Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

23:28 3.4.2020

Қазақстандағы 3 сәуірдегі жағдай жайлы 9 ақпарат

Құрметті оқырман Қазақстандағы 3 сәуірдегі жағдай жайлы маңызды ақпаратты тағы бір мәрте еске саламыз.

  • Қазақстанда 3 сәуірде 29 адамнан коронавирус табылды. Елде вирус жұқтырғандар 646 адамға жетті. 29 адам дерттен айықты. Үш адам қайтыс болды.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вирус жұқтырғандар арасында 28 медициналық қызметкер бар.
  • Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілген қатаң карантиндік шаралардың арқасында коронавирустың таралу деңгейі тұрақтанды. Вирус жұқтырғандар саны күніне 30 пайыздан аспайды. Эпидемияның деңгейі төмендеп келеді.
  • Қазір Covid-19 дертіне шалдыққан 11 науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқастың жағдайы өте ауыр. 68 адамның жағдайы орташа, 341 адамның жағдайы жақсы я симптомы жоқ.
  • Қазақстанда вирус жұқтырған 450-ден астам науқаспен 13467 адам байланыста болған. Олардың арасында 442 адам елден шығып кеткен. 13025 адам Қазақстанда. Қазір вирус жұқтырғандармен байланыста болған 96,7% оқшауланған.
  • Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған үшінші адамның отбасында тұсаукесер және құдалық болған. Осы тойда болған тоғыз адамнан 2 сәуірде коронавирус анықталды. Оның сегізі – Шымкент қаласында, біреуі – Түркістан облысы Сайрам ауданында.
  • Қостанай облысында да бір адамнан коронавирус табылды. Осылайша Қазақстанның барлық аймағында вирус жұқтырғандар бар.
  • Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мәлімдеді. Осылайша Қазақстанда оқушылар сабақты онлайн емес, қашықтан оқиды.
  • Алматы мен Нұр-Сұлтандағы демалыс 13 сәуірге дейін созылды.
09:09 4.4.2020

Түркістан облысында бір адам коронавирустан қайтыс болды

Аппаратты тексеріп тұрған дәрігер. Көрнекі сурет.
Аппаратты тексеріп тұрған дәрігер. Көрнекі сурет.

4 сәуір таңертең денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысында бір науқас коронавирустан көз жұмды деп хабарлады.

Қазақстанда барлығы төрт адам вирустан қайтыс болды. 1 сәуірде Қарағандыда бір науқас көз жұмған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам қайтыс болған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны көз жұмған еді.

4 сәуір таңертең министрлік Қазақстанда 36 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.

Министрліктің дерегінше, Алматыда - 16, Солтүстік Қазақстан облысында - 7, Қарағанды облысында - 4, Түркістан облысында - 4, Атырау облысында - 2, Маңғыстау облысында - 1, Жамбыл облысында 1 адамға вирус жұққаны анықталған.

Елде науқастардың жалпы саны 500 адамға жетті:

  • Нұр-Сұлтанда - 202 адам
  • Алматыда - 109 адам
  • Қарағандыда - 26 адам
  • Атырау облысында - 16 адам
  • Ақмола облысында - 19 адам
  • Алматы облысында - 9 адам
  • Қызылорда облысында - 26 адам
  • Жамбыл облысында - 9 адам
  • Шымкентте - 12 адам
  • Батыс Қазақстан облысы - 2 адам
  • Шығыс Қазақстан облысында - 4 адам
  • Ақтөбе облысында - 7 адам
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 25 адам
  • Павлодар облысында - 1 адам
  • Маңғыстау облысында - 3 адам
  • Қостанай облысында - 1 адам
  • Түркістан облысында - 23 адам.

Коронавирустан 29 адам (Алматыда - 13 адам, Нұр-Сұлтанда - 16 адам) айыққан.​

09:24 4.4.2020

Қырғызстанда алтыншы науқас коронавирустан жазылып шықты

Бішкектегі ауруханалардың бірі. Көрнекі сурет.
Бішкектегі ауруханалардың бірі. Көрнекі сурет.

4 сәуірде Қырғызстанның Баткен облысында коронавирустан бір әйел адам жазылып шықты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Оның айтуынша, науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Әйел қайтадан анализ тапсырып, нәтижесі коронавирус жоғын көрсеткен.

3 сәуір күнгі дерек бойынша, Қырғызстанда 130 адамнан коронавирус табылған. Барлығы 6 адам жазылған. Ноокат ауданында 61 жастағы тұрғын қайтыс болған.

09:56 4.4.2020

Түркістан облысында көз жұмған науқас Жетісай ауданында тұрған

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.

4 сәуірде таңертең Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысында бір науқас коронавирустан көз жұмды деп хабарлады. 1956 жылғы науқас Жетісай қаласында тұрған. Наурыз айының ортасында Алматы облысының Қарасай ауданында қонақта болып, 15 наурызда үйіне оралған.

26 наурызда дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Үш күннен кейін жағдайы нашарлағаннан кейін инфекциялық ауруханаға жатқызылып, анализ тапсырған. Коронавирус бары анықталған.

Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, науқастың диагнозында қант диабеті, қан қысымы болған. Ол "Алматыда болғанын дәрігерлерден жасырған" дейді басқарма өкілдері. Онымен байланыста болған 25 адам анықталған.

Түркістан облысында барлығы 23 адамнан вирус анықталған. Коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб дерегінше, Жетісай ауданында - 11, Кентау қаласында - 2, Арыс қаласында - 1, Мақтаарал ауданында - 1, Ордабасы ауданында - 1, Сайрам ауданында - 2, Сарыағаш ауданында - 1 адамнан вирус табылған. Олардың барлығы бұрын COVID-19 табылған науқастармен байланыста болған. Қазір олардың бәрі оқшауланған. Бұл науқастармен байланыста болған адамдар анықталып жатыр деп хабарлады жергілікті денсаулық сақтау басқармасы.

Штабтың хабарлауынша, облыста шектеу шаралары күшейтілген. Азаматтардың үйден шығуына тыйым салынады. Облысаралық, ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Қоғамдық көліктен таңертеңгі сағат 6-дан бастап кешкі 20.00-ге дейін істейді. Барлық азаматтарға маска тағу міндеттелген. Қалада залалсыздандыру жұмыстары жүреді. Азық-түлік базарлары таңертеңгі сағат 10-нан бастап кешкі 17.00-ге дейін істейді. Сол сияқты дүкендердің де жұмыс уақыты 20.00-ге дейін қысқарған.

Тағы

XS
SM
MD
LG