көз жұмған ер адам және оның отбасы мүшелерімен байланыста болған. Бұл туралы Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Науқастар палаталарда оқшау емделіп жатыр.
Қарағанды облысында жалпы 48 адамнан коронавирус табылған.
"Үш адам реанимацияда жатыр, жағдайы ауыр. Олардың бірі аппаратпен тыныс алып жатыр. Тағы үш науқастың жағдайы орташа ауыр" делінген Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Қазір вирус жұқтырғандарды анықтау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жалғасып жатыр.
Облыста 1346 адам - үй карантинінде. 862 адам 24 сағат дәрігерлер бақылауында, 48-і инфекциялық стационарда жатыр.
1 наурызда Теміртау қаласында жұмыс істеген Қарағанды қаласында тұрған 62 жастағы ер адам қайтыс болған. Бұған дейін жергілікті дәрігерлер марқұмның кемінде бес туысынан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын.
Наурыз айының соңында Қарағанды облысында Қарағанды қаласы, Абай, Саран, Шахтинск, Теміртау қалалары карантинге жабылды. Блокбекеттерде арнайы жасақ, санитарлық қызмет өкілдері, әскерилер жүр.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 604 адамға жетті. Вирустан 6 адам қайтыс болған. 45 адам айыққан.
Қазақстанда тағы 25 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 6 сәуірде кешкі сағат 17:00-де 25 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Жамбыл облысында - 6, Ақмола облысында – 19 адамға вирус жұққаны анықталған.
Елде қазір 629 адамға коронавирус жұқтырды. 45 адам (Нұр-Сұлтанда - 25, Алматыда - 21) аурудан жазылды. 6 адам қайтыс болды.
Вирус жұқтырған 629 адам мына аймақтарда:
Нұр-Сұлтан қаласы – 219
Алматы қаласы – 116
Шымкент қаласы – 14
Ақмола облысы – 42
Ақтөбе облысы – 11
Алматы облысы – 10
Атырау облысы – 29
Шығыс Қазақстан облысы – 6
Жамбыл облысы – 35
Батыс Қазақстан облысы – 2
Қарағанды облысы – 48
Қостанай облысы – 1
Қызылорда облысы – 37
Маңғыстау облысы – 5
Павлодар облысы – 1
Солтүстік Қазақстан облысы – 25
Түркістан облысы – 28
Алматы: Тұрғындар денсаулық жағдайына байланысты қаладағы блокпостардан өте алады
Алматы қаласы әкімдігі жанынан төтенше жағдайға байланысты құрылған шұғыл штаб өкілдері денсаулығына байланысты қаладан шығатын немесе қалаға кіргісі келетін азаматтарға (оларды емдетіп жүрген адамдар да) блокпостан өтуге рұқсат берілетінін хабарлады.
"Медициналық мекеменің хат түріндегі жолдамасы болған жағдайда науқасты алып жүрген бір адамға ғана рұқсат беріледі және олар бір көлікпен жүруі тиіс" делінген хабарламада.
19 наурызда коронавирусқа байланысты Алматыда карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылған. Бұған дейін билік "блокпостарды айналып өтпек болған" адамдардың әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлаған.