Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

22:16 4.4.2020

Елде тағы алты адамнан вирус табылды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 4 сәуір 22.45-тегі дерегіне сай, елде тағы алты адамнан коронавирус табылды. Оның үшеуі - Нұр-Сұлтанда, екеуі - Қызылорда облысында, біреу Жамбыл облысында.

4 сәуірде елде 67 адамнан вирус анықталды. Елде қазір 531 адамнан коронавирустың жаңа түрі табылды. 36 адам дерттен айықты. Бес адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігі елде вирустың тарауы сәуірдің ортасында шегіне жетіп, азая түседі деп болжайды. Елде 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. Қазақстанның басым бөлігінде карантин жарияланған.

00:05 5.4.2020

Жетісайда вирустан қайтыс болған адамның жаназасына туғандары қатысқан жоқ

Түркістан облысы Жетісай қаласының коронавирус жұқтырып қайтыс болған 64 жастағы тұрғыны Жетісай ауданындағы Молдаөлген зиратына жерленді. Бұл туралы Азаттыққа Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов айтты.

Бекзат Сыздықовтың сөзінше, жаназаға марқұмның әйелі мен төрт баласы карантинде жатқандықтан қатыспаған. Имам Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мәйітті көлікпен алдын ала дайындалған табытқа салып, аудан мешітіне алып келгенін айтты.

- Жаназа аудан мешітінің автотұрағында оқылды. Мамандар мүрдені дәрілеп, алдын ала дайындалған табытқа салып, көлікпен алып келді. Табытты көліктен шығаруға рұқсат етпеген соң автотұрақта тұрып, бес метр алыстан жаназасы оқылды. Марқұмның бетін ашқан жоқпыз. Ислам талаптары орындалды. Жаназаға марқұмның он шақты туысының қатысуына рұқсат етілді. Ал жерлеуге тек бекітілген сегіз маман барды. Жерлеуге қатысқан сегіз адам арнайы қорғаныс киімін киген, - дейді аудан имамы.

Ал карантинде жатқан әйелі мен сегіз баласы имамға телефонмен хабарласып, «әкемізді жерлеуге келе алмадық» деп өкінішін білдірген.

Жетісай қаласының тұрғыны коронавирустан 4 сәуір күні таңертең қайтыс болған. Ол Алматы қаласында қонақта болып келген соң дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Кейін одан коронавирус табылып, 29 наурызда инфекциялық ауруханаға жатқызылған.

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған 23 адам анықталды. Олардың 10-ы – Жетісай ауданының тұрғыны. Облыста тұрғындарға макса кию міндеттелген. Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алу мен жұмысқа баратын кезде шығуға рұқсат етілген. Көлік, автобус, теміржолмен жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.

Қазақстанда 531 адамнан коронавирус табылды. 36 адам дерттен айықты. Барлығы бес адам қайтыс болды. Жетісай ауданы тұрғынынан бөлек, 4 сәуірде Ақмола облысында 73 жастағы тұрғыны да коронавирустан қайтыс болғаны анықталған. Оның вирус жұқтырғаны көз жұмған соң белгілі болды.

Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтан ауруханасында 64 жастағы әйел адам қайтыс болған. Одан да вирус өмірден өткен соң табылған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам өмірден өтті. 1 сәуірде Қарағандыда бір науқас көз жұмған. ​

08:14 5.4.2020

АҚШ-та бір күнде коронавирустан 1500-ге жуық адам көз жұмды

Лос-Анжелестің қаңыраған көшелері.
Лос-Анжелестің қаңыраған көшелері.

АҚШ-та бір күнде коронавирустан 1480 адам көз жұмды. Бұл эпидемия басталған уақыттан бергі ең жоғары көрсеткіш. Елде вирустан барлығы 7406 адам көз жұмған. Бұл бүкіл әлемде коронавирустан қайтыс болғандардың сегізден бір бөлігін құрайды.

Індеттен Нью-Йорк штаты көбірек зардап шеккен. Мұнда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 2001 жылы 11 қыркүйек күнгі террористік шабуылдан қаза болғандардың санымен пара-пар.

Нью-Йорк мэрі жақын арада індеттің жайылуы "шарықтау шегіне" жететінін айтып, қалаға қосымша медициналық қызметкерлер, жабдықтар қажет болатынын айтты. Ол федералдық үкіметті АҚШ қарулы күштерін жасақтауға шақырды.

08:29 5.4.2020

Қазақстанда тағы 20 адамнан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 5 сәуір таңертеңгі сағат 9.15-те тағы 20 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Жамбыл облысында - 17, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Түркістан облысында - 2 адамға вирус жұққаны анықталған.

Қазақстанда науқастардың жалпы саны 551 адам болды:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 219
  • Алматы қаласы – 110
  • Қызылорда облысы – 30
  • Қарағанды облысы – 27
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25
  • Түркістан облысы – 26
  • Атырау облысы – 22
  • Ақмола облысы – 20
  • Шымкент қаласы – 13
  • Жамбыл облысы – 28
  • Ақтөбе облысы – 10
  • Алматы облысы – 10
  • Шығыс Қазақстан облысы – 5
  • Маңғыстау облысы – 3
  • Батыс Қазақстан облысы – 2
  • Қостанай облысы – 1
  • Павлодар облысы – 1

Коронавирустан 36 адам айыққан. Бес адам қайтыс болған. Елдің басым бөлігінде шектеу шаралары енгізілген.

Тағы

XS
SM
MD
LG