- Авторы: Елена ВЕБЕР
Қарағандыда коронавирустан қайтыс болған адамның бес туысынан вирус табылған
1 сәуірде Қарағандыда коронавирустан қайтыс болған 62 жастағы ер адамның бес туысынан коронавирус табылды. Олардың арасында бір бала да бар.
"Марқұммен жақын араласқан барлық науқас карантинге жіберілді, 24 сағат дәрігерлер бақылауында. Олардың арасында 13 жастағы бала да бар. Қазір қайтыс болған адаммен байланыста болған 200-ден астам адам провизорлық және карантиндік стационарға орналастырылды. Байланысты болған адамдарды анықтау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жалғасып жатыр" деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Облыста 27 адамнан вирус табылған. Олардың басым бөлігі - Қарағандыда.
Қарағанды, Шахтинск, Саран және Абай қалалары карантиндік аймаққа кіреді. Жұмыс істейтін адамдар қалааралық блокбекеттерден өте алады. Бірақ Теміртау қаласы 2 сәуірден бастап толық жабылған. Тұрғындардың қаладан шығуына тыйым салынған.
Алматыда коронавирус жұққан алты адам жазылып шықты
Алматыда коронавирус жұққан алты адам - бес әйел, бір ер адам жазылып шықты деп хабарлады coronavirus2020.kz сайтының Телеграм арнасы.
"Екеуі 16 наурызда Стамбулдан келген, екеуі - 10 наурызда Мәскеу - Алматы рейсімен ұшып келген. Бір адам 13 наурызда Берлиннен оралған. Бір адамға науқастардан коронавирус жұққан" делінген хабарламада.
Алматыда барлығы 19 адам жазылып шыққан. 14 күндік үй жағдайындағы карантинге жіберілген.
Қалалыұ қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қалада барлығы 109 адамнан коронавирус табылған. 77 науқастың жағдайы - орташа. Екі ересек науқастың халі өте ауыр, бір адамның жағдайы - ауыр. 11 адамның жағдайы - орташа ауыр.
4 сәуірде таңертең денсаулық сақтау министрлігі қалада 16 адамнан вирус табылғанын хабарлаған болатын. Олардың бірі жағдайы ауыр күйде ауруханаға түскен.
Қала бойынша 655 адам (83 бала) провизорлық орталықтарда жатыр. 4411 адам үй карантинінде.
Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (202) кейін екінші тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.
Түркіменстан басшысы алғаш рет коронавирус туралы айтты
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жұрттың көзінше алғаш рет коронавирус сөзін айтты.
"Коронавирус әлемде өршіп жатыр және мұнай-газға бай Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізіп жатыр" деді 3 сәуірде түркімен басшысы.
Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, Бердімұхамедов коронавирустың таралуына жол бермеу қажеттігін айтқан. Алайда Түркіменстандағы коронавирус ахуалы туралы ештеңе айтпаған.
Постсоветтік авторитарлық республика пандемияға байланысты "үнсіздік танытып келеді". Билік елдегі коронавирус ахуалына байланысты бірде-бір рет мәлімдеме жасаған жоқ. Осылайша халықаралық қауымдастықтың күдігін ұлғайтқан.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының хабарлауынша, пандемия туралы ақпараттың жаппай таралуынан сескенген билік коронавирус сөзін айтудан қашқақтайды.
"Көшелерде коронавирус сөзін айтуға тыйым салып, ресми құжаттар мен БАҚ-та жазуға тыйым салған Түркіменстан үкіметі азаматтардың басын қауіп-қатерге тігіп отыр" деді штаб-пәтері Парижде шоғырланған сөз бостандығын қорғау жөніндегі ұйым.
Билік 1 сәуірден бастап қызмет көрсету орталықтарын, сауда орындарын, наубайханаларды жаба бастаған. Мектепте оқушылардың көктемгі демалыс уақыты созылған. Көшеде мамандар жұрттың дене қызуын өлшей бастаған. Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөздері елде коронавирус жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп келе жатқанын, бірақ билік хабарламай отырғанын айтады.
Халықаралық нарықта шикізат құнының арзандауына байланысты Түркіменстан экономикасы қиындыққа ұшырады.
Орталық Азия аймағында Тәжікстанда да билік коронавирус барын жоққа шығарып келеді.
Нұр-Сұлтанда тағы бір адам дерттен айықты
Нұр-Сұлтанда бір адам Covid-19 дертінен айықты. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қазір Қазақстанда 36 адам аурудан жазылды. Оның 19-ы Алматы қаласында, 17-сі Нұр-Сұлтан қаласында. Елде барлығы 500 адамнан вирус табылды. Төрт адам қайтыс болды.