Алматыда екі науқас жазылып шықты
Алматыда коронавирус жұққан екі әйел жазылып шықты деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев.
"66 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Екі ересек адамның жағдайы ауыр, 11 адамның жағдайы - орташа ауыр. Бүгін инфекциялық стационардан екі науқас жазылып шықты. Екі әйелдің бірі 15 наурызда Стамбул - Алматы, екіншісі Египеттен 22 наурызда ұшып келген" деп хабарлады ол.
Қалада жалпы 13 адам жазылып шыққан. Екеуі - бала.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, шамамен 600 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қазір екі адам сондай аппаратпен тыныс алып жатыр.
Басқарма дерегінше, қазір провизорлық орталықта 613 адам (79 бала) карантинде жатыр. Екі күндік карантинде - 446 адам, үй карантинінде 4411 адам жатыр.
Алматыда жалпы 93 адамнан коронавирус табылған.
Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (199) кейін екінші орында тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.
Алматы мен Нұр-Сұлтанда демалыс 13 сәуірге дейін созылды
Төтенше жағдайда құрылған мемлекеттік комиссиясы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы демалысты 13 сәуірге дейін созды. Демалыс кезінде халық жұмыс істемейді, көшеге тек азық-түлік, дәрі-дәрмекке ғана шыға алады. Дәрігерлер, полицейлер, коммуналдық қызметкерлер ғана жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік комиссия Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте тез салынатын аурухана тұрғызу туралы шешім қабылдаған.
Мемлекеттік комиссияның шешіміне сай, Шымкент те 4 сәуірден бастап карантинге жабылмақ. Қазір Қазақстанның барлық облысында карантинде я шектеу қойылған.
Қазір Қазақстанда 453 адамнан вирус табылды. 29 адам (Алматыда 13 науқас, Нұр-Сұлтанда 16 науқас) Covid-19 дертінен айықты. Үш адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрі Біртанов брифингте не айтты?
3 сәуірде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов брифинг өткізді. Министрдің айтқан деректерін шолып шықтық.
- Қазақстанда 28 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан.
- Қазір Covid-19 дертіне шалдыққан 11 науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқастың жағдайы тым ауыр. 68 адамның жағдайы орташа, 341 адамның жағдайы жақсы я симптомы жоқ.
- Қазақстанда вирус жұқтырған 450-ден астам науқаспен 13467 адам байланыста болған. Олардың арасында 442 адам елден шығып кеткен. 13025 адам Қазақстанда. Қазір вирус жұқтырғандармен байланыста болған 96,7% оқшауланған.
- Вирус тараған ошақтар ауылдарда да бар.
- Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілген қатаң карантиндік шаралардың арқасында коронавирустың таралу деңгейі тұрақтанды. Вирус жұқтырғандар саны күніне 30 пайыздан аспайды. Эпидемияның деңгейі төмендеп келеді.
- Авторы: Дилара ИСА
Шымкентте науқастың бірі той жасаған. 9 қонақтан вирус табылды
Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған үшінші адамның отбасында тұсаукесер және құдалық болған. Осы тойда болған тоғыз адамнан 2 сәуірде коронавирус анықталды. Оның сегізі – Шымкент қаласында, біреуі – Түркістан облысы Сайрам ауданында. Бұл туралы Азаттыққа Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев айтты.
Шымкентте үшінші адамнан вирус 1 сәуірде табылған. Қазір той болған үй вирус ошағына айналған. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған жүзден астам карантинде.
3 сәуірдегі мәлімет бойынша, Шымкентте короновирус жұқтырғандар саны 11 адамға жетті. 4 сәуірде Шымкент толық карантинге жабылатыны хабарланды. Наурыздың соңында Шымкентте 24 жастағы ер адамнан вирус табылған. Ол қалаға Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Кейін оның шешесіне де вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы 453 адамнан вирус табылды. 29 адам дерттен айықты. 3 адам қайтыс болды.