Ақмола облысында тағы бір адам коронавирустан қайтыс болды
Денсаулық сақтау министрлігінің 4 сәуір 15.40-тағы дерегіне сай, Ақмола облысында 1947 жылы туған ер адам коронавирустан қайтыс болды. Ол бұрын бірнеше созылмалы дертпен дәрігер есебінде тұрған.
Осы сағатта елде тағы 25 адамнан коронавирус табылғаны хабарланды. Нұр-Сұлтан қаласында - 14 адам, Ақтөбе облысында - 3 адам, Қызылорда облысында - 2 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Шымкент қаласында - 1 адам, Қарағанды облысында - 1 адам, Алматы облысында - 1 адам, Жамбыл облысында - 1 адам, Алматы қаласында 1 адам вирус жұқтырған.
Қазір елде 525 адамнан коронавирус анықталды. 36 адам дерттен айықты. Бес адам қайтыс болды. Көз жұмғандардың екеуі - Ақмола облысында, біреуі - Нұр-Сұлтанда, біреуі - Қарағанды облысында, біреуі Түркістан облысында.
Вирус жұқтырған 525 адам мына аймақтарда:
Нұр-Сұлтан қаласы – 216
Алматы қаласы – 110
Қызылорда облысы – 28
Қарағанды облысы – 27
Солтүстік Қазақстан облысы – 25
Түркістан облысы – 23
Атырау облысы – 22
Ақмола облысы – 20
Шымкент қаласы – 13
Ақтөбе облысы – 10
Алматы облысы – 10
Жамбыл облысы – 10
Шығыс Қазақстан облысы – 4
Маңғыстау облысы – 3
Батыс Қазақстан облысы – 2
Қостанай облысы – 1
Павлодар облысы – 1
Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. Елдің барлық аймағында шектеу қойылған. Ірі қалаларда карантин. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, елде үш жарым мыңдай адамға вирус жұғуы мүмкін.
Испания вирус жұққандар саны бойынша Италияның алдына шықты
Испанияда кейінгі 24 сағат ішінде 809 адам Covid-19 дертінен қайтыс болды, тағы 7026 адамнан вирус табылды. Қазір бұл елде 11744 адам көз жұмды. 124736 адамға вирус жұқты. Испания осылайша вирус жұққандар саны бойынша Италияның (120 мыңға жуық) алдына шығып, АҚШ-тан (278 мыңнан аса) кейін тұр.
Испания билігі кейінгі екі күнде дерттен көз жұмғандар саны түскенін мәлімдеді. Үш күн қатарынан елде вирустан қайтыс болғандар саны 900-ден аз. Коронавирус жұқтырғандар саны да 3 сәуірмен (7472) салыстырғанда азайған.
Осы аптаның басында Испания денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илли елде вирус тарауы шегіне жетті деп мәлімдеген. Испания үш аптадан бері карантинде. Ел билігі карантинді 26 сәуірге созбақ.
АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, казір әлемде 1 123 024 коронавирус жұқтырды. Covid-19 дертінен 59140 адам көз жұмды. 228 мың адам аурудан жазылды.
Карта. Коронавирусқа байланысты шекарасын жапқан елдер
Коронавирустан қайтыс болған Ақмола облысы тұрғыны жайлы не белгілі?
Ақмола облысында коронавирустан қайтыс болды деп хабарланған ер адамнан екі күннен кейін коронавирус анықталған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
4 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі Ақмола облысында бір адамның коронавирустан қайтыс болғанын жариялаған.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сүлен Ілиясов онлайн брифингте 73 жастағы ер адамға коронавирус диагнозы қайтыс болған соң қойылғанын айтты. Марқұм Целиноград ауданынан. Бұған дейін дисциркуляторлы энцефалопатия, қысым көтерілу сынды дерттермен дәрігер есебінде болған.
“2 сәуірде қайтыс болды. Марқұмның мәйітіне Нұр-Сұлтанда сот-медициналық сараптама жасалды. Сол кезде қан анализінен Covid-19 табылды” деді Ілиясов.
Денсаулық сақтау басқарамасының хабарлауынша, қайтыс болған адаммен байланыста болған адамдар оқшауланған.
Қазақстанда коронавирустан бес адам қайтыс болды. Бұған дейін 4 сәуірде Түркістан облысы Жетісай ауданында 64 жастағы тұрғынның көз жұмғаны хабарланды. Ол инфекциялық ауруханаға 29 наурызда жатқызылған. Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтан ауруханасында 64 жастағы әйел адам қайтыс болған. Одан да вирус өмірден өткен соң табылған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам өмірден өтті. 1 сәуірде Қарағандыда бір науқас көз жұмған.