Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:41 2.4.2020

АҚШ барлау қызметі: Қытай коронавирус індетінің шынайы таралу ауқымын жасырды

Маска таққан адам. Қытай, Ухань қаласы, 31 наурыз 2020 жыл.
Маска таққан адам. Қытай, Ухань қаласы, 31 наурыз 2020 жыл.

Қытай билігі коронавирус індетінен көз жұмғандар мен вирус жұқтырғандар туралы ресми деректі бұрмалаған. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Ақ үйге құпия баяндамасын таныстырған Америка барлау қызметі осындай қорытындыға келген.

Bloomberg агенттігінің дереккөзі баяндама туралы қосымша ақпарат бермеген. Қытай билігі Ухань қаласында желтоқсан айында тараған вирустан 3300 адам көз жұмды, 82 мыңнан астам адамға вирус жұқты деп мәлімдеген еді.

АҚШ-та 200 мыңнан астам адамға вирус жұққан, төрт мыңнан астам адам қайтыс болған.

"Қытай ашық болғанда жағдай әлдеқайда жақсырақ болар ма еді. Қытайда вирус пайда болғаны туралы ақпарат әлемге таралғанға дейін эпидемия бір ай бұрын басталған болуы мүмкін" деді сәрсенбі күні АҚШ вице-президенті Майк Пенс. Президент Трамп Америка барлау қызметінің баяндамасымен әлі таныспағанын айтып, Пекин берген деректі "жұмсақтап айтқанда толық емес" деп атады.

Эпидемияның шынайы ауқымын көрсету коронавирустың таралуын модельдеу үшін маңызды және онымен күрестің тиімділігін бағалау үшін өте қажет. Сейсенбі күні коронавируспен күрес жөніндегі Трамптың кеңесшісі, иммунолог Дебора Биркс Пекин берген ақпарат коронавирустың таралу жылдамдығы мен даму табиғатына әсер етті деп айтты.

Уханьдағы жерлеу мекемелерінің өртелген мәйітті салатын сауытқа көп тапсырыс бергені туралы дерек бар. Туыстарының күлін алу үшін мекеме алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Бұл коронавирустан өте көп адамның қайтыс болғанын дәлелдейді. Кейбір дерек бойынша, Қытайда вирустан қайтыс болғандар саны 40 мыңнан асып кеткен.

10:56 2.4.2020

Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылды

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.

Қызылорда қаласы және Жаңақорған ауданы карантинге жабылды деп хабарлады Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова.

"Қазіргі уақытта облыс бойынша инфекция жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Оның ішінде Қызылорда қаласында – 6, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 2, Шиелі ауданында 2 оқиға тіркелген. Қазір Қызылорда, Жаңақорған аудандары карантинге жабылды" деді Гүлшара Әбдіхалықова бейсенбі күнгі брифинг кезінде.

Оның айтуынша, адамдар мен көліктер қозғалысына шектеу қойылған. Қызылордаға кіретін аумаққа төрт блокпост қойылған. Облыс аумағының шекарасында үш бақылау-өткізу пункті істеп тұр.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 403-ке жетті. 2 сәуірде таңертең министрлік 16 адамнан вирус табылғанын хабарлаған.

Қызылорда облысы - вирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұр. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыста бір отбасында сегіз адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған еді.

11:42 2.4.2020

Алматыда екі науқас жасанды аппаратпен демалып жатыр

Алматыда коронавирусты анықтайтын лабораториялардың бірі.
Алматыда коронавирусты анықтайтын лабораториялардың бірі.

Алматыда коронавирус жұққан екі науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл туралы 2 сәуірде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

"Аппаратқа қосылған бір науқаста обструктивті өкпе ауруы мен антибиотиктерге аллергиялық реакциясы бары анықталды. Екінші науқаста пневмония бар. Сол себепті жағдайлары ауыр" деді Әбілдаев.

Оның айтуынша, Алматыда коронавирус жұққан 80 науқастың 68-інің жағдайы - қанағаттанарлық, он адамның жағдайы - орташа ауыр. Бір адам жазылып шықты.

Қалада науқастармен байланыста болған 619 адам (81 бала) провизорлық стационарда жатыр. Үй карантинінде 3853 адам бар.

Алматыда жалпы 90 адамнан коронавирус табылған. 11 адам жазылған. Олардың арасында 2 жасар бала да бар.

Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (191) кейін екінші орында тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.

12:36 2.4.2020

Қарағандыда қайтыс болған ер адамның жақындарынан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2 сәуірде Қарағандыда алты адамға коронавирус жұққаны анықталған еді. Науқастардың арасында Теміртауда нотариусте жұмыс істеген жақында вирустан қайтыс болған ер адамның туыстары да бар.

"Қайтыс болған адамның отбасы мүшелері - үш адам инфекциялық боксқа жатқызылды. Карантиндік стационарда жатқан екі науқастан да вирус табылып, инфекциялық боксқа жатқызылды. Тағы бір адам - үй карантинінде болған, қазір оны ауруханаға жатқызып жатыр. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Үй карантинінде болған адаммен байланыста болған адамдар анықталып жатыр" деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Биліктің хабарлауынша, марқұммен шамамен 200 адам байланыста болған: 54 адам провизорлық карантинге жатқызылған, 150 адам - үй карантинінде. 2 сәуір күнгі дерек бойынша, Қарағандыда 21 адамнан вирус табылған.

Қарағандыда коронавирустан ер адам қайтыс болғаннан кейін Теміртау қаласының аумағына блокбекеттер қойылып, қоршалды. Тұрғындарға қаладан шығуға тыйым салынды. 2 наурызда таңертең Теміртауда дауыс үдеткіші бар арнайы көліктер жүріп, қалада карантин режимі орнағанын, тұрғындарға карантин ережелерін қатаң сақтап, үйде қалуға кеңес берді. Көшеде адамдар қарасы азайды.

Бұған дейін Қарағанды облысында Қарағанды қаласы, Абай, Саран, Шахтинск қалалары карантинге жабылған еді. Блокбекеттерде арнайы жасақ, санитарлық қызмет өкілдері, әскерилер жүр.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, медициналық, санитарлық қызмет, құқық қорғау орган өкілдері, құтқарушылар жүк көліктері мен инкассаторлар, ғұрыптық қызмет көрсету мамандары блокбекеттерден өте алады. Мұндай жағдайда олар қызметтік куәлігі немесе жұмыстан анықтама көрсетуі керек. Блокпостардан өтетін адамдарда медициналық маска, резина қолғап, антибактериялық гель болуы керек.

Тағы

XS
SM
MD
LG