Әлемде коронавирус жұқтырғандар миллионнан асты
3 сәуір Алматы уақыты бойынша түнгі бірден өте әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар бір миллионнан, қайтыс болғандар елу мыңнан асты. Бұл туралы АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінде айтылады. Қазір әлемде 1 002 159 коронавирус жұқтырды. Covid-19 дертінен 51485 адам көз жұмды. 208949 адам аурудан жазылды.
АҚШ (236339 адамға жұғып, 5800 адам қайтыс болды), Италия (115242, 13912), Испания (110238, 10096), Франция (59929, 4503), Иран (50468, 3160) қатты зардап шегіп жатыр.
Вирус алғаш таралған Қытайда 82432 адамға вирус жұқтып, 3318 адам көз жұмды. Бірақ кейінгі бір аптада бұл елде вирус жұқтырғандар күрт азайды. Ресми Пекин өткен аптада коронавирусты жеңгенін хабарлаған. Вирус алғаш тараған Хубэй провинциясы 28 наурызда екі айлық карантиннен босатылған.
Қазақстанда 427 адамға вирус жұқты. 27 адам дертінен айықты. 3 адам қайтыс болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 дертін "пандемия" деп жариялаған. Қазір әлемнің көп елінде төтенше жағдай мен карантин.
Филиппин президенті карантин ережелерін бұзғандарды атуға рұқсат берді
Филиппин президенті Родриге Дутерте әскер мен полицияға төтенше жағдай кезінде карантин режимін бұзған адамдарды атуға рұқсат берді. "Мәселе жасағаннан гөрі олардың табытқа барғаны дұрыс" деді Дутерте.
Филиппин астанасы Манила мен өзге қалаларда карантин режимі енгізілуіне байланысты ара-тұра ас-сусыз, ақшасыз, жұмыссыз қалған кедейлердің наразылық акциясы өтіп тұрады. Президент сөзіне түсініктеме берген ұлттық полиция корпусының жетекшісі Арчи Гамбоа "президент дағдарыс кезінде заңның орындалғанын талап отыр" деп Дутертенің мәлімдемесін "жұмсақтауға" тырысқан.
2016 жылы мамыр айында президент қызметіне кіріскен Родриго Дутерте АҚШ және батыс елдеріне қарғыс айту, есірткі сатушылар мен нашақорларды аулау кампаниясы сияқты ебедейсіз қалжың, популистік мәлімдемелерімен жұрттың көзіне жиі түседі.
Соңғы жылдары ол Мәскеумен әскери және дипломатиялық қарым-қатынасты дамытуға тырысып келеді. Ол бірнеше рет Владимир Путинді ерекше қадірлейтінін айтқан.
30 наурыз күнгі дерек бойынша Филиппинде 2600 адамнан коронавирус табылған. 107 адам қайтыс болған.
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 200-ден асты
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 15 адамға көбейіп, 205 адам болды деп хабарлады Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі. Эпидемия басталған уақыттан бері 25 науқас жазылған. Екі адам көз жұмған.
Елде коронавирусқа байланысты 16 наурызда карантин жарияланған. 27 наурыздан бері тұрғындардың үйден шығуына тыйым салынды. Тұрғындар дәрі-дәрмек немесе азық-түлік сатып алу үшін ғана көшеге шыға алады.
27 наурызда коронавирустан 39 жастағы дәрігер қайтыс болған. Франциядан келген науқастан оған вирус жұққан. Ер адам дәрігерлерге бармай, өзін емдеуге тырысқан.
Бір күн бұрын 72 жастағы Наманган тұрғыны қайтыс болған еді. Созылмалы аурумен ауырған әйелге Түркиядан оралған қызынан коронавирус жұққан.
Қазақстанда тағы тоғыз адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 3 сәуір таңертеңгі сағат 9.40-та тағы тоғыз адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Атырау облысында - 1, Солтүстік Қазақстан облысында - 3, Түркістанда - 3, Ақтөбе облысында - 2 адамға вирус жұққаны анықталған.
Жалпы науқастар саны 444 адам болды:
- Нұр-Сұлтанда - 199 адам
- Алматыда - 91 адам
- Қызылорда облысында - 26 адам
- Қарағандыда - 21 адам
- Атырау облысында - 20 адам
- Ақмола облысында - 19 адам
- Шымкентте - 11 адам
- Солтүстік Қазақстан облысында - 14 адам
- Түркістан облысында -14 адам
- Алматы облысында - 9 адам
- Жамбыл облысында - 6 адам
- Ақтөбе облысында - 7 адам
- Батыс Қазақстан облысы - 2 адам
- Шығыс Қазақстан облысында - 3 адам
- Павлодар облысында - 1 адам
- Маңғыстау облысында - 1 адам
Вирустан 27 адам айыққан. 3 адам қайтыс болған. Қазір елдің басым бөлігінде карантин жарияланған. Адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылған.