Жамбылда коронавирус табылған 17 науқастың төртеуі - Қырғызстан азаматы
5 сәуірде таңертең денсаулық сақтау министрлігі Жамбыл облысында 17 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған еді. Жергілікті атқару органы өкілдерінің айтуынша, төрт науқас Үндістанда болған. Ұшақтан түсе салысымен автобуспен карантиндік стационарға жеткізілген. Сараптама нәтижесі бойынша, 1984, 1996, 1998 және 2000 жылғы төрт адамнан вирус анықталған.
Жамбыл облысы Қордай ауданында 1975 және 1982 жылғы екі адамнан короанавирус табылған. Олар вирус жұққан Нұр-Сұлтан тұрғынымен байланыста болған. 1999 жылғы тағы бір науқас 23 наурызда "Қостанай-Алматы" пойызымен Қостанайдан келген.
Қалған он науқас (4 Қырғызстан азаматы және 6 Қазақстан азаматы) көрші Қырғызстаннан Қазақстанға қарай шекаралық пункттен өтіп, тексерілген кезде диагнозы расталған. Олар көрші мемлекеттен жүк тасумен айналысқан.
"Барлық науқастар инфекциялық карантинге жатқызылды. Науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада.
Осыған байланысты 6 сәуірден бастап Қордай ауданында карантин режимі енгізіледі.
Жамбыл облысы - коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтан (219) және Алматы (110), Қызылорда облысынан (30) кейін төртінші орында тұр. Мұнда соңғы дерек бойынша, 28 адамнан коронавирус табылған. Наурыз айының соңында облыста шектеу шаралары енгізілген.
Түркістан облысында 5 жасар баладан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 5 сәуірде Түркістан облысында екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған еді. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, олардың бірі - бес жасар бала. Арыс қаласы Наурыз ауылында тұратын балаға вирус анасынан жұққан. Анасы Нұр-Сұлтан - Шымкент бағытындағы пойызбен келген әйелмен жақын араласқан.
Екінші науқас 1984 жылғы Жетісай қаласының тұрғынынан скрингке түскен кезде вирус анықталған.
"Науқастардың жағдайы - орташа, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар қазір оқшауланып, емделіп жатыр" делінген басқарма хабарламасында.
Олармен байланыста болған адамдар анықталып, оқшауланады.
Түркістан облысында жалпы 25 адамнан коронавирус табылған: Жетісай ауданында - 13, Кентау қаласында - 2, Арыс қаласы - 2, Ордабасы - 1, Сарыағаш - 1, Мақтаарал - 4, Сайрам ауданында – 2 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы 551 адамнан коронавирус табылған.
Шымкентте коронавирустан бір адам қайтыс болды
Шымкентте коронавирустан бір адам қайтыс болды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Науқас 1964 жылы туған. Министрлік әзірге толық ақпарат бермеді.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 551 адамнан коронавирус табылған. Барлығы алты адам көз жұмған. 36 адам айыққан.
Біртанов: Жазда вирустың таралу шапшаңдығы бәсеңдер, бірақ күзде қайта күшеюі мүмкін
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп жатқан шақта "қатаң карантин шараларының арқасында бір апта ішінде коронавирустың таралу деңгейі 52 пайыздан 12 пайызға дейін азайды" деп мәлімдеді.
"Басқа елдердегі жағдай көрсеткендей, [Қазақстанда] вирусқтың негізгі кезеңі сәуір-мамыр айларында болмақ. Сәуірдің алғашқы жартысында шарықтау шегіне жетеді. Бұл кезеңде шамамен 3500 науқас болады деп ойлаймыз. Эпидемиологтар жазда вирустың таралу шапшаңдығы бәсеңдейді деп болжайды, бірақ жазда эпидемия толық тоқтамайды. Кейбір сарапшылар күзде эпидемия қайталануы мүмкін деп отыр" деді Біртанов Facebook парақшасында.
Осыған орай медициналық мекемелерден арнайы орындар дайындалып, өкпені жасанды желдету аппараты, қанды оттегімен толтыратын арнайы аппараттармен жабдықталған бөлімдер әзірленген.
Денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте үш инфекциялық аурухана салу қажеттігі туралы ұсыныс жасаған. Министрдің айтуынша, 15-20 күнде аурухана құрылысы аяқталуы тиіс.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 551 адамнан коронавирус табылған. 36 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.